Руханият • 06 Қаңтар, 2023

Шідер үзген «шедевр»

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ ән-күйін тыңдап жүрген ойлы құлақ пен сезімтал санаға Дәулеткерей Шығайұлының күйлері өзгеше әсер қалдырары сөзсіз. Атақты Бапас (Дәулеткерей) дегенде не түседі есіңізге? Не түспейді Дәулеткерей дегенде еске? Ұлы даланың бүгінгі бір шеті, кезіндегі кіндік ортасы Бөкей ордасынан ақ боз атын ойқастатып Әбілқайыр хан бастаған сұлтандар шыға келгендей елестейді. Ұлтының ары мен жұртының тұтастығына бола ту көтерген ақсүйек тұқымның асыл мұраты атой салады. Күй өнеріндегі төре тартыс, соны жосын не ғаламаттарға жетелейді. Ұлттың табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деп өскен алтын әулет маңдайына тұтқан ақсүйек өнер салтанат құрады. Бұл айтқандарымыздың өзі үстірт болар еді. Асыл тек, ақсүйек өнер осы құбылыстар ғана ма? Сол асыл, бекзада текке тән махаббат пен мінез. Қысқасы бойлап болмайды, тек күйлерін тыңдай-тыңдай тәрбиелену керек. Сондай асқақ әрі кірпияз сана мен рухқа құлаш ұра алса қандай ғаламат?!

Шідер үзген «шедевр»

 

Осы Дәулеткерейдің «Салық өлген» атты күйі бар. Ұзақ та, қысқа да емес, екі минуттан сәл асады. Дәулеткерей күй­лерін жеткізушілердің бірінен саналатын Қали Жантілеудің тартуында екі минутқа жетпеуі де мүмкін. Күй Салықтың өлгенін айтпайды. Қалай өмір сүргенін сезіндіреді. Алп-алп басқан арабы торының суыт жүрісінен басталардай сезіледі музыка. Салықтың бақилық болғанын естіп оның қалай өмір сүргенін, арман-шерін ойлап жолға шыққан Дәулеткерей күйшінің өзі делік. Бөкей ордасындағы осы оқиға, оқиға емес, аза туралы Есенғали Раушановтың «Сарыөзен» атты поэмасы барын да білетін боларсыз. Сол уақыттың қай­ғы-қа­сі­ретін қапысыз суреттейді. Дәулет­керейдің «Салық өлгенін» тыңда да, Есенғалидың «Сарыөзенін» оқы, бір-бірін аша түседі. Салықтың өмірі мен тағдыры халықтың қайғысы мен мұңынан жаралғанына көзіңіз жетеді. Сол кездің өзінде қазақтың шұрайлы жерлері қара шекпенділерге тегіннен олжа болып кеткен. Осындай мәселелермен Салық Бабажан генерал-губернаторға кірді дейді ғой, өз басының қамымен емес. Салықпен ұзақ әңгімелескен орыс сая­сатының өкілі оны сырғақтатып шы­ғарып салып тұрып ішінен ойлағаны еді дейді:

«Да-а, сөз жоқ, батыл ұлан,

батыл ұлан,

Көз жазбау керек болды заты бұдан.

…Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл

Қағынып туған екен жатырынан…»

«Тууы да ән Моцарттың құруы да ән» дейді Жұматай Жақыпбаев. Сол сияқты, Салық Бабажанның да тууы да, өлуі де ұлтының тағдырымен байланыс­ты. Сөйткен Салықты «қызмет береміз, айтқаныңның бәрі ескеріледі» деп жүріп орыстар улап өлтіреді. Елі мен жерінің болашағы үшін ақырып теңдік сұраған батырмен қош айтысқандар «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» депті. Біздің Моцарт – қазаны қабырғасымен сезінген Дәулеткерей екенінде дау жоқ.

Қайткен күнде қазақ күйлеріне жа­ңаша көзқарас керек. Алтын қорға түсі­ріп, архивке сақтаған өз алдына, музы­­калық мұраларды тереңірек талдап, за­манауи насихаттай алса. Жалғыз-ақ Дәу­леткерейдің шығармашылық мұра­сының өзі тұтасып жатқан аспан іспетті. Мәселен, Нұрғиса Тіленді пайғамбарым дейтін академик Ахмет Жұбановтың өзі Дәулеткерей шығармаларын екі-үш дәуірге бөліп қарастырады. «Дәулетке­рейдің үшінші творчестволық дәуірі мен екіншісінің арасында пәлен дерлік өткен оқиға жоқ. Сондықтан біз бұдан бұрынғы еңбектерімізде бұл дәуірді екіге бөлмеп едік. Бірақ күйлерді зерттей, орындай келе бұл кезеңді екіге бөлу дұрыс қой дейміз.

Асқан жылылық, шын жүректен шыққан жақындық, жанашырлық үн осы кезеңнің туындысы «Салық өлген» күйінде тұр. Өйткені күйшінің арнап отырған адамы Салық Бабажанов сол кездің прогрессивтік адамы болды. Ол Орынбордың кадет корпусын бітіріп, елге келіп уақытша Советте істеп тұр­ған кезінде шаруалардың қам­қоры болып, әкімдермен біраз таласты. Ал Петер­бургқа барғанында тоқы­ма өн­дірісі, электр, тағы басқа жаңа­лық­тармен танысып, соларды қазақ дала­сына алып келіп жаюды арман етті» деп, «Са­лық өлген» күйіне арнайы тоқ­талады.

«Оның бармағының табы түскен әр пернеден пейіштің төрінен ескен самалдай ең бір нәзік, ең бір ұлпа, ең бір пәк сезімдер сыңсып қоя бермей ме? Кәусар бұлақтың суындай сылдырап аққан сылқым қуаныш сылқ-сылқ күліп, жәннат іздеп жанталасқан қомағай пендені жан-жағына жіті зер салып, жете пайымдауға шақырмай ма? Етегіне жел тимеген арудың ақ жүзіне үлбіреп тұнған ұяттай, жүрегіне зіл, көңіліне кір жоламаған сәбидің жүзінде шоқ боп жанып тұрған шолжың ожарлықтай шынайы бақыттың шын лебізін тек Дәулеткерейден табуға болатын шығар. «Топан» мен «Салық өлгендей», «Жігер» мен «Көрұғлындай» шідер үзген шедеврлер тек сондай көкіректен ғана мөлдірей төгіле алатын шығар», депті Әбіш Кекілбай. Алып-қосар жоқ.