Оқиға • 27 Желтоқсан, 2022

Спорт саласының үздіктері анықталды

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Жеңімпаз рухы» ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Спорт саласының үздіктері анықталды

Салтанатты кеш барысында министрлік тарих қойнауына еніп бара жатқан 2022 жылды қорытындылап, халықаралық ареналарда Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды көкте желбіреткен спортшыларды марапаттады. Сондай-ақ олардың бапкерлері мен спорттың сан түрлі саласында Қазақ спортының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ. Сонымен қатар Мәдениет және спорт минис­тр­ілігі спортшылардың айту­лы жеңісін БАҚ арқылы насихаттап жүрген спорт журналистерін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Сонымен, іс-шараның қо­ры­тындысы бойынша әйел­дер күресінен екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Жәмила Бақ­бергенова (жазғы спорт түр­лерінен) мен Бейжің Паралим­пиадасының қола медаль иегері Александр Герлиц (қысқы спорт түрлерінен) «Жылдың үздік спортшысы» атанса, олардың жеке бапкерлері Нұрсұлтан Теміров (жазғы) пен Антон Жданович (қысқы) «Жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымына ие болды. Сондай-ақ Ұлттық коньки тебушілер фе­дерациясы – «Жылдың үз­дік аккредиттелген спорт феде­рациясы», Атырау облысы «Мүгедектердің спорт ұйы­мы» – «Жылдың үздік спорт мекемесі», Қарағанды об­лысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Жылдың үздік спорт өңірі», Дастан Балабеков – «Ауылдағы үздік жаттықтырушы», Ирина Новикова мен Елена Галиц – «Дене шынықтыру және спорт бөлімінің үздік маманы», Самат Сапишев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы», «Қуа­ныш» волейбол клубы – «Ойын түрлері бойынша үздік спорт командасы», Бекжан Адамбеков – «Ауылдағы үздік дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері», Елена Ры­бакина – «Жыл жаңалығы», Қайырбек Хамзин – «Жылдың үздік меценаты» және Алан Құрманғалиев (үстел теннисі), Евгений Федоров (велоспорт), Мария Бровкова (каноэде ескек есу) – «Жастар мен жас­өспірімдер арасындағы үздік спортшы» деп танылды.

Ал жылдың ең үздік спорт журналисіне берілетін «Сейдахмет Бердіқұлов атында­ғы үздік спорт журналисі» ата­лымы бойынша «Egemen Qazaqstan» тілшісі Ғалым Сүлей­мен үздік шықты. Сон­дай-ақ Аслан Қаженов (Үздік те­ле­визиялық репортаж) пен Бек Төлеуов (Үздік жарияланым) те жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Айта кетейік, жеңімпаздар Мәдениет және спорт министр­лігі тарапынан бір миллион тең­ге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.