Ғылым • 29 Желтоқсан, 2022

Жаңа ғылыми-зерттеу институты ашылды

573 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Жаңа ғылыми-зерттеу институты ашылды

Аталған іс-шара аясында «Әлем­нің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I ха­лық­аралық ғылыми конгрес өтіп, қатысушылар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады. Конгрестің мақсаты – түрлі ғылым саласы өкілдерін түркітану және алтайтану сала­сын­дағы зерттеулерді жинақтауға және түркілік мұраларды зерттеу жұмыстарын одан әрі жал­ғастыруға жұмылдыру.

Алқалы жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің зерттеуші ға­лымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты. Уни­вер­ситет ректоры Жансейіт Түй­мебаев білім ордасындағы Түр­кітану және алтайтану ғы­лы­ми-зерттеу институтының жұ­мы­сына тоқталды.

«Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр түркі мәдениетінің ғасыры болады» деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Түркі әлеміндегі ілім-білім тарихының басында тұрған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхамед Бабыр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри сынды тарихи тұлғаларымыздың еңбектері бүгінгі ұрпаққа жет­ті. Кейінгі он жыл ішінде түркі­тіл­дес мемлекеттердің ын­ты­­мақ­тастығы ерекше дами түс­ті. Түркологияның өзекті мәсе­ле­лері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түп­нұс­қадан қайта оқу, түркі тіл­де­­рінің сабақтастығын көрсету. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түр­кологияның мамандық ре­тін­де оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінгі конгресс аясында Түркітану және алтайтану ғы­лыми-зерттеу институтын ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады», деді Ж.Түймебаев.

Пленарлық оты­рыста Ха­­лық­аралық Түркі акаде­мия­­сының президенті, тарих ғы­лым­­дарының докторы, Әзер­байжан Ұлттық ғылым ака­де­­­­­миясының академигі Шахин Мұстафаев, Сумгайт мем­лекеттік университетінің ғылым және инновация жөнін­дегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет онлайн форматта құттықтау сөз сөй­леп, жиынның маңыздылығын атап өтті. Соны­мен қатар ТҮРК­СОЙ бас хат­шысының кеңес­шісі Қайрат Мұқанов, ҰҒА Халықаралық «Qazaq tili» акаде­миясының президенті, Халық­аралық түркология орталы­ғының төрағасы Ерден Қажыбек баяндама жасады. Сондай-ақ басқосуда Қазақстандағы түркітілдес елдер елшіліктерінің өкілдері де сөз сөй­леп, пікір алмасты.

Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, Әл-Фараби кітапханасының қо­рында 600-ден аса қолжазба то­лық зерттелмеген. Қазіргі таң­да институт мамандары атал­ған қол­жазбаларды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын қолға алды.