Экология • 04 Қаңтар, 2023

Орталық Азия: әйелдер кәсіпкерлігі

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйелдердің бизнес қоғамдастығы мен мемлекет арасындағы диалогті, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік конференциясы өтті.

Орталық Азия: әйелдер кәсіпкерлігі

Wage консорциумы АҚШ Сауда департаментінің коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасымен (CLDP) серіктестікте өткізген жиында Орталық Азия елдерінен 100-ден астам делегат экономиканың дамуына кедергі келтіретін құқықтық және әлеуметтік мәселелерді азайту жолдарын талқылады.

Wage коалициясының Қазақстандағы төрағасы Меруерт Қазбекова «Біз өңірлердегі әйелдерге қолдау көрсете отырып, бизнесті дамытуға, көшбасшылық дағдыларды, әйелдердің саясатқа араласуына, кәсіпкерлік және ген­дер­лік теңдік коалициясы аясында үкіметтік емес секторлармен, өңірлердің бизнес қауымдастықтарымен жұмыс істеуіне басты назар аударып келеміз», деді.

М.Қазбекованың айтуынша, бүгінде Орталық Азия­дағы әйелдер шағын және орта бизнес секторында бел­сен­ді. Алайда аймақ елдерінің заңнамасында «әйелдер кәсіпкерлігі» деген ұғым жоқ әрі ер адамдар ғана игеріп келген салаларда жұмыс істеу, бизнесті отбасындағы дәстүрлі рөлімен ұштастыру қиынға соғады. Ал мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастырып, «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымын енгізу мемлекеттік қолдау бағдарламаларына, несие алуға қолжетімділікті жеңілдетеді.

Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрінің орынбасары Айнұр Үсенбекованың ай­туынша, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленген, сонымен қатар «әйелдер кәсіп­кер­лігі» ұғымы стратегиялық құжаттарда анықталған, алайда заңнамалық тұрғыда қарастырылмаған. «Қазір кәсіпкерлікті қолдау туралы заңның өзгертілуіне байланысты әйелдер кәсіпкерлігін басшылыққа ала отырып, кепілсіз несиелер, бизнес-идея, әйелдердің дағдылары мен әлеуеті бірінші кезекте қарастырылатын болады», дейді А.Үсенбекова.

Green Tal әлеуметтік шеберханасының жетекшісі Эмин Әскеров атап өткендей, елімізде бизнес жасауға қолайлы жағдай бар. Халықаралық ұйымдар, қорлар тарапынан бизнесті қолдау жобаларына да қатысуға болады. Демек ынта болса, кәсіп бар. Ал болашақ кәсіпкерлер үшін бизнес-жоспарға, ал нақты мақсат анықталғаннан кейін бәсекелес ортаны зерттеу, қаржы моделін ұйымдастыру жағына мән беру қажет. Бүгінде маркетплейс алаңдарының қолжетімділігін, цифрлы мүмкіндіктерді ескере отырып, шағын және орта бизнес өкілдері үшін өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге табиғи өнімдер, әсіресе ауыл шаруашылығы, яғни ет, сүт өнімдері, көкөніске қала тұрғындары тарапынан сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, бұл салада да табысты еңбек етуге болады.

Тәжікстандағы «Жеке бизнесті дамыту одағының» президенті Наима Нугматова әйелдер кәсіпкерлігін қол­дау­ға бағытталған жеңілдіктерге, үй кәсібіндегі әйелдер кәсібін, қолөнершілерді қолдау мәселесіне тоқталса, «Ор­та­лық Азия әйелдер лигасы» ҚБ атқарушы директоры Жумагул Игембердиева Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіптің әйелдер бизнесінің қозғаушы күшіне айналып отырғанын жеткізді. Қазір Made in Kyrgyzstan брендін дамыту мақ­сатында көрші елдермен мамандар даярлау, технологиялар бойынша әріптестік дамып келеді. «Бүгінде Қырғызстанда тігіншілер тапшы. Ендігі кезекте өнімдерді Өзбекстанда тігіп, Ресей тарапынан технология, мамандарды оқыту, сондай-ақ Қазақстанмен де әріптестікті дамыта отырып, алдағы уақытта әлемнің белгілі брендтерімен бәсекелесе алатын жағдайға жетуді мақсат етіп отырмыз», дейді.

Көпбалалы, мұқтаж отбасыларды қолдауға бағы­тын­да құрылған «Замандас 21» ҚҚ президенті Ләззат Алшынованың айтуынша, әсіресе үйде отырған әйел­дер­дің әлеу­меттенуі өзекті. Олардың қоғаммен ық­пал­­­дас­тығы, белгілі бір кәсіпті игеруі, бизнеспен қатар отбасы құн­дылықтарын дамытуы маңызды. «Бүгінде Астана қала­сындағы 6 отбасы клубында балалар спорт, тілдерді меңгеру, қолөнер үйірмелері бойынша тегін оқытылады. Клубта балалар үйірмелерге қатысып қана қоймай, еңбекке бау­лу, демеушілердің қолдауымен үйде отырған әйелдерді тігін тігуге тегін үйретіп, шеберхана аясында әлеуметтік кәсіпкерлікті іске асырып келеміз. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі әйелдермен бақытты отбасы қағидаларын, ұлттық салт-дәстүрді дамыту, мамандармен кеңес бағы­тындағы да жұмыстар іске асуда. Осы қолдаудың нәти­же­сін­де көптеген әйел қаржы табу жоспарларын іске асыра бастады», деді Л.Алшынова.

Wage жобасының өңірлік үйлестірушісі Әсел Куба­нычбекова әйелдер бизнесін дамытудағы негізгі ке­дер­­гілер қатарында қаржыға қолжетімділіктің аздығы, қо­ғам­­дағы әлеуметтік нормалар, кәсіпкерлікті дұрыс қабыл­дамау, жақындарының қолдамауы, мемлекет бағдар­ламаларына қатысты онлайн бизнес-платформаның жоқтығы сияқты бірқатар мәселені атап өтті.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту үшін құрылған коалиция аясында өңірлер бойынша фокус-топтар құрылды. Оның аясында әйел­дер­дің әлеуметтенуі, гендерлік зорлық-зомбылықпен кү­ресуге мән беріледі. Мамандар, әсіресе, ауылда мемле­кет­тік жеңілдіктер туралы ақпараттың аздығы, арнайы әлеуметтік топқа кірмейтін әйелдерге қолдау көрсету жағы жеткіліксіз екенін айтты. Алдағы уақытта аймақ елдеріне ортақ мәселелермен күрес, бизнес бастау және әйелдерді жоғары технологиялық салаларға тарту, осал санаттарына жеңілдіктер қарастыру жағына көңіл бөлінбек.

 

АЛМАТЫ