Саясат • 27 Желтоқсан, 2022

Шахматтан әлем чемпионаты басталды

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шахматтың рапид және блиц түрлері бойынша кезекті әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан ойлылар ойынына ерлер арасындағы әлемдік рейтингтің көшбасшысы норвегиялық Магнус Карлсен және әйелдер арасындағы даңқты шахматшы Александра Горячкинадан бөлек, жер-жаһанның әр қиырынан жиналған 250-ге тарта ойыншы қатысып жатыр.

Шахматтан әлем чемпионаты басталды

Чемпионаттың ресми ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және тағы басқа жа­рыстың ресми тұлғалары қа­тысты. Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сө­зін оқып берді.

Жалпы, 1998 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан шахматшылардың әлем чемпионатына қатысу бақыты кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Сондықтан ұйымдастырушылар жылдың ең маңызды турниріне тек жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп, өз мықтылығын дәлелдеген шахматшыларды ғана шақырады. Яғни ерлер арасындағы әлем біріншілігіне қатысу үшін олардың әлемдік рейтингтегі ұпайы 2550-ден аз болмауы керек. Ал әйелдер арасындағы додаға қатысу үшін шахматшы қыздарға жыл бойы 2250 ұпай жинау қажет болады.

Алатау баурайында алғаш рет өтіп жатқан дүбірлі до­да­ның ерлер арасындағы бәсекесінде Магнус Карлсен (Норвегия, желтоқсан айын­дағы әлем рейтингіндегі ұпайы 2859), Хикара Накамура (АҚШ, 2768), Фабиана Каруана (АҚШ, 2766), Ян Непомнящий (FIDE, 2793), Аниш Гири (Нидерланд, 2764), Александр Грищук (ФИДЕ, 2745), Шахрияр Мамедяров (Әзербайжан, 2740), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша, 2729), Юй Янъий (Қытай, 2728) және былтыр Польшада өткен әлем чемпионатының қазіргі чемпионы – Максим Вашье-Лаграв (Франция, 2737, Блиц), сонымен қатар басқа да атақты шахматшылар сынға түсіп жатыр.

Ал әйелдер арасында Александра Горячкина (ФИДЕ, 2584), Катерина Лагно (ФИДЕ, 2563), Хампи Конеру (Үндістан, 2572), Тан Жонгуй (Қытай, 2518), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2517), Харика Дронавали (Үндістан, 2507), Жансая Әбдімәлік (Қазақстан, 2496), Сарасадат Хамедальшарьех (Иран, 2490), Антоанета Стефанова (Болгария, 2442), қазіргі чемпиондар Александра Костейнюк (ФИДЕ, 2520 – рапид) және Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2440) сияқты даңқты спортшылар және де басқа да мықты шахматшылар ойнайды.

Бибісара Асаубаевадан бөлек, биылғы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасынан Ринат Жұмабаев, Жансая Әбдімәлік (рейтингте 2496 ұпайы бар), Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева (2440 ұпай), сонымен қатар Гүлісхан Нақбаева, Қазыбек Нөгербек, Әсел Серікбай сынды 40-тан аса отан­да­сымыз қатысып жатыр.

Турнирді ұйым­дас­тыру­шы­лар –­ Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Қазақстан шахмат федерациясы. Әлем біріншілігі Алматы қаласы әкімдігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 1 млн АҚШ долларын құрап отыр.