Ол 2021 жылдың тамыз айының 29-ы күні кенеттен болған жүрек талмасынан өмірден озды. Көзден кетсе де көңілден кетпеген Несаға туралы естеліктерді, жылы пікірлерді әріптестері, оның қамқорлығын көрген жас қаламгерлер, жалпы оқушы қауымы үлкен ілтипатпен еске алып, үзбей айтып жүр.
Несіпбек Дәутайұлы әдебиетке үлкен дайындықпен келген, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, жіті зерделеп, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынасты биік эстетикалық-философиялық өлшем тұрғысынан бағалап, романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан-дүниесін байытатын, әдеби тәсілдерді жете меңгерген қазіргі заманның қаламгер-қайраткері еді. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шебер-ақ. Суреткердің кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайды, образдары да, қызметтері де, мінездері де, көзқарастары да, іс-әрекеттері де, тыныс-тіршілігі де, тағдырлары да әралуан жандар.
Бір байқағанымыз, автор әрбір шығармасына қазіргі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын бүгінгі күннің білгір сарапшысына айналды. Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтымды, тартымды, әсерлі баяндауында емес пе?
2009 жылы «Ан-Арыс» баспасынан екі томдық («Айғыркісі» мен «Мінез») таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге мол роман мен әңгімелер, хикаялармен ұшырасып, оқушысын еріксіз басқа бір сырлы әлемге жетелеп кете береді. Қаламгердің қолтаңба ерекшелігі сол, кез келген шығармасы қоғамда болып жатқан кесір-кесапаттың құбылыстарын көлденең тартып, оқырманды содан ескертеді.
Мәселен, «Айғыркісі» әңгімесінің жөні бөлек, бұрын-соңды жазылмаған тақырып. Жылқы образында берілген қаратөбел «айғыркісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады. Шығарманың лейтмотиві – қазіргі қитұрқы заманның жетегіне ілесіп кейбір пенделердің адамдық кейпін жоғалтып алу алдында тұрғаны. Автор өз кейіпкерлері – Жалғас пен «айғыркісі» арқылы заманның ащы запыранын, қазіргі өмір шындығын жайып салады. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенімсіздікпен, баз бірі күдікпен қараса, бірте-бірте әңгіме желісіне еніп, ондағы сюжет пен детальдар тайталас, тартыс оқиғалармен күрделеніп жүрегіңді жаулап алады. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ туралы ой тастап, оқырманын сұмдық ойландырады. Шығармада селкеулік, солғындық жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүддесіне орай тіршілік етіп жатқан ортада, қоғамда адами қасиеттер де құбылып, адамның бет-бейнесі, ой-өрісі де өзгеріске ұшырайды екен. Тәсілқой, жаңашыл автордың бұл шығармасы бұрынғы туындыларынан ерекше дүние екенін атап өткен жөн.
Бұл екі кітапқа енген әрбір әңгіме шағын роман жүгін көтеріп тұр. «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Дударай», «Мінез», «Архитектор», «Құмға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме», «Тілалшақ», «Репитиция» әңгімелері тағылымы мол, кесек-кесек дүниелер. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін пендені әр қырынан – шым-шытырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері шебер суреттелген ойлы, астарлы, қатпарлы туындылар. Әрбірінде шындық, ақиқат оты маздап тұр.
Жазушының «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – бәрін ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап көпшілік ел-жұрттан жырақта – құлан түз далада жыл он екі ай жалғыздан-жалғыз тұрып, тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Өмірдің бар рахаты тек мал, дүние жинау ма? Қалың ойға қаласың…
Ал «Мінез» әңгімесін оқып отырып, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет дейсің. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жөн. Егер олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең. Біреудің аузына қарап, айтқанын орындап, «тақсыр, ләппай!» деп жалпақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мүсәпірлік.
«Тілалшақ» атты әңгімесі қазіргі билік иелері қасында «ләппай, тақсыр!» деп жайылып төсек, жиылып жастық болумен күн өткізіп жүрген жалтақ, жігерсіз жүздеген жандарға деген ащы кекесін, өткір сын. Жазушы бұл шығармасы арқылы қазіргі қоғамдағы жағымсыз әрекеттерді тартымды әрі сенімді бейнелейді. Оның бас кейіпкері – Құлболды абыройлы, атақ-даңқты дөкейлердің киімдерін көтерумен, чемодан-жүктерін тасып, жатқызып, тұрғызумен күнін өткізеді. Ақырында әйелі балаларын ертіп, мұны жалғыз тастап кетеді. Құлболды сияқты сандаған жастар қазір де «барып кел, алып кел, тауып келмен» жүргені, болашағын зерделей алмай алтын уақытын бос өткізіп жатқаны жасырын емес.
Осыдан 15 жыл бұрын «Жамбыл» атты республикалық әдеби-танымдық журнал ашып, оның бас редакторы қызметін Несіпбек өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен атқарды (өзі кеткеннен кейін белгісіз себептерден журнал шықпай қалғаны өкінішті). Еліміздің белді қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың сиясы кеуіп үлгермеген шығармаларын журнал бетіне жариялап, оқырмандарын жаңа, тың, тартымды туындылармен әркез қуантып жүрді. Сөйтіп, өзінің тек шебер қаламгер екенін білдіріп қоймай, қолынан көп іс келетінін, ұйымдастыру қабілетінің де зор екенін мойындатты. Еліміздің жазушылары мен оқушылары Н.Дәутайұлының еңбегін орынды бағалады, құрметтеп, сыйлады. Таразға келген ақын мен жазушылар ат басын бұрып сөзіне берік, ісіне адал Несағаға сәлем берді, онымен дидарласуға ынтық болды. Сырласатын, сыйласатын қаламгерлер әркез аз болмады.
Әулиеата өңіріндегі қолына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарды жанына топтастырып, әрдайым қолдап, шығармашылығына жол ашып отырды, республикалық басылымдарда өлеңдерінің жариялануына себепкер болды. Таланттыларын танып, республикалық жыр бәйге-байқауларына, мүшәйраларына қатыстырып, қамқорлығына алды, олардың алғашқы кітаптарына алғысөз жазып, баспалардан шығуына ықылас көрсетті. Содан болар, болашағы зор тараздық жас ақындар Ерлан, Хамит, Табиғат, Нұржан, Данияр, Арайлым, Нұрболат қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз-аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей пікір алысып жүрді. Жебеп жүріп олардың біразын Жазушылар одағына мүше етті, алғашқы кітаптарын шығартты. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» дегендей талай тараздық жастар қабырғалы қаламгер Н.Дәутайұлы төңірегіне шоғырланып, тәлім-тәрбие жинақтап, әдебиет айдынына батыл «желқайықтарын» салды. Иә, несін айтайық, Несағаның жас таланттарға деген ниеті, қамқорлығы ерекше-тін. Сырт көзге сұсты, қатал, тосын адам болып сезілетін ол қанатының астына талантты жастарды жинап, рухани қолдай білді, жазуға құштарлығын оятты. «Дарынды жастарды көрген сайын жарқыраған жұлдызды көргендей болам», деуші еді жарықтық. Ол да оның көрегенділігі, жастарға деген шынайы көңілі болар, сірә. Расында, ол жастардың арқа сүйер Алатауындай биік, қамқор болған қазыналы Қаратауындай болатын-ды. Ол – кісіні тани білетін, біреудің бойындағы барды бағалай алатын.
Кейде жұмыс соңына қарай жазушының қызмет орнына соғып, бір мезгіл әдебиет жөнінде әңгіме қозғағанымызда ол тек қазақ жазушылары төңірегінде ғана сөз өргізбей, әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің шығармаларын жілік-жілікке бөліп талдағанын қызыға тыңдайтынбыз. «Осының барлығын қай уақытта оқиды, қайдан уақыт табады екен?» деген таңғалысымыз санамызда ойнап, бойымызды билейтін.
Әдебиет әлемін терең меңгерген Несаға кей сәттерде сөзден-сөз шығарып: «Менде бақытты балалық шақ болған жоқ. Тағдыр теперішін аз көрмедім. Әкемнен 5 жасымда айырылып, шиеттей бала-шаға жалғыз шешеміздің қолына қарап қалдық. Ауыр еңбектің бейнетін көріп, қатты қиналып жүрген шешемді аяп, орта мектепті бітірмей-ақ кеңшардың бір шопанына көмекші болып жұмысқа жегілдім. Сөйтіп 7-8 жыл бойы қойдың соңында жүрдім. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Уақытымды бос жібермеуге тырыстым. Жазда Қордай тауының баурайында, Иірсу аймағында, қыста Аңырақайдың құмды бұйраттары мен ұлан-ғайыр жусанды даласында қой бағып жүрсем де үзбей кітап оқыдым, түйсігімді тереңдетіп, бойыма ой жинадым», деуші еді салалы саусақтарымен қалпақ астында бұйраланып, қалың өскен ұзын шашын бір сілкіп қойып. Пәстеу даусымен естеліктерін айтып, ирек-ирек салалы саусақтарына кезекті сигаретасын «іліп» алып, көк түтінін будақтатып ой құшағына берілетін.
Биыл, желтоқсанда Несаға 75 жасқа толар еді. Ол күнге жете алмағаны өкінішті. Қолтаңбасы қайталанбайтын, жазу шеберлігі керемет қарымды қаламгер Несіпбек Дәутайұлының артында қалған көркемдік қуаты мол, шоқтығы биік, ғажап әдеби шығармалары халқымен бірге жасай бермек. Оның куәсі – таяуда жамбылдық жас ақын-жазушылардың «Авангард» клубының кезекті отырысы өмірден өткен қаламгер Несіпбек Дәутайұлы, белгілі ақындар Тынышбай Рахым, Бауыржан Үсенов, Нарша Қашағанов, Серік Томанов, Артығали Ыбыраевтың шығармашылығына арналып, еске алу кеші жоғары дәрежеде өтті. Қазақтың «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дегені, сірә, осы болу керек...
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Жамбыл облысының құрметті азаматы
Тараз