«Баршаңызға мәлім, өтіп бара жатқан жыл оңай болған жоқ, өте күрделі болды десек артық емес. Елімізде болған қасіретті оқиғалар жөнінде өздеріңіз білесіздер. Біз бәріміз бір ел, бір ұлт, бір халық болып, Отанымызды бірлесіп сақтап қалдық деп еш күмәнсіз айтуға болады. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру. Әрине, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ дана халқымыз барлық қиындықты, тосқауылдар мен кедергілерді жеңіп шығатынына мен кәміл сенемін», деді Президент.
Бұдан соң, ол коронавирус пен геосаяси ахуалдың ушығуы халықаралық дағдарысты күшейткенін айтты.
«Мұның бәрі әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Біз осы күрделі жағдайда экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,5 пайызға артты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды», деді Мемлекет басшысы.