Оқиға • 09 Қаңтар, 2023

Қыршын кеткен қос сарбаз

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалпы тарихта түрлі атаумен қалған азалы күндер көп. Қаңтар оқиғасы сондай қасіретті атаумен, қанмен жазылып, кәрі тарихтың бір парағына айналды. Тәуелсіздік бәске тігілген қаралы күндерде қыршын кеткен талай жастың обалы опасыздарға. Қаңтар қырғыны кезінде Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары анттарына адалдық танытып, қызметтерін мінсіз атқара білді. 400-ден аса ұландық әскери қызметші түрлі деңгейдегі жарақат алса, өкінішке қарай, екі жас сарбаз қаза болды.

Қыршын кеткен қос сарбаз

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қаңтар трагедиясында Қарағанды қара жамылып тұрып, жаппай тәртіпсіз­дікте мерт болған қос боздағын қара жер қойнына тапсырған еді. Ұлттық ұлан құрамында Отан алдындағы парызын өткеріп жүрген өрімдей екі азаматынан айырылған Арқа жұрты аһ ұрғанда азадан аспан айналып жерге түскендей еді...

Қаңтар трагедиясы кезінде ұландық­тардың да «Жоғарғы деңгейлі» дабыл бойынша жасақталып, лаңкестерді тоқтатуға жұмылдырылғаны аян. Әрбір ұландықтың ойында – антқа адалдық тұрғаны мәлім. Антқа беріктікпен дұшпанға бой бермеген ұландықтар қаза болған қаруластарын ұдайы еске алады.

Тәртіпсіздік пен бассыздық тоқтау­сыз жалғасқан бес күн, бес түнгі шеруде арам пиғылдылардың айласын асы­руға тырысқаны анық еді. Тәуекел­ділікпен тас жұтқан шешім мен әбжіл қимыл нәтижесінде басбұзарлар мен қа­сақана қылмыс жасаушылар құрық­талды. Қашқандары ұсталды. Өкініш­ке қарай сол сұрапыл күндері Талды­қорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің аға маманы (аға гранатометшісі) Айбат Аманов лаңкестердің қолынан қаза тапты. Айбаттың ата-анасының аңырап қалғанына 1 жыл толды.

Айбаттың анасы Гүлнәз ұлының ақжар­қын мінезін еске алады. «Кіш­кентайынан-ақ ерекшелігімен көзге түсетін. Жастайынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін», дейді бауыр еті баласын сағына еске алған ана жүрегі.

Сегіз жасынан спортқа бейімделген Айбат 8 жыл бойы бокспен шұғылда­нып­ты. Ауыл, аудан, облыс, тіпті республика көлемінде алтын медаль таққан кезі көп екен. Әкесі ұлының «Генадий Головкин «ГГ», Серік Сапиев «СС», мен де Айбат Аманов «АА»-мын ғой, әлі-ақ, әйгілі боламын, әке!» деген орындалмай кеткен арман-тілегін өзегі өртене айтады. Мамыр айында комиссия шешімімен әскерге аттанған ұлдың қаңтардың қақаған қысында табытпен келерін ол кезде ешкім білмеген еді.

Маңдайына жазылғаны болар, Талды­қорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөліміне түсті. Екі айдан соң ант қабылдады. Әскери борышын абыроймен өткеріп жүрген. Елге оралуына да санаулы күндер қалған еді. Әттең... 2022 жылдың 5 қаңтары бір әулетті боздағынан айырды. Бұл – Амановтар отбасы үшін қаралы хабар жеткен күн еді. Жанбай жатып сөнген жастың қазасын естірткен, ананы естен, әкені тіректен айырған күн еді бұл. Отан алдындағы борышына адалдық танытқан өрімдей ұл осылайша содырлар қолынан қыршын кетті. Содан бері бір жыл өткенімен, жүректердегі жаза жазылған жоқ.

Қызылорда қаласында Отан алдын­дағы борышын өтеген 19 жастағы қараған­дылық Мадияр Қайсаров та қаңтар қыр­ғыны кезінде ерлікпен қаза тапты. Мад­иярдың туған күніне небәрі 24 күн қалып еді сонда. Қарағанды қаласы­ның Майқұдық ауданының тумасы 2002 жылдың 29 қаңтарында дүниеге келген М­адияр біреудің жалғызы, көзінің қарасы еді.

Кішкентай кезінен тым зерек болып ер жеткен Мадияр жүзу, дзюдо, самбо және каратэмен айналысты. Зерек ұл сурет салып, әлем классиктерінің әуендерін де тыңдайтын.

«Әрдайым ерте тұрып, үй маңындағы мектеп-интернаттың футбол алаңында жү­гі­ріп келіп, гантель және штанга көтере­тін, сонымен бірге белтемірді де ұмыт­пай­тын», деп әкесі Оразалы еске алады.

Мектебін аяқтаған соң Мадияр бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша Инновациялық технологиялар колледжіне оқуға түседі. Оқуында озат болып, дипломдық жобаны сәтті қорғап шығады. Уақыт өте келе Мадияр ел алдындағы борышын өтеуге шешім қабылдапты. «Әке, барлық дос­тарым әскерге барып жатыр, мен де барамын. Келген соң университетке оқуға түсемін» деп алдына үлкен мақсат қойып, әскерге кетіп еді», дейді әкесі.

2021 жылғы 4 маусымда Қараған­дыдан Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміне (Қызылорда қаласы) борышын өтеуге аттанды. Желкілдеген жастың енді қайтып келмесін кім білген?! Мадияр отбасымен соңғы рет 2022 жылы жаңа жыл қарсаңында сөйлескен екен.

«5 қаңтар күні маған 5547 әскери бөлімінің командирі қоңырау шалды. Байланыс дұрыс болмаған соң қоңырау үзіліп кете берді. Содан кейін маған «Сіздің ұлыңыз өзінің қызметтік-жауынгерлік қызметін атқару барысында қаза тапты» деп анық дауыспен хабарлады. Одан соң үйге қалай жеткенім есімде жоқ», дейді әкесі.

Бөлім командирі Мадиярдың Қызылор­да қаласындағы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қатысты жауынгер­лік тапсырма кезінде көз жұмға­нын жеткізген. Бүлікшілер әскерилер­ге қарсы жүк көлігін жіберген сәтте маңа­йындағы сарбаздарды аман сақтап қалмақ болған жас сарбаз көліктің астына түсіп, соның салдарынан қаза тапқаны мәлім болды.

Ал 8 қаңтар күні Мадияр Қайсаров атасы жатқан Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі зиратқа әскери құрметпен жерленді. Сарбазды соңғы сапарға шығарып салуға туған-туыстары, депутаттар, жергілікті билік өкілдері, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы және 5547 әскери бөлімнің басқарма құрамы қатысты.

10 қаңтарда Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың отбасына III дәре­желі «Айбын» ордені, «Ұлттық ұлан қыз­метінің үздігі» төсбелгісі мен ерекше атақ­тың белгісі «Күрең кеудеше» табыс етілді.

 

Қарағанды