Үкімет • 30 Желтоқсан, 2022

Үкіметте ғылым және жоғары білім саласындағы жаңа шаралар талқыланды

376 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелері зерделенді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте ғылым және жоғары білім саласындағы жаңа шаралар талқыланды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханалармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатқанын баяндады. Бұл ретте өңірлерде, атап айтқанда Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында жаңа жатақханалар салу үшін құрылыс салушылармен және әлеуетті инвесторлармен жұмысты күшейту, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін жетілдіруді жалғастыру жоспарлануда. 

Бұдан басқа, жекелеген әлеуметтік осал топтардың арасынан ауылдық жерлерден келген студенттерді жатын орындармен қамтамасыз ету үшін жаңа тетікті қолдану, атап айтқанда, жатақхана иелеріне операциялық шығындарды өтеу ұсынылады. 

Премьер-Министр осы тәсілдерді қолдап, бұл механизмді колледж студенттеріне де қолдануды мақұлдады. 

Сондай-ақ кеңесте жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда, ЕҰУ және ҚазҰУ қалашықтарын салу мәселесі қаралды. Бұл бағытта барлық қажетті коммуникацияларды жеткізе отырып, жер учаскелерін бөлу пысықталатыны атап өтілді. 

«Бұл – ең маңызды мәселелердің бірі. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға деген сұраныс тұрақты артып келеді, сондықтан қосымша корпустар мен жатақханалар салу мүмкіндіктерін табу қажет. Бұл мәселелерді Астана және Алматы әкімдіктерімен бірлесіп пысықтау керек», деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Премьер-министр 2023 жылы үш отандық жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі пилоттық жобаның іске қосылуын қолдады. Оның аясында таңдалып алынған оқу орындарында қосымша құрал-жабдықтар пайда болады, Зерттеу университетінің моделіне көшу және жаңа оқу бағдарламаларын іске қосу басталады. 

«Адами капиталды дамыту, жастарға білім беру үшін инвестициялар тарту біздің алдымыздағы ең басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан жобаны республиканың басқа жоғары оқу орындарына одан әрі кеңейту мүмкіндігін пысықтай отырып, іске асыру қажет», деп атап өтті Әлихан Смайылов.  

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлік экономиканың негізгі проблемаларын шешу үшін облыс әкімдіктеріне ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру бойынша қосымша бюджеттік мүмкіндіктер беруді мақұлдады. Бұл жергілікті жерлерде инновациялық белсенділікті ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте ол жер қойнауын пайдаланушылар ҒЗТКЖ жүргізуге өтінім қалдыра алатын бірыңғай цифрлық портал құруды бақылауда ұстау қажет екенін айтты. 

Сондай-ақ кеңесте Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы, Қазақстан халқына Жолдауы және Үкіметтің кеңейтілген отырыстары шеңберінде қойған міндеттерін ескере отырып, Ғылым және жоғары білім министрлігінің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарын әзірлеу мәселелері қаралды. 

Сонымен қатар салалық жоғары оқу орындары мен ҒЗИ-ді басқару ісіне Ғылым және жоғары білім министрлігінің қатысу деңгейін арттыру, жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметі, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу және тағы басқа мәселелер талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер кадрларды даярлау, жоғары білім беруді жаңғырту саласын дамытуға, жалпы қазақстандық ғылымның танымалдығы, тартымдылығы мен беделіне жақсы серпін береді.