Қоғам • 28 Желтоқсан, 2022

Ғасыр жасаған ғалым

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ғылым ордасында» Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітовтың 100 жасқа толуына арналған мерейтойлық шара өтті.

Ғасыр жасаған ғалым

Алқалы жиынның ашылуында мерекелік шараны ұйымдастырған Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ректоры Нұрлан Жайнақбаев құттықтау сөз сөйледі.

«Ғалымның жүріп өткен жолын, еңбектерін еліміз ғана емес, достастық елдері де ғибратты естеліктермен еске алатыны сөзсіз», деді Нұрлан Жайнақбаев.

Жиын барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов министрдің арнайы құттықтау хатын оқып, Зұлқайнар Сейітұлына «Ел қорғаны» медалін табыс етті.

«От пен оқтың арасынан аман келіп, ғылым жолына саналы ғұмырын арнаған ғалымның еткен еңбегі, жеткен жетістігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге», деді өз сөзінде М.Таласов.

Жиынға келгендер профессор Зұлқарнай Сейітовтың өмір жолына қатысты фильм көріп, ағылшын тілінде жарыққа шыққан «Biochemistry» еңбегімен танысты. Бұл еңбек өткен ғасырдың 80-ші жылдары орыс, кейіннен қазақ тілінде жарық көріп, ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алғаны белгілі. Осы еңбегі үшін профессор «Платиналы Тарлан» сыйлығымен марапатталған.

вп

Ғалымның бұл еңбегін «классикалық, медициналық еңбек» деп атап өткен М.Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Камалиден Шариповтың айтуынша, қазақ халқының басынан кешкен нәубет жылдарды, ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарын басынан өткеріп, ұлттық ғылым ісінің дамуына әлі күнге дейін үлес қосып келе жатқан ардагер-ғалым Зұлқарнай Сейітовтің бұл еңбегі жаһандық сын-тегеуріндерді басшылыққа алады. Ағзадағы зат алмасу  үрдісінен бастап, жүйке жүйесі, дәнекер ұлпасы, бауыр биохимиясын сипаттайтын «Биохимия» еңбегін Қазақстан-Ресей универститеті  ағылшын тілінде жарыққа шығарып отыр.

«Биохимия» еңбегінің авторы бүгінде еліміз ғана емес шетелдің ғылыми қауымдастығына ұлттық сусындардың пайдасы, «Қазақ бальзамдары» мен «Алтынсу» емдік сусындарымен кеңінен мәлім. Ол дүние жүзінде алғаш рет биологиялық қасиеттерін сақтай отырып, қымыз бен шұбатты дайындау және ұзақ уақытқа дейін сақтау технологиясын, сонымен қатар бие, түйе сүтін құрғақтай пайдалану әдістерін дәлелдеді.

Жиында мерейтой иесіне зор құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды. 

 

АЛМАТЫ