Медицина • 04 Қаңтар, 2023

Жұқтырылған иммун тапшылығы созылмалы аурулар қатарына қосылмақ

378 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Төрт түрлі жолмен жұғатын және әлі күнге дейін толық шипасы табылмаған адамның иммун тапшылығы вирусының анықталғанына да 40 жыл болды. Оқырманға түсінікті болуы үшін емі жоқ вирусты жұқтырған жағдайда, бұл ағзадағы қорғаныш жүйесіне жауап беретін CD4 жасушаларын біртіндеп жоя отырып, уақыт өте келе ЖИТС-ке айналатынын айта кетейік. Аурудың асқыну сатысы CD4 клеткаларының азаюына қарай анықталады. Дегенмен оның ем-домын үзбей қабылдап, өз құпиясымен қалыпты өмір сүріп жатқан жандар бар.

Жұқтырылған иммун тапшылығы созылмалы аурулар қатарына қосылмақ

Бірақ қай ел болсын, жаһан­дық қауіпті аурулар қата­рын­да қала беретін «ВИЧ»-тің эпи­демияға айналып кетпеуін қада­ғалауға мүдделі. Бұл тек азғын­да­ғандардың ауруы емес екені жүз жерден дәлелденсе де, АИТВ-ахуал­дылардың қоғам түртпегіне ұшы­райтыны да – үлкен мәселе. Бұған кезінде түсіндірме, насихат жұмыстарын дұрыс жүргізе алмаған жауапты мекемелерден бастап, журналистердің де «үлесі» аз емес. Диагноз қойыл­ған­нан кейін суицид жасауға дейін мәжбүрлейтін оқиғалар халықаралық ұйымдардан ұдайы жұ­мыс істеуді талап ететіндіктен, енді БҰҰ АИТВ/ЖИТС жөнін­де­гі Біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) «Теңдік уақыты» дей­тін науқанды іске қосқаны белгілі. Осы бастамаға орай Ас­т­ана қаласының АИТВ-инфек­циясының алдын алу орта­лы­ғы мен ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы соңғы мә­лі­мет­те­рімен бөлісті.

– Бүгінде «АИТВ-инфек­ция­сы» диагнозы өлімге душар ететін дерт емес. Медициналық ізденістер арқылы ДДҰ АИТВ-ны созылмалы жұқпалы ауру ре­тінде таныды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар (АӨА) анти­рет­ро­вирустық терапияны (АРТ) қабылдай отырып, ғұмырын ұзар­тып, отбасылы және дені сау баланы дүниеге әкеле алады. БҰҰ-ның 2021 жылғы Саяси декларациясы мен ЮНЭЙДС-тің 95-95-95 мақсаттарын орындау аясында Қазақстанда АИТВ-ахуал­ды адамдардың 87%-ы өзде­рінің АИТВ-ахуалды екенін біле­ді, 81%-ы АРТ қабылдайды, – деді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орта­лығының директоры Асылхан Әбішев.

Бұл – еліміздің мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі жүр­гіз­ген жұмысының нәтижесі. Қа­зақстан да АИТВ және ЖИТС эпи­демиясы шоғырланған сатысында тұр. Кейінгі он жылда АӨА арасындағы өлім-жітімі екі есеге азайды. Бұл ауруға өздігінен тексерілетіндердің саны артып келеді.

ДДҰ ұсынымдарына сәйкес елімізде 2021 жылдан бастап «Байланысқа дейінгі профилактика» енгізілді. Яғни бұл ретте АИТВ жұқтырмаған, бірақ жұқтыру қаупіне душар болғандар АРТ-ны тұрақты қабылдайды. Адам өз диаг­нозы туралы неғұрлым ертерек біліп, АРТ-ны қабылдай бастаса, соғұрлым денсаулығын сақтап, вирустың басқаларға берілуіне жол бермейді.

Ең бастысы, елде ЖИТС орталық­тарының зертханаларын жаб­дықтау жақсарып келеді. 2021 жылы аймақтық ЖИТС орталықтарының 15 зерт­­ханасы ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу жөнін­дегі Жаһандық қордың қол­да­уы­мен автоматтандырылған ПТР жабдықтарын сатып алды. АИТВ-ты емдеуге арналған заманауи препараттар бар, ем-домның тиімділігіне зертханалық мони­торинг жүргізіледі. Осы орайда Астана қалалық АИТВ инфекциясының алдын алу орта­лығының директоры Сәбит Абдраимов жыл сайын қа­ла­ның 25%-дан аса тұрғыны АИТВ-ға тексеріліп, тестілеудің қол­же­тімділігінің нәтижесінде па­циент­тердің 83,5%-ы аурудың 1-2 саты­сында өз ахуалынан хабардар болып жатқанын айтады.

АИТВ-инфекциясын ба­қы­лау­дан шығарып алмаудың тағы бір жолы – вирустың анадан балаға берілуінің алдын алу. «Әйел­дер кеңесінде» тіркелген аяғы ауыр келіншектер АИТВ-қа екі рет жоспарлы тексеруден өтетіні белгілі. 2020 жылдан бас­тап жүкті әйелдердің жы­ныс­тық серіктері де АИТВ-ға тест тапсырады. АИТВ-ахуалды кез келген әйел бала туып, ана атануға құқылы, тек дүниеге дені сау бала әкелу үшін мамандардың барлық шартын орындауға тиіс. Мәселен, 1997 жылдан бері АИТВ жұқтырған 274 әйел босанып, дені сау184 сәби туды. АИТВ-ахуалды 24 әйел 3-4 балалы болды.

Сонымен АРВ-профи­лак­ти­касымен жүкті әйелдерді қам­ту Астанада кейінгі бес жылда 90%-дан 100%-ға дейін, ал АИТВ-ахуалды аналардан туған нәрестелер биыл 91%-дан 100%-ға дейін ұлғайды. Бұл нәрестелердің барлығы тегін сүт қоспаларымен қамтамасыз етіледі. Осы арқылы перинаталдық трансмиссия дең­ге­йі төмендеп, соңғы 3-4 жыл­да қалада вертикальды жолмен берілген АИТВ жағдайлары тір­кел­меген.

Өкінішке қарай, Алматы қа­ла­сы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альфия Денебаева кейінгі жылдары жалпы елде болсын, сон­дай-ақ мегаполисте АИТВ-тың жыныстық жолмен берілу жағ­дай­ларының 2013 жылғы 63%-дан 2022 жылы 77,9%-ға дейін көбейгенін айтады.

АИТВ-ны ауыздықтау мәсе­ле­сінде халықтың осал топтары­нан, яғни жеңіл жүріспен күн көретіндер мен есірткі пайдаланатындардан аттап өтуге болмайды. Инъекциялық есірткі қабылдайтындар арасында па­рен­тераль­ды жолмен жұғудың алдын алу үшін «Зияндылықты азайту» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл – есірткі қолданудың жағымсыз салдарын, яғни АИТВ, туберкулез, вирустық гепатит сияқты аурулардың жұғуын азайтуды көздейтін кешенді шаралар. Осы мақсатта Алматы қалалық емханаларында 19 сенім пункті мен 5 Достық кабинеті жұмыс істейді. Бұл іске үкіметтік емес ұйымдар көмек көрсетеді.

Жоба аясында басқа елдер мен басқа жобаларда жақсы нә­ти­же берген модельдер енгізі­ліп жатқанын айту керек. Зама­на­уи цифрлы технологияларды қолданудың инновациялық модельдердің бірі – АИТВ-тес­те­ріне онлайн-тапсырыс беру, бұл АИТВ-ны жұқтыру қаупі орын алған жағдайда адамдарға өзіне-өзі тест жасауға болатын өте тиімді әдіс. Мысалы, мұндай тесті Алматы қалалық ЖИТС орталығының сайтында hivtest.kz сілтемесі арқылы тапсырыс беруге болады. АИТВ-ны жұқтыру қаупі жоғары адамдар үшін байланысқа дейінгі профилактика тиімді енгізіліп жатыр. Байланысқа дейінгі профилактика (БДП) бастамасына орай аймақтық HUB құрылған, оның базасында Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейдің ЖИТС ор­та­лық­тарының мамандары мен ҮЕҰ өкілдері оқытылды.

Сол сияқты Алматыда екі жыл­дан бері АИТВ эпидемия­сын бақылау жобасы жүзеге асы­рылып келеді. Бұл – Элтон Джон қорының АИТВ-мен күрес жөніндегі RADIAN «Қалалар-модельдер» бастамасына кіретін алғашқы жоба. Жоба аясында озық ақпараттық технологиялар мен құпиялылықты сақтау қағи­даттарымен АИТВ-ға тесті­леу­ге тапсырыс берудің онлайн әдіс-тәсілдері жүзеге асырылады. Оның ішінде патронажды мейірбике күтімі моделі анти­ретровирустық терапия қабыл­дайтын АИТВ-ахуалды егде жастағы адамдарды емдеу нәти­же­лерін жақсартуды көздейді.

Жобада әртүрлі цифрлы технологиялар – байланысқа дейінгі профилактикада дәрі-дәрмек алу үшін дәрігерге бару туралы автоматты SMS ескертулер, серіктестер хабарламаларының баламалы түрлері, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде ақпа­раттандыру кеңінен қолда­ны­лады. «Пациент мектебі» Telegram боты» әзірленген, онда емделушілер дәрігерге, пси­хологке, кеңес берушіге сұрақ­тар қойып, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға арналған өзара көмек көрсету тобының чатына қосыла алады. Жоба осы екі жылда қо­ғам­дық ұйымдардың күшімен халықтың шешуші топтарының 6 мыңнан аса өкілін түрлі про­филактикалық, әлеуметтік және құқықтық қызметтермен қам­тыды.

Айтқандай, Алматы моделі Канаданың Монреаль қаласында өткен ЖИТС жөніндегі 24-інші Халықаралық конферен­циясы мен Испанияның Севилья қаласындағы «FAST-TRACK CTIES 2022: ЖИТС эпиде­мия­сы­ның аяқталуы жолында» конференциясында таныс­ты­рыл­ған.

Ал Астанадағы АИТВ-инфек­циясының эпиде­мио­ло­гиялық ахуалы тұрақты және бұл жалпы елдегі жағдайды көрсетеді. Елордада АИТВ-ға жыл сайын 300 мыңнан астам адам тек­се­ріледі. Өткен жылы 323 052 тест тапсырылса, бұл алдыңғы жылдан 16,7%-ға жоғары, тұр­ғындарды тес­тілеумен қамту 23,4% құрады, бұл – АИТВ-ның таралуын бағалау үшін жеткілікті көр­сет­кіш. ДДҰ ұсы­нымына сал­сақ, жылына ха­лықтың ке­мін­де 10%-ы тексерілуі қажет.

«Біз науқастарды әлеуметтік қолдауға үнемі көңіл бөліп отырамыз. Бұл жұмыс ҮЕҰ, Әлеуметтік қорғау басқармасының қатысуы­мен жүзеге асырылады», дейді Астана қалалық АИТВ инфек­циясының алдын алу орталы­ғы­ның директоры Сәбит Абдраимов.

Мәселен, Астана қаласында АИТВ-ахуалды адамдар тоқсан сайын 5 АЕК көлемінде әлеу­мет­тік көмек алады. 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінде 7 292 теңге беріледі. Сондай-ақ 2020 жылдың қазан айы­нан бастап қалалық мәслихаттың шешімімен 18 жасқа дейінгі АИТВ жұқтырған балаларға 25 АЕК (72 925 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек беріле бастады.

Қорыта келгенде, дәл АИТВ инфекциясына келгенде қоғамға қалғуға болмайды. Әлі күнге дейін емі табылмаған, әсіресе жыныстық жолмен жұғатын ЖИТС дейтін жазылмайтын дерт­тің бар екенін жастардың құ­ла­ғына үнемі құя беру керек. Әйтпесе тура іргеміздегі көршіміз Ресей дүние жүзінде АИТВ жұқтыру жағынан ал­ғаш­қы бес­тікті бастайды. Тек Оңтүстік Африка, Мозамбик, Нигерия, Бразилияға ғана жол береді...

 

АЛМАТЫ