Қазақстанда қиын жағдайға тап болған кезде көмек көрсететін мекемелер, еріктілер қатары аз емес. 2021 жылдың 8 қазанында 60-65 жас шамасындағы есте сақтау қабілеті нашар ер адам елін іздеп есік қағады. Оған себеп – өзінің аты-жөнін, туған күні мен туыстарын есіне түсіре алмауы. Еріктілер сол сәтте көмекке жүгінген азаматтың жеке басын анықтауға кіріседі. Аталған адамды «белгісіз тұлға» ретінде тіркегеннен кейін, тиісті органдарға сұраныс жолдайды. Одан кейін «Жетісу» телеарнасы мен «Бармысың, бауырым» бағдарламасында оның туыстарын іздестіру туралы телесюжет көрсетіледі. Елдегі блогерлер де кірісіп, «Авангард» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғазиз Аманжолұлы да қосылады.
Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Сұлтанмұрат Бекпенбетовтің тапсырмасы бойынша қызметкерлердің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде, бұл кісінің Қырғызстан Республикасының азаматы және отбасы бар екені анықталады. Осы турасында Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанға хат жазады. Өз кезегінде депутат қырғыз еліндегі әріптестеріне жүгінеді. Жүргізілген жұмыс барысында оның Қырғыз Республикасының азаматы екені нақты анықталып, туысқандары табылады.
Жоғалған азаматтың есімі – Кенжебек Аронов. Ол 1957 жылы Қырғыз елінің Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 2 ұлы мен 1 қызы бар. Бүгінде туыстарымен қауышты. Қырғыз елінен келген ағайындары бауырын табуға көмектескен еріктілерге алғысын жаудырды.
Жалпы, әлеуметтік бейімдеу орталығы өмірлік қиын жағдайда қалған тұлғалар үшін 150 төсектік орынға есептелген. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтің 7 түрін ұсынады: медициналық, тұрмыстық, психологиялық, экономикалық, мәдени, құқықтық және еңбек.
Жетісу облысы