Саясат • 01 Қаңтар, 2023

Конституциялық бақылау: Сабақтастық және даму

399 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қ.К.Тоқаев мемлекет тізгінін ұстаған күннен бастап, биліктің тиімділігін арттыру үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» құруды мақсат қылды. Ол мақсатқа жету жолында үлкен реформа, сая­си жаңғыру керек болды. Осы тұрғыдан қарағанда биылғы 20 қарашада өткен президент сайлауы тәуелсіз Қазақстанның тарихында ең елеулі оқиғаның бірі болып қалатыны даусыз. Қ.К.Тоқаевтың осы сайлаудағы жеңісі халық пен билік арасындағы жасалған саяси келісім деп айтуға әбден болады.

Конституциялық бақылау: Сабақтастық және даму

Сайлау нәтижесі халықтың бүгінгі Мемлекет басшысының айналасына топтасып, оның саясаты мен жүргізіп жатқан реформасын қолдайтынын анық көрсетті.

Мемлекет басшысының бастауымен іске асып жатқан конституциялық реформаның маңызды новеллаларының тағы бірі Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру. Конституциялық бақылау органына жаңа өкілеттіктер беру арқылы қазақстандық конституциялықтың даму жолындағы жаңа кезең басталады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп елде конституциялық бақылау органдары осындай эволюциялық даму жолынан өткен. Көптеген мемлекетте олардың нысаны өзгеріп, жаңа өкілеттіктері пайда болып, өтініш субъектілерінің тізімі кеңейтіліп отырған.

Біздің конституциялық даму жолымызды айтқан кезде қолданыстағы Конституция қабылданғаннан кейін құрылған Қазақстанның Конституциялық кеңесінің рөліне ерекше тоқталған жөн. Кеңес осы жылдар ішінде еліміздің құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту ісіне лайықты үлес қосты.

1996 жылдан бастап Консти­ту­циялық кеңеске 200-ден астам өтініш келіп түсті. Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады. Жалпы не ішінара 30 заң мен халықаралық шарт конституциялық емес деп таныл­ды. Қоғамда резонанс тудырған бір­қатар заңның Конституцияға сәй­кес­тігі расталды.

Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі – Конституция нормаларын ресми түсін­діру. Конституциялық кеңес осындай жүздеген өтінішті қарады. Басты конс­титуциялық негіздердің мазмұны мен олардың даму перспективалары айқындалды. Мемлекет, қоғамдық бірлес­тіктер мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас қағидаттарына қатысты бірқа­тар мәселе түсіндірілді. Олардың қатарында адам құқықтарын қамтамасыз ету тетіктері, сондай-ақ конституциялық дамудың басқа да маңызды мәселелері болды.

Конституциялық кеңес өз тарихында еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Парламентке 27 Жолдау ұсынды. Оларда адам құқықтарын қорғау, заң шығару үдерісін жетілдіру, заңнаманы Конституцияға сәйкес келтіру және басқа да мәселелер көтерілді.

Конституциялық кеңес Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасына алдын ала конституциялық бақылауды жүзеге асыру бойынша өзінің тың функциясын үш рет іске асырды. Осылайша, Қазақстанда конституциялық бақылауды жүзеге асыру тәжірибесі жинақталды.

Конституциялық кеңестің осындай нормативтік қаулыларының күші қолданыстағы құқықтың құрамында болашақта да өте маңызды болып қала береді.

Жалпы Конституциялық кеңестің қорытынды шешімдері еліміздегі конституциялық заңдылық режімін нығайтуға барынша оң ықпал етті.

Кеңес конституциялық құнды­лық­тарды насихаттауда белсенді рөл атқар­ды. Ол оқушы жастардың құқықтық мәде­ниетін тәрбиелеу үшін әртүрлі: конкурстар, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндерін өткізіп отырды, оқушылар мен студенттерді ашық отырыстарға қатыстыруды дағдыға айналдырды.

2018 жылдан бастап Конституциялық кеңестің жанында құрамына жиырмадан астам белгілі құқықтанушы ғалымдар кіретін Ғылыми-консультативтік кеңес жұмыс істейді. Оның отырыстарында заңнама эволюциясының ең өзекті аспектілері қаралды.  

Конституциялық кеңес Республика Конституциясына ғылыми-құқықтық түсініктемелер, конституциялық құқық бойынша академиялық курс және басқа да кітаптар шығарды. Олардың ішінде: «Қазақстанда конституционализмді бекіту шежіресі», «Қазақстан және Венеция комиссиясы: құқық арқылы демо­кратия үшін», «Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциясының энциклопе­диялық анықтамалығы», «Қазақстан жолы: конституционализм, адам, бейбіт­шілік және өркендеу» сияқты жинақтар бар. Олардың барлығы жоғары оқу орындарына, кітапханаларға таратылып, Конституциялық кеңестің сайтында орналастырылды.

Конституциялық кеңестің халық­аралық қызметі құқық үстемдігін бекіту және шет елдерде еліміздің қолайлы имид­­жін қалыптастыру үдерісінде маңыз­ды рөл атқарды.

Қазақстан 1998 жылдан бастап Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясын­да бақылаушы болып, ал 2012 жылы оның толыққанды мүшесіне айналды. Қазақстан тарапының сұрауы бойын­ша Венеция комиссиясы бірқатар заңна­малық актіге қатысты қорытынды берді.  

2013 жылы Конституциялық кеңес 118 ел мүше болып табылатын Конс­титуциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияға кірді.

1997 жылдан бастап Конституциялық кеңес Конституциялық бақылау орган­дарының еуразиялық қауымдастығына мүше болды. Ал 2017 жылдан бастап аталған Қауымдастық төрағасының қызметін атқарып келеді.

Конституциялық кеңес Азия конс­титуциялық соттары мен баламалы инс­титуттар қауымдастығының мүшесі болып табылады. 2019-2021 жылдары Қазақстанның Конституциялық кеңесі осы Қауымдастық төрағасы міндетін атқарды. Пандемияға байланысты болған қиын жағдайға қарамастан, Кеңес әлемдік және өңірлік қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болған көптеген іс-шара жүргізді.  

Қазақстанның аталған халықаралық құрылымдарға төрағалық етуі еліміздің Конституциялық кеңесі беделінің жоғары болғандығын айғақтайды.

Конституциялық кеңеске ресми сапарлармен БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, Еуропа Кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдардың делегациялары келді. Екіжақты қатынастар саласында Конституциялық кеңес 50-ден астам елдің конституциялық бақылау органдарымен тығыз байланыста болды.

Соңғы онжылдықтағы консти­ту­циялық реформалар тәжірибесі азамат­тардың Конституцияға қайшы келетін заңдарды қолданудан өз құқықтарын қорғау мақсатында конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейту халық­аралық үрдісін көрсетеді. Бұл жеке және заңды тұлғаларға конституциялық әділет органдарына тікелей жүгіну құқығын беру арқылы да, соттар, Омбудсмен, Бас прокурор және басқа да субъектілер арқы­лы өтініш жасау мүмкіндігін беру арқылы іске асырылады. Кеңес осы мәселелерді көтеріп бірнеше рет нақты ұсыныстар ен­гізген болатын. Конституциялық кеңес­тің осы бастамалары соңғы болған Конс­титуциялық реформаларда қолдау тапты. 

Осылайша Конституциялық кеңес өзінің прогрессивті бастамаларымен және шешімдерімен бүкіл құқықтық жүйенің эволюциясына оң әсер етті, құқықтың жалпы қағидаттарын тұжырымдап кетті. Конституциялық кеңестің қызметі Конституцияның жасампаздық әлеуетін неғұрлым толық ашуға, оған ағымдағы заңнаманы сәйкестендіруді қамтамасыз етуге, жаңа модельге көшу үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

Жаңа құрылған Конституциялық сот өз қызметінде Конституциялық кеңестің жинаған тәжірибесін пайдалануға тиіс. Осы үрдіс мемлекеттің конституциялық бақылау функциясын тиімді жүзеге асыруына, Конституцияның үстемдігі мен тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге оң ықпал ететін болады. 

Жаңа Конституциялық соттың жұмысын қамтамасыз ету мақсатында  барлық іс-шара жасалды. Қазіргі уақытта Конституциялық соттың жұмысына керекті актілер әзірленді, болашақ сот аппаратын кеңейту бойынша және басқа да ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар қабылданды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қызметкерлердің жұмыс орындары белгіленген нормаларға сәйкес жасақталды.

Конституциялық сот барлық заманауи талаптарға жауап беретін ғимаратта орналасатын болады. Соңғы үш жылда жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы жүргізілді. Қазақта «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген нақыл сөз бар, сол сөзді тарқатып айтсақ, Конституциялық соттың судьялары Астананың көркін келтіріп тұрған, биге лайық көксарайда қызмет ететін болады. Конституциялық соттың жұмысы әділетті Қазақстанның игілігіне қызмет етеді деп сенемін.

 

Қайрат МӘМИ