Қоғам • 06 Қаңтар, 2023

Tech Orda тәлімі

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде 49 жекеменшік IT-мектеп Tech Orda бағдарламасы бойынша IT-мамандарды даярлауды бастады. Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген болатын. Дәлірек айтсақ, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кемінде 100 мың IT-маман даярлау міндетін жүктеген еді.

Tech Orda тәлімі

– Президент айтқан 100 мың ІТ-маман­ның 20 мыңы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен Astana Hub базасында әзір­ленген Tech Orda бағдарламасы бойынша оқитын болады. Министр Бағдат Мусин осы бағдарлама аясында білікті кадрлар даярлауға маманданған отандық жекеменшік IT-мектептерге қолдау көрсетуді тапсырды. Оқыту ұзақтығы 6 айдан 2 жылға дейін созылады. Бағдарлама бойынша ІТ-мамандардың бірінші легі 2023 жылдың ортасына қарай дайын болады, – деді Astana Hub IT-стар­таптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.

Tech Orda бағдарламасы Astana Hub айналысатын веб-әзірлеу, 3D-дизайн, бағдар­ламалық және аппараттық құралдар жасау, мобильді қосымшалар әзірлеу, Big Data, Blockchain секілді негізгі басым секторларды қамтиды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Бұл бағдарлама 2021 жылы қанатқақты режімде іске қосылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100 студентті қамтыған болатын. Олардың әрқайсысына 600 мың теңге қаржылай қолдау көрсетілді. 2022 жылдың қыркүйегінде Tech Orda бағдарламасының аясын кеңейту мақсатында ІТ саласына қазақ­стандық мамандарды даярлауға бөліне­тін ваучерлер алу үшін жеке IT-мектептер талапкерлерден өтінім қабылдай бастады.

Жалпы бағдарламаға қатысу үшін 70 ІТ-мектептен өтініш түскен. Нәтижесінде, тәуел­сіз комиссияның шешімі бойынша ІТ саласының түрлі бағыттары қамтылған 146 курс ұсынған 49 ІТ-мектеп іріктелді. Арнайы жасалған алгоритмнің математикалық мо­делі негізінде осы мектептерге 3 мыңнан астам ваучер таратылды.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде рес­пу- б­ли­ка аймақтарында IT-білім беруді қол­дауға ерекше көңіл бөлінді. 2021 жылмен салыстырғанда өңірлік өкілдік айтарлықтай өскені байқалады – өңірлерден 17 IT-мектеп (35 пайыз) таңдалды. Оның ішінде Ақтау (1), Ақтөбе (1), Атырау (3), Қарағанды (2), Қызылорда (1), Павлодар (3), Семей (2), Орал (1), Шымкент (2) қалалары бар.

Мектептер таңдалған IT-мамандықтың ерекшелігі мен әлеуетті үміткерлердің дайындық деңгейіне байланысты бір ай ішінде студенттерді іріктеудің бірнеше кезеңін өткізді. Ваучерге ие болған студенттер тізімі негізінде Astana Hub пен ІТ-мек­тептер арасында келісімшарттар жасалды.

Былтыр Tech Orda бағдарламасы бойынша оқуға 16 мыңдай өтініш түскен. Іріктеу нәти­жесінде 3 068 студент ваучерге қол жет­­кізіп, IT-мамандығы бойынша білім ала бастады.

Tech Orda бағдарламасы бойынша қыз­меті мен мамандығына қарамастан, Қазақ­станның 18-45 жас аралы­ғындағы кез келген азаматы оқи алады.