Өткен турда «Шығыс» конференциясының көшбасшысы «Автомобилисті» буллитте тізе бүктірген жерлестеріміз бұл жолы турнир кестесінде төртінші орында келе жатқан «Авангардтан» жеңіліп қалды. 10 мыңнан аса көрермен жиналған Омбыдағы «G-Drive Арена» мұз айдынында өткен матчта жанкүйер жеті шайбаның куәсі болды – 5:2.
Айдын иелерінен бірінші кезеңде Никита Михайлов пен Иван Мирошниченко, екінші кезеңде Сергей Толчинский мергендік танытса, үшінші 20 минуттықта Александр Дергачёв пен Алекс Броадхёрст өз аттарын таблоға жаздырды. Ал «Барыс» сапынан бірінші кезеңде Линден Вей, екіншісінде Егор Петухов гол соқты.
«Барыс» келесі ойынын бүгін Новосібірде жергілікті «Сибирь» клубымен өткізіп, 2022 жылды сырт айдындағы матчпен түйіндейді.