Спорт • 28 Желтоқсан, 2022

Алтынды «атып» алды

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа қаласында са­дақ атудан Азия кубогінің үшінші кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл сында қазақ­стан­дық спортшылар бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

Алтынды «атып» алды

Сары құрлық бәсекесінің соңғы күнінде қазақстандық Ильфат Абдуллин жекелей бәсекенің (классикалық түрінен) финалында бангладештік Мұхаммед Хәкім Ахмет Рубельді 6:4 есебімен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ құрамында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Санжар Мұсаев бар Қазақстанның ерлер командасы (классикалық сайыс) қола жүлде үшін өткен бәсекеде Бангладеш садақшыларын 6-2 есебімен тізе бүктіріп, Азия кубогінің қола жүлдесіне ие болды.

Ал жарыстың алғашқы күнінде құрамалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуде Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола медаль олжалады. Осылайша, жерлестеріміз садақ атудан Азия кубогінің үшінші кезеңін 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді.