Мамандардың айтуынша, адам өмірге келгеннен бастап электромагнит сәулесінің әсерінде болады. Жануарларға, өсімдіктерге, микроорганизмдерге жер қыртысынан бөлінетін гамма және ғарыш сәулелері сырттан әсер етеді. Егер бұл сәулелер тірі организмге артық мөлшерде өтсе, жасушалардың, ағзалардың тіршілігіне қауіпті ауру жабысады.
Былтыр өңірде мектеп және мектеп-интернаттарының компьютерлік сыныптарында электромагниттік өрістердің деңгейлерін анықтау үшін 22 146 өлшеу жүргізілген. Оның 487-сі рұқсат етілген шекті деңгейден артқан. Бұл қатарға Ескелді, Қаратал, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларының білім беру нысандары кіреді.
ЭМӨ шекті деңгейден асып кетуінің негізгі себебі – компьютерлік сыныптарда жерге қосу контурының болмауы. Сондай-ақ оның ережеге сай дұрыс жерге қосылмауы да артық сәуле таратады.
Анықталған бұзушылықтар бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына ұйғарымдар беріліп, жауапты тұлғалар 9 847 545 теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, электромагниттік өрістің ағзаға жағымсыз әсері өте көп. Мысалы, орталық жүйке жүйесінің қалжырауына әкеледі. Яки адамда есте сақтау қабілетінің төмендеуі, күйзеліс, аса қозғыштық, тітіркенгіштік, ұйқысыздық, көңіл күйдің өзгеруі, әлсіздік болады. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары жүйесі бұзылады және қанның биохимиялық көрсеткіштері өзгереді. Сондықтан білім беру объектілерінің басшылары өндірістік бақылау шеңберінде тұрақты зерттеулер жүргізіп, оқу кабинеттерінде компьютерлерді пайдалану кезінде барлық талапты орындауы қажет.
Бүгінде балалардың көпшілігінде ұялы телефон мен дербес компьютерлер бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Ата-аналарға балаларына күніне 1-2 сағаттан артық компьютерде отыруға, сондай-ақ ұялы телефонды қажетсіз пайдалануға рұқсат бермеу керек.
Электромагниттік өрістен қорғану үшін жоғары және ультра жиілікті қондырғыларды дұрыс орнату шарт. Экрандалған бөлмелердегі қондырғыны алыстан бақылау да маңызды. Сондай-ақ электромагниттік сәулеленуді дозиметр көмегімен мекемені айына кемінде бір рет тексеру қажет. Жылына медициналық тексеруден өту де артық етпейді.
Жетісу облысы