Еліміздегі көне мұрағат қорларының бірі – Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева елімізде дереккөздерді жаңарту, архив ісінің жандануына «Архив – 2025» бағдарламасы серпін беріп келеді, дейді. Оның айтуынша, тарихи жады сабақтастығының кепілі ретінде әлемдегі мұрағаттар қоры маңызды рөлге ие. Осы ретте құпия құжаттар қорының қолжетімділігі, күні бүгінге дейін құжаттардың ауқымды қорының ғылыми айналымға енуі де архив ісіндегі жетістіктерімен байланысты. «Батыс саяхатшыларының визуалды құжаттары осы уақытқа дейін арнайы зерттеу тақырыбы болған жоқ. Қазақстан мен Орталық Азия географиялық орналасуымен, табиғи ресурстарымен, ежелгі мәдениетімен Батыс Еуропа саяхатшыларының қай кезде де назарын аударып келгені белгілі. Олар жинаған дереккөздерден белгісіз фактілерді, белгілі оқиғаларды нақтылау және салыстыруға мүмкіндік беретін сирек деректерді кездестіруге болады. Осындай мұрағат қорларына қол жеткізу арқылы өткенімізді зерттеп, анықтау арқылы біз тарихи деректер базасын байыта аламыз. Ресей және шетел деректерін салыстырып қарағанда, Батыс фотографтары мен саяхатшыларының жеке қорларынан алынған фотоқұжаттарды олардың шығу тегі мен мазмұны жағынан, табиғилығы, ғылыми дәлдігі тұрғысынан және геосаяси бейтараптықты ұстанатын сенімді дереккөздерге жатқызуға болады. Дереккөз қаншалықты Қазақстаннан алыстаған сайын ол соншалықты шынайы келеді. Еуропа мен АҚШ елдерінен келген ғалымдар, саяхатшылар мен фотографтар еліміздің тарихы, мәдениетіне қызығушылық танытуының нәтижесінде кино, фотоқұжаттар қоры жинақталды.
Осы орайда Сәуле Сатаева швейцариялық жиһанкез, жазушы, фотограф Элла Майар түсірген суреттермен таныстырды. Бұл суреттерді тарихшы архив қорына қабылдау үшін емес, конференция, форумдар, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында ғана әкелген. Элла Майар 1930 жылдары кеңес одағына алғашқы сапарын жасап, халықтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты суреттер түсіріп, деректер жинастырғаны белгілі. Еуропаға оралғаннан кейін өзінің саяхаты туралы француз тілінде «Аспан таулардан Қызыл құмдарға дейін» кітабын шығарды. Кітаптан түскен қаламақысын жаңа сапарға, бұл жолы көшпенділер еліне – Орта Азияға салуға шешім қабылдаған Элла Майардың кейінгі сапарлары туралы жазған кітаптары да жиһанкездің саяхатқа толы өмірін суреттейді. Альпі тауларында шаңғы теуіп, экстремалды саяхат түрлеріне әуестеніп, 94 жасында өмірден өткен Элла Майардың Непал, Тибет, Үндістан, Түркия, Иран, т.б. әлем елдеріне саяхаты бүгінде көптеген зерттеулердің дереккөзіне айналған.
«Орта Азияда 6 айдан астам саяхаттаған батыл әйел Элла Майар суреттер мен негативтерді Елисей музейінің архивіне қалдырған. Польшалық әріптестеріміздің қолдауымен Швейцарияның Лозанна қаласындағы Елисей музейі қорындағы мазмұны терең тарихи құжаттармен танысу мүмкіндігі туды. Бір аңғарғанымыз, музейде Қазақстанға қатысты деректер өте сирек. Мұнда Қазақстанға қатысты 50 шақты сурет сақталған болса, Өзбекстан, Қырғызстанға қатысты деректерді көптеп кездестіруге болады» дейді С.Сатаева.
Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын 200 мыңнан астам фотоқұжаттар қоры жинақталған. Бүгінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қорының 40 пайызға жуығы цифрлық жүйеге көшірілген. Әр дәуірдегі оқиғаларды айғақтайтын суреттер TIF форматында сақталған. «Құжаттардың сандық жүйеде сақталуы түпнұсқаның өміршеңдігін сақтауға ықпал етеді. Архив құжаттарының мазмұны күрделі келетіндіктен арнайы режімде сақтауды талап етеді. Құжаттың датасы қаншалықты көне болған сайын оның құндылығы да арта түсетіні сөзсіз. Мұрағатта құпия құжаттар жоқ. Ал цифрлы жүйе зерттеушілер сұранысын жылдам қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда техникалық жарақталуы жағынан отандық, шетел архив саласында жетекші архивтердің бірі ретінде алдымызда заман үдесінен шығу, қордағы бай мұрағатты келер ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуде серверлер мен штат санын ұлғайту міндеті тұр, дейді С.Сатаева.
АЛМАТЫ