Оқиға • 01 Қаңтар, 2023

Бибісараның биігі

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алатау баурайында ұйымдастырылған шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір апта бойы ару қала Алматыны дүбірге бөлеген ойлылар ойынында қазақтың аса дарынды қос қызы жеңіс тұғырынан көрініп, барша Алаш жұртын шаттыққа бөледі. Әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова жылдам шах­маттан (рапидтен) күміс медаль олжа­ласа, Бибісара Асаубаева блиц түрі­нен қа­та­рынан екінші рет әлем чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды.

Бибісараның биігі

Шахмат жанкүйерлерінің есінде болса, былтыр да жыл басын сүйінші хабармен бастап, оқырмандарымызды қуантқан едік. Польшаның бас шаһары – Варшавада өткен шахматтың блиц түрінен Бибісара Асау­баева тұңғыш рет әйелдер ара­сындағы әлем чемпионатын­да топ жарған-ды. Міне, Бибісара биыл да сол биігінен көрініп, қатарынан екінші жыл шахмат әлеміндегі теңдессіз спортшы атанды. Сондай-ақ ол былтыр қазақстандық шахматшылар арасынан ересектер арасындағы дүниежүзілік додада дараланған тұңғыш спортшы атанып, əлем чемпионаттарында ең жас чемпион атанған алғашқы шахматшы ретінде тарихқа өз атын алтын әріптермен жаздырды.

Халықаралық шахмат феде­рациясы (FIDE) мен Қазақ­стан шахмат федерациясы ұйымдастырған Алматыдағы әлем біріншілігіне дүниежүзінің 46 мемлекетінен 178 ер мен 98 әйел шахматшы бақ сынады. Жер-жаһанның ең таңдаулы гроссмейстерлері жиналған әлемдік доданың соңғы турына дейін Б.Асаубаева рапидтен әлем чемпионы қытайлық Тань Чжунъимен иық тірестіріп, турнир кестесінің бірінші орнын өзара бөлісіп тұрған еді. Шешуші, соңғы турда отандасымыз жеңіске жетіп, қытайлық шахматшы қар­сыласына жол бергеннен кейін, әлем бірін­шілігінің жеңімпазы мен күміс жүлдегерінің есімі белгілі болды. Ал қола жүлде ресейлік Полина Шуваловаға бұйырды.

Ерлер арасындағы бәсекеде норвегиялық Магнус Карлсен рапид және блицтен әлем чемпио­ны атанып, былтырғы атағын қорғай білді. Ал рапидтен қыздар арасындағы алтынды қытайлық Тань Чжунъи иеленсе, күміс жүлде отандасымыз Динара Сәдуақасоваға бұйырған еді.