Хоккей • 27 Желтоқсан, 2022

Буллитте басым түсті

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын елордада өткізіп, Екате­ринбургтің «Автомобилист» клубын буллит сериясында жеңді.

Буллитте басым түсті

Жерлестеріміз кездесудің алғашқы минуттарын сәтті бастағанымен, кейіннен ойын тізгінін қарсыластарына беріп қойды. Матчтың үшінші минутында Кирилл Савицкий есепті ашса, 12-минутта Анатолий Голышев таразы басын теңестіріп үлгерді. Екінші кезеңді «Автомобилист» хоккейшілері сәтті бастады. Алғашқы төрт минутта Сергей Широков пен Данил Романцев екі мәрте мергендік танытып, қонақтар ә дегеннен есепте алға ұзап кетті – 3:1. Дегенмен «Барыс» хоккейшілері тез арада қарымта қайтарып, үзіліске дейін таблодағы көрсеткіштік теңестірді. Жерлестерімізден Майкл Шапю мен Никита Михайлис мергендік танытты. Үшінші кезеңде екі команданың ойыншылары да бір-бір мәртеден көзге түсіп, ойын овертмайға ұласты.

Бірақ қосымша минутта да шайба соғылмаған соң, жеңімпаз команданың есімі буллиттер сериясында анықталды. Бұл сында елордалықтардың бағы жанды. Жеңіс голын Никита Михайлис соқты.