Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қарсылықтың алғышарттарына тоқталсақ, біріншіден, кеңес өкіметі көпшілікке сөзі өтімді, беделді, ықпалды ел жақсыларын қысымға ала бастады. Оларды ел басқару ісінен шеттетті, артынша мал-мүлкін тартып ала бастады.
Екіншіден, кеңес билігінің халыққа салатын бұрынғы түтін салығы азық-түлік салғыртымен алмастырылды. Енді шаруалар өзіне талғажау етер ғана азық қалдырып, қалғанының бәрін міндетті түрде мемлекетке өткізуге тиіс болды. Бұл шын мәнінде шаруаларды тонау еді. Шаян болысы атқару комитетінің төрағасы Тамаев пен Шымкент уездік атқару комитеті басшылары Адинаев, Шабунин арасындағы мүлікке салық салу, салғырт жинау, жауапты қызметкерлерді сайлау мәселесіндегі келіспеушіліктер ақыры Тамаевтың халықты жинап, кеңес өкіметіне қарсы бас көтеруіне себеп болды.
Шымкент УАК (уездік атқару комитеті) төралқасы хаттамасына қарағанда Шаян болысында осы сияқты көтерілістер бірінші мәрте болған. Наразылықтардың себебі Шаян болысы халқының өз өңірінен шыққан белсенді азаматтарды сайлауына кедергі келтірілуі еді. Мысалы басшы Адинаев өз туыстарын болыстық атқару жұмыстарына алып келген. Шаянда осындай қызметке сайланған Башеновтің онымен туыстық қатынасы болған екен.
Аталған наразылық шарасынан кейін Шаян болысының сол кездегі болком төрағасы Әбдіраман Тамаұлы (Тамаев) халық наразылығын бастаушы ретінде ұсталып, жазаға тартылады.
«Шаян болысының байлары мен атқамінерлері» деп айыпталып отырған кісілер мыналар: байлар Сұлтанов, Айтханов, Пірназар Айтымбетов (руы байжігіт, Қозыке датқаның аталас туысы), Өтебай Малқарбаев, Байназар Кәрімбаев, Тоқберген Нұсқабаев. Архив деректерінде тұрғындардың болыстық атқару комитетінің төрағасын өз еркімен жұмыстан кетіріп, орнына Қалбыр болыстың ұрпағы Қарабай Әлімбетұлын сайлап алғаны айтылады. Бірақ ол Шаян елін 40 жыл бойы билеген әйгілі Қалбыр, Тұрғымбай болыстардың ұрпағы болғандықтан, Шымкенттегі орталық билік оның кандидатурасын қабылдамаған көрінеді.
Осы тұста Шымкент уездік атқару комитеті шұғыл мәжіліс жасап, мынандай қаулы қабылдайды:
«1. а) Тамаевтың бас көтеруі Шаян болысындағы салық жинау мен болыстық бюджетін жасау бойынша жұмысты тоқтатып тастады;
б) Тамаевтың уездік совет билігіне қарсы көтерілісі байларға, атқамінерлерге арқа сүйеген бандиттік сипаты бар көтеріліс деп саналсын;
2. Мәселені реттеу үшін құрылған комиссия ауылдардың өзара қақтығысын болдырмады, өз уақытысында жоғары совет органдарына хабар берді, сондықтан комиссия әрекеті дұрыс деп мойындалсын.
3. Іске асырылған амалдарға, Тамаев пен оның серіктерінің ұсталғанына қарамастан, халықтың совет билігі мен партия уәкілдеріне қарсы шабуылы тоқтамай тұр, сондықтан Тамаевтың жақтастарының барлығы бандит деп танылсын».
Кеңес билігінің осыдан кейін елді соңынан ерткен белсенді, беделді азаматтарды аямай жазалағанын архив құжаттарынан көруге болады.
Бас көтергендерді «байшыл», «қылмыскер» деген жаламен ұстап, басқа көрші болыстар тұрғындарының толқуға қосылып кетпеуін қатты қадағалайды.
Ізінше комиссия Шаян болысында революциялық комитет құрып, оның құрамын бекітеді. Ревком төрағалығына Үсенов, мүшелікке Нұрбеков, Байторов, Башенов, Сатыбалдиев, Күнтуова (әйелдер кеңесін басқарған), Өтетілеуов бекітілген.
Жағдай шиеленіскен осы тұста халық өкіметке салғырт төлемей, астықты өткізбей қарсылық көрсеткен. Көтерілісшілер болыстық атқару кеңсесін бірнеше рет басып алады. Осындай шабуылдар үдегендіктен Шымкенттегі уездік атқару комитеті милиция, әскер жіберіп, көтеріліс басшылары – Жақыпбек Жолдасбекұлы, Игембек Қожатайұлы, Қарабай Әлімбетұлы, Абдыраман Тамаұлы, Әмірбек Баубекұлы, Момбек Жолдасбекұлы тұтқындалған екен.
Бұл алты кісіден басқа көптеген азамат бай-құлақ ретінде немесе бай, датқаның баласы болғаны үшін жазықсыз құрбан болғанын айтады архив деректері. Олардың біразы 1929 жылғы кәмпескелеу кезінде қуғынға ұшыраған.
Гүлнар ШАРДАРБЕКОВА,
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің басшысы