Білім • 09 Қаңтар, 2023

Маман даярлау: ізденіс пен іркіліс

426 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Білім беру саласындағы терең, жан-жақты зерделенбеген сынақ­тар салдары қордаланған мәселеге ұласып, шешілу жолдары әлі күнге дейін тығырыққа тіреліп тұр. Нақ­ты айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесі жиі реформалар жүр­гізі­летін сынақ алаңына айналған.

Маман даярлау: ізденіс пен іркіліс

Бұл ретте жоғары оқу орнында бас­­шылық қызмет атқарған, бүгінде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлымен сөйле­сіп, аталған мәселе жөнінде пікірін біл­дік.

– Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде қоғамның бәрі реформаға түсті. Соның ішінде реформаға ең көп түскен сала – осы білім беру жүйесі. Кезінде 90-95 жылдары бізге балабақша керек емес деген пікір кең етек алып, соның салдарынан 2 мыңға жуық балабақша талан-таражға түсті. Сол жылдары білім саласы құлдырап, айлықтың өте төмен болуы салдарынан бірқатар білікті ұстаздар базар жағалап кетті. Біз соның зардабын әліге дейін тартып келеміз. Негізінен мектепке 2007 жылдан бастап көңіл бөліне бастады. Осының дәлелі ретінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы қолға алынып, аймақтарда мектептер мен ауруханалар кезең-кезеңімен салынды. Соған қарамастан осы білім саласына мемлекет тарапынан қаншама қаражат құйылып жатса да, жекелеген өңірлерде қазір де мектеп жетіспейді. Биыл 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдадық. Бұл бюджет бойынша 30 жылда қарастырылмаған қаражат бел­гіленіп, айқындалды. Мәселен, кезінде жылына мектеп салуға 100 млрд теңге бөлінсе, қазір 2023 жылға мектеп құрылысына 500 млрд теңге бөлініп отыр. 2024-2025 жылдарға арналған кезеңдерге 850 мыңға жуық оқушыны қамтамасыз ететін мектеп салынады, оны қаржылық тұрғыдан есептегенде 2 трлн теңгеге жуықтайды, – деді сенатор сөз орайында.

Жалпы, білім саласына қатысты бірнеше реформа жасалды. Соның бірі орта мектепке жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстық орын алды. Бас-аяғы 4 жыл ішінде 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап шығып, шексіз реформалар тәжірибесін ұсыныппыз. Дәл қазіргі кезде мұның тиімділігін айту өте қиын. Олай дейтініміз, оқу құралдарын бірнеше мәрте басып шығару ісі оқу стандарттарын үздіксіз өзгертуге әкеліп соқтырды. Мысалы, кейінгі бес жылда «Білім туралы» заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2000-2017 жылдар аралығының өзінде білім беру стандарты 7 рет өзгеріп, әр өзгерту сайы­н оқулықтар жаңартылған. Мұның артында қыруар қаржылық шығын тұрғаны және анық. Осы мәселелермен қатар, орта мектептерде білікті кадр жетіс­пеушілігіне қатысты істің әлі бір ізге түспегені көңілді күпті етеді. Оның олқы тұстары 1990-2000 жылдар кезеңінен бастау алды. Сол кезеңдерде төменгі балл алған мектеп түлектерінің мұғалім мамандығын таңдауы салаға біраз салдарын тигізді, солардың бір­қата­ры қазір де мектептерде сабақ беріп жүр. Олардың қатарында жоғары оқу ор­нын сырттай бітіргендер де бар. Ал ен­ді осы мәселені түбегейлі зерттеп, одан нақ­­ты қорытынды шығарып жатқан кім бар?!

Оқу-ағарту министрлігінің былтыр тамыз конференциясында келтірген дерегіне жүгінсек, қазіргі кезде оқу үлге­рімі төмен 500 мыңға жуық бала бар. Бұл кезінде мектепте нашар оқыған­дар­дың бүгінде мұғалім болып қызмет атқа­руының әсері емес пе екен деген заңды сұрақ туындайды. Бұл – бір. Екін­шіден, жоғары оқу орындарында педагог мамандарын ақылы негізде даяр­лау­ды доғаруымыз тиіс. Себебі нашар оқы­ғандардың педагог мамандығын ақы­лы негізде білім алуына жол ашылып отыр.

Білім саласындағы келесі пробле­маның бірі – жұмысшы мамандығын даяр­лау ісі. Мемлекет кейінгі төрт жыл бойына жыл сайын 21 мың адамды жұ­мысшы мамандығына даярлауға тап­сырыс беріп келеді. Былтыр оның саны тіпті артқан. Дегенмен жұмысшы мамандарын даярлап жатқан бірқатар колледждің материалдық-техникалық базасы өте нашар және олар жұмыс берушімен тәжірибе алмасуын жеткілікті дәрежеде жолға қоймаған.

– Біз 2021 жылы «Ғылым туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Бұл – дұрыс шешім. Осыған қарамастан ғылым саласына қатысты қойылатын талаптарға шектеулер бар. Айталық, магистр мен Phd атағын иелену үшін шетелдің ғылыми басылымдарында ғылыми еңбек жариялануы керек және бұл ақылы негізде жүзеге асырылады. Оның ақысы қымбат. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика, психология, отандық тарих және экономика сияқты пәндерге байланысты шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялаудың қажеттілігі жоқ деп санаймын. Егер олар сол басылымдарға әлгі мақаласын жариялай алмаса, ғылыми атағын қорғай алмайды. Шетел басылымдарында ғылыми мақалалардың жариялануын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ еліміздің басылымдарында сол мақалалардың шығуына шектеу қоймау керек. Себебі мұның салдары заңсыз әрекеттің белең алуына әсерін тигізуде. Былтыр жазда Шымкент қаласында жал­ған магистр дипломын алғандар – осы сөзіміздің дәлелі. Олардың бұл іске амал жоғынан барғаны мәлім. Бір жағы­нан магистр дәрежесі барларға мектептерде қосымша ақы төленетіні жекелеген тұлғаның қызығушылығын туғызады.

Жалпы, 30 жыл ішінде түк жасал­мады деу әбестік болады. Осы мерзім ара­лығында тапқанымыздан жоғалт­қаны­мыз көп болды. Кеңес одағын аңса­ған­дай болармын, бірақ ақиқатында сол уақытта фундаментальды білім бе­ру жүйесі өте күшті болды. Алайда одақ құрамынан шыққаннан кейін, ал­ды­мызда білім саласы бойынша қай жолды таңдау қажеттігі туралы маңызды міндет тұрды. Ол үшін әр мемлекеттің білім беру жүйесін сараладық. Түптеп келгенде, Болон білім беру жүйесін таңдадық. Бұл әлемдік білімдердің үдерісі дегенді білдіреді. Яғни бір мемлекеттен алған дипломыңыз басқа мемлекетте жарамды болады деген сөз. Бұл ретте Қазақстаннан алған жоғары білім кез келген Еуропа елдерінде және басқа да мемлекеттерде мойындалуы керек. Алайда бізге келіп жеткен мәліметтер бойынша, шетелде біздің диплом қайта дәлелдеуді қажет етеді екен. Осыған байланысты Болон білім беру жүйесін әлі де жетілдіру мәселесі өзекті күйде қалып отыр. Мұның салдары балаларымызды фундаментальды білімнен айырған жоқ па екен деген де ойға жетелейді, деді М.Бақтиярұлы.

Еуропа жастарының басым бөлігі ең алдымен орта арнаулы білім алуға маңыз береді. Осы оқу орнын бітіріп, сала бойынша шеберлігін шындаған соң ғана жоғары білім алуға ден қояды. Ал бізде 2021 жылы мектеп бітіргендердің 80 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына құжат тапсырған. Қалғаны колледжге бағын сынап көрді. Мұны пайыздық мөлшер бойынша Еуропа мемлекеттерімен салыстырсақ, біздің көрсеткіш олардан асып түседі. Еуропа мемлекеттерінде жоғары білім алатындар 30-40 пайыз аралығын ғана қамтиды. Мәселен, бізде жылына 500 мыңдай адам жоғары оқу орындарына түседі. Жыл сайын оның 120 мыңдайы жоғары оқу орындарын бітірсе, 40-45 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша қызмет етеді. Ал олардың ішінде грантпен оқып, өз саласы бойынша жұмыс істемей, білім грантына бөлінген қаржыны ақтамай отырғандар жетерлік. Бұл ретте мемлекет тарапынан жыл сайын жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарына бөлінетін білім гранттарының көлемі ұлғайып келе жатқанын да ескеру қажет. Осы мәселені қорыта келгенде, оқу орындарын тегін түрдегі білім гранттарымен бітіргендер ішінде қайсысының жұмысқа орналасқанын анықтайтын, сондай-ақ олардың мемлекет қаржысын ақтағандығына қатысты мәліметтерді зерделейтін кез келіп жетті.

Білім саласындағы проблемалар­мен қатар, нәтижелі істердің барын жоқ­қа шығармаймыз. Кезінде жекелеген әкім­діктер мұғалімдерді «қол­бала» ретінде жұмсап, олардың тікелей міндет­теріне жатпайтын жұмыстарды мойы­нына жүктеп қойды. Осы және басқа да ол­қылықтарды реттеу мақ­сатымен елімізде «Педагог мәрте­бесі туралы» заң қабылданды. Бі­рінші кезекте осы заң арқылы мектеп мұғалім­де­рінің құқы қорғалып, олардың мәрте­бесі анықталды. Бұл заңның сәтті қабыл­­­дануына бұрынғы Оқу-ағарту минис­трі Асхат Аймағамбетовтің де үлесі бол­ғанын атап өткен жөн. Ол орта мектептерде 15-25 жыл бойы директор қызметінде отырғандарды ротация жасау арқылы кезең-кезеңімен орындарынан ауыс­тырды. Енді мектептерде ұзақ жылдар бо­йына қатардағы мұғалімдіктен әрі аспа­ған ең тәжірибелі қызметкерлердің лауа­зымын өсіруге назар аударса деген тілек бар.

Ұстаз – ұлы тұлға. Оларға қарап шәкірттер бой түзейді. Сондықтан ұстаздың әлеуметтік мәсе­ле­сі алдымен шешілуге тиіс. Кейінгі жыл­дары айлық табысы сатылап өсіп жатқаны көңіл қуантқанымен, білім саласы бо­йын­ша жоғарыда атап өткен түйінді мәсе­лелер уақыт оздырмай шешілу қа­жет­тігіне ерекше назар аудартады.

 

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

журналист