Экономика • 30 Желтоқсан, 2022

Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі артады

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі 12 млн тоннаға артады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі артады

«Мұнай өндіру саласында еліміздің үш негізгі кен орнында ірі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Теңіз кен орнында мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретін Болашақ кеңейту жобасы іске асырылуда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 95,2%-ды құрады, жобаны аяқтау 2024 жылы жоспарланып отыр. 2023 жылы Теңізде Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады, ол болашақ кеңейту жобасы аяқталған кезде кен орнында жұмыс істейтін зауыттардың өңдеу қуаттарының толық жүктелуін қамтамасыз етеді», деді министр.

Оның айтуынша, Қарашығанақ кен орнында газды кері айдаудың төртінші компрессоры іске қосылған. Сондай-ақ құны шамамен 1 млрд долларды құрайтын бесінші компрессорды іске асыру басталды, 735 млн доллар сомасына 6-шы компрессорды салу бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл жобалар өндіру көлемін жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған.

Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр ілеспе газды қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру басталды. Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол мұнай айналымының 95%-ын бақылауға мүмкіндік береді.

Министр жоғарыда аталған жобалардың ел экономикасы үшін тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы шетелдік әріптестермен бірлесіп ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленетінін атап өтті.