Спорт • 06 Қаңтар, 2023

Дүбірге толы жыл

303 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл да әдеттегідей спорттық оқиғаларға толы жыл болмақ. Спорт жанкүйерлері 2023 жылы Олимпия ойындары секілді ірі жарыстарды тамашалай алмаса да, Париждегі додаға жолдама беретін бірқатар тартысты бәсеке мен жекелей спорт түрлерінен ұйымдастырылатын әлем чемпионатына куә болады. Одан бөлек, ел қоржынына жүлде салатын жарыстар аз емес. Солардың бірі – Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Сонымен қатар қазақстандық футбол жанкүйерлері былтыр Ұлттар лигасында ерлік жасаған Қазақстан ұлттық құрамасының Еуро-2024 додасының іріктеу матчтарындағы өнерін тамашалайды.

Дүбірге толы жыл

ҚАҢТАР. Қазақстандық спорт­шылар 2023 жылдың шы­мыл­­дығын санаулы күндерден кейін АҚШ-тың Лейк-Плэсид қала­сында алауы тұтанатын XXX Қыс­қы Универсиада ойында­ры­мен ашады. 12-22 қаңтар ара­лы­ғында ұйымдастырылатын сту­денттер сайысында әлемнің 50 елінен келген 1500-ге тарта спорт­шы спорттың 12 түрінен 86 жүл­де жиынтығын сарапқа салады. Осыдан төрт жыл бұрын Крас­ноярскіде жалауы желбіреген додада жерлестеріміз 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған еді.

16-27 қаңтар аралығында бокс­тан Қазақстан құрамасының 22 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлері Тайландтың бас шаһа­ры – Бангкокте өтетін Азия бірін­шілігіне қатысады. Сондай-ақ 16 қаңтардан бастап Елена Рыбакина, Александр Бублик бастаған теннисшілеріміз «Үлкен дулыға» санатындағы жылдың ең алғашқы жарысы – «Аустралия оупен» додасында бақ сынайды.

АҚПАН. Ақпан айының ба­сын­да теннистен ерлер арасын­да­ғы Қазақстан құрамасы 2023 жылғы әлем чемпионатының фина­лына берілетін жолдама үшін Чили спортшыларымен кезде­седі. Бәсеке 4-5 ақпан күндері Чи­лиде өтеді. Дэвис кубогінің ірік­теу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұра­ды. 8-19 ақпан аралығында Гер­манияның Обергоф қаласында биат­лоннан әлем чемпионаты ұйым­дастырылады. Сондай-ақ ақпан­да футболдан Қазақстан ұлт­тық құрамасы жолдастық матч өткізуді жоспарлап отыр.

НАУРЫЗ. Наурыз айында әдеттегідей футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Елі­міз­дің 14 қаласында ішкі бірін­шілік ойындары өтіп, футбол мау­сымы ресми түрде ашылады. Ай­дың алғашқы күндерінде (2-5 нау­рыз) Нидерландтың Херенвен қаласында конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаты өтсе, 20-26 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік додасы ұйымдастырылады. Оған қазақстандық спортшылар да қатысады деп күтілуде. Ал 23 нау­рызда футболдан Қазақстан ұлт­тық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы ойынын елордада Словения құрамасымен өткізеді. Кейіннен араға үш күн салып Дания футболшыларын қабылдайды.

СӘУІР. Сәуір айында теннис­тен Қазақстан әйелдер құрама­сы Бил­ли Джин Кинг кубогі турни­рінің іріктеу сатысында Польша құрамасымен шеберлік байқасады. Аталған матч 14-15 сәуір күндері Қазақ­станда өтеді. Жеңген коман­да финалдық кезеңге жолдама ала­ды. Іріктеу матчы төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұра­ды.

МАМЫР. Бұл ай спортшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де қызық­ты болмақ. Өйткені мамырда бірнеше әлем чемпиона­ты өтеді деп жос­парланған. Мәселен, 1-14 мамыр ара­лығында Өзбекстан аста­насы – Ташкентте бокстан ерлер ара­сындағы әлем біріншілігі ұйымдас­тырылса, дзюдошылар 7-14 мамыр аралығында Қатардың бас шаһары – Дохада бас қосады. Ал 12-28 мамырда Тампере (Фин­ляндия) мен Ригада (Латвия) шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді.

Сонымен қатар осы айда қазақ­стандық «Астана» велокоман­дасы Италиядағы әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігіне, теннис­шіле­ріміз 28 мамыр мен 10 маусым ара­лығындағы «Ролан Гаррос» (Париж) додасына қатысады. 31 мау­сымда футболдан Еуропа лига­сының финалын тамашалаймыз.

МАУСЫМ. Маусымда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу сайысындағы кезекті тур ойындарын өткізеді. 17 маусымда сырт алаңда Сан-Марино, 20 маусымда Солтүстік Ирландия құрамаларымен кез­деседі. Сондай-ақ бұл айда Кон­ференция лигасының (Прага, Чехия), Чемпиондар лигасының (Ыс­танбұл, Түркия) және Ұлттар лигасының төрттік финалы өтеді.

ШІЛДЕ. Қазақстандық футбол клуб­тары Еуродода ойында­ры­ның іріктеу матчтарын бастайды. «Ақтөбе», «Тобыл», «Орда­басы» командалары Кон­фе­ренция лигасындағы жорық­тарын бас­таса, ізін ала «Астана» командасы Чемпиондар лигасындағы ойын­дарын өткізеді. Шілденің басын­да әдеттегідей «Тур де Франс» велокөпкүндігі ұйымдас­тырылады. Жарысқа «Астана» командасы да қатысады. Сондай-ақ 3-16 шілде аралығында теннистен «Уимблдон» додасы өтеді. Есте­ріңіз­де болса, былтырғы жарыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар шілденің соңына қарай су спорты түрлерінен (Фу­куока, Жапония) және садақ ату­­дан əлем чемпионатының (Бер­лин, Германия) жалауы желбі­рейді.

ТАМЫЗ. Тамызда да спорт жанкүйерлері үш бірдей әлем чем­пио­натының куәсі болады. 19-27 тамыз аралығында Мажарстанның бас шаһары – Будапеште жеңіл атлетикадан әлемдік доданың алауы тұтанса, 23-27 тамызда Ис­панияның Валенсия қаласында көркем гимнастикадан әлем бірін­­шілігі өтеді. Ал 25 тамыз бен 10 қыр­күйек аралығында бас­кет­болдан әлем чемпионаты ұйым­дас­тырылады. Өкінішке қарай, соңғысына Қазақстан құрама­сының спортшылары қатыса алмай­ды. 28 тамыз – 10 қыркүйекте теннис­шілеріміз «Үлкен дулыға» сана­тындағы US Open турниріне қатысады.

ҚЫРКҮЙЕК. Бұл айда қазақ­стандық спорт жанкүйерлері Қытайдағы дүбірлі додаға көз тігеді. Өйткені Ханчжоу қаласында 2023 жылдың басты бәсекесі – жазғы Азия ойындары өтеді. Бұл – Париж Олимпиадасы алдындағы спортшыларымыздың шамасын байқайтын сәт. Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ұйымдастырылады. Сондай-ақ қыркүйекте велоспорттан ең ірі үш гранд-турдың соңғысы – 21 кезеңнен тұратын «Испания Вуэльтасы» басталады. Сонымен қатар бұл айда ауыр атлетикадан (Эр-Рияд, Сауд Арабия), ескек есуден (Белград, Сербия) және күрес түрлерінен (Белград, Сербия) әлем чемпионаттары өтеді.

Футболдан Қазақстан құрама­сы қыркүйекте Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында екі матч өткізеді. 7 қыркүйекте Финляндия құрамасын қабылдаса, 10 қыркүйекте Солтүс­тік Ирландия футболшыларымен жасыл алаңда жолығады.

ҚАЗАН. Қазан айында футболшыларымыз Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі тағы екі ойынын өт­кізеді. 15 қазанда Магомед Адиев шәкірттері Данияға сапар шек­се, 18 қазанда Финляндия құра­масымен ойнайды.

ҚАРАША. Бұл айда теннистен ерлер және әйелдер құрамамыз Билли Джин Кинг және Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне қатысуы мүмкін. Ол үшін жерлес­теріміз жыл басындағы іріктеу сайыстарында сәтті өнер көрсетуге тиіс. Әйелдер арасындағы финал матчтары 8-13 қарашада Шотлан­дияның астанасы – Глазгода, ерлердің финалы 22-26 қарашада Испанияның Малага қаласында өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ қарашада футболшыларымыз Еуро-2024 додасының іріктеу кезеңін аяқтайды. 17 қарашада жерлес­теріміз Астанада Сан-Мари­но құрамасымен кездессе, 21 қарашада сырт алаңда Сло­­вениямен жылды қорытын­дылайды.

ЖЕЛТОҚСАН. Әдеттегідей желтоқсан айы басталысымен 2023/2024 жылғы қысқы спорт маусымы ашық деп жарияланады. Бұл айда шорт-трек, конькимен жүгіру, биатлон және шаңғышылардың Әлем кубогі кезеңдері шымылдығын түреді. Сондай-ақ жыл бойы жекелеген және командалық сында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысады.