Қоғам • 05 Қаңтар, 2023

Куәлік алудың машақаты

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Туу туралы куәлік алу әуре-сарсаңға түсіреді деп кім ойлаған? Жүре берсең көре беретінің рас екен. Тараздық тұрғындар біршама уақыттан бері тілдей қағазға қол жеткізе алмай алашапқын болып жүр. Қала әкімдігі құжат сұрағандарға «бланкі жоқ» деген уәж айтып, оларды кері қайтарып жатыр.

Куәлік алудың машақаты

Шаһар тұрғындарының айтуынша, туу туралы куәлікті алу кейінгі екі айдың бедерінде айтарлықтай мәселеге айналып кеткен. Балаларының заңды құ­­жа­тын қолына түсіре алмай шам­­данған жұрт мәселенің жуық арада оңынан шешілгенін қалайды.

«Ілгеріде бұл құжат бар бол­­ғаны үш күнде берілетін. Ай­талық, бірінші балама 72 сағат­тың ішінде алған болатын­мын. Ал қазір жағдай қиындап кеткенін көріп отырмыз. Жағ­дайдың осылай ушығуы шынында да ұят қой. Осындай ол­қы­лықтың салдарынан жұрт жәрдемақыны ала алмай дау­рығып жүр», деді өткір мәселеге қатысты үн қатқан Тараз қа­ла­сының тұрғыны Дәурен Жанұзақов.

Ызаға булыққан көпшіліктің ішінде АХАТ бөлімінің табал­дырығын тоздырып жүргендер де аз емес. Солардың бірі – Арын Бейбарыс. Оның айтуын­ша, ұлының тиісті құжаты бол­ма­ғандықтан емханаға тір­кеу­дің өзі мұңға айналған. Алыс­тан қатынайтын азамат об­лыс орталығында осындай мәсе­ленің туындағанына наразы.

«Мамандар «сіздікі қаңтар айында дайын болады» де­ген жауапты алға тартып отыр. Менің­ше, бұл дұрыс емес. Біз айдаладағы ақ отау саналатын алыстағы ауылда тұрып жатқан жоқпыз. Облыс орталығын мекен етіп отырмыз. Өзімізді «Жаңа Қазақстанда» тұрып жатырмыз деп жүрміз ғой. Ендеше мамандар да сол «Жаңа Қазақстан» азаматы ретінде еңбек етуі керек. Бұлар қашан соған лайықты жұмыс істейді? Осы бір тілім қағаз үшін күн құрғатпай сандалып жүруім керек пе?», дейді ашуға булыққан Арын Бейбарыс.

Шаһардағы АХАТ бөлі­мінің басшылары туындаған мәселенің өткір екенін жоқ­қа шығарып отырған жоқ. Олар туу туралы куәлік тапшы­лы­ғын  цифрландыру жүйесіне кө­­шумен байланыс­тырып отыр. Алайда цифрландыру жүйе­сінің қағаз жүзіндегі құ­жат­қа қаншалықты қатысы бар екенін түсіндіре алар емес. Ай­ту­ларынша, Әділет минис­трлігі бланкі атаулының санаулы ғана данасын жіберген.

«Бұл мәселе өткен көктем мезгі­лінен бері туындаған болатын. Анығырақ айтар болсақ, нау­рыз айында басталды. Бұл енді цифрландыру жүйесіне көшумен байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда тамыз, қыркүйек, қазан айында дү­ние­ге келген балаларға беріп жатырмыз», дейді Та­раз қаласы әкімдігі АХАТ бө­лі­мінің басшысы Бақытнұр Тілеубекқызы мәселенің мәнісіне үңіліп.

Облыстық әділет де­парта­мен­тінің жауабына зер салсақ, куәлік беруде кінәрат жоқ секілді. 2022 жылдың басын­да тиісті департаменттен 38 мың дана туу туралы куәлік алынып, жергі­лікті атқарушы орган­дардың АХАТ бөлімдеріне жолданған. Атал­ған кәуліктер тараптардың сұра­ныстарына сай берілген көрінеді.

Бұл мәселеге қатысты тұр­ғын­дардың уәжі кімді де болса ойландырмай қоймайды. Хал­қының саны 400 мыңға жете­қа­был Тараз қаласында 2021 жы­лы 11 753 балаға тиіс­ті құ­жа­ты уақтылы берілсе, 2022 жы­лы туу туралы куәлік алған періш­телер­дің саны 10 мыңға жуық­таған. Осы көрсеткіштің өзі көп жағ­дайдан хабар беріп тұр­са ке­р­ек. Ал ушыққан мәселе үшін жауап­кершілікті мойнына кім алмақ?

Қысқасы, Тараздағы туу туралы куәлік мәселесі жұрт­шылықты қатты толғандырып отырғаны талас тудырмайды. Әлбетте, жыл өткен сайын демографиялық ахуалдың көрсеткіші артып келеді. Жергілікті жұртшылық бұл мәселеде АХАТ бөлімінің мамандарымен немесе тиісті департамент әлде министрлікпен ақылдаспайтыны да белгілі. Сондықтан жергілікті жердегі мамандар құжатты артығымен алып қойса, оларды ешкім қолынан қақпайтын шығар... Қалай алып қарасақ та, 72 сағат­та берілетін құжаттың соңында екі айлап жүгірген халықтың уәжі орынды. Өйткені олар тілдей құжаттың соңында табан тоздырып жүр.

 

ТАРАЗ