Аймақтар • 09 Қаңтар, 2023

Алматыда 17 сейсмикалық станция орнатылады

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Алматыда 17 сейсмикалық станция орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда 17 сейсмикалық станция орнатылады

- Сейсмикалық қауіпті өңірлердегі жойқын жер сілкіністеріне азаматтық қорғау жүйесін дайындау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді, - делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.

Жол картасын іске асыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар келесі жұмыстарды жүргізуі тиіс: облыстардың аумақтарын егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру карталарының жиынтығын әзірлеу; бақылау станцияларын құра отырып, сейсмологиялық бақылау жүйелерін дамыту; жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу; жер сілкінісі туындаған жағдайда материалдық ресурстар мен қаржы резервін құру жөнінде шаралар қабылдау; халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және персоналды, өндірістік, жарылыс-өрт қауіпті объектілердің персоналын оқыту.

Премьер-министр 2021 жылы «2021-2023 жылдарға арналған қазіргі заманғы ғылыми-әдістемелік негізде облыстар мен қалалар аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін бағалау» нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы үшін 10 сейсмикалық станция сатып алынғанын түсіндірді. 2022 жылы бақылау станцияларының желісін кеңейту мақсатында Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумақтарында 8 сейсмикалық станция орнатылды.

«Сондай-ақ 2022 жылы Алматы қаласында 11 станция орнатуға жергілікті бюджеттен 547 млн теңге бөлінді. Ал 2023 жылға қарай тағы 17 станция орнату жоспарланып отыр», деп жазды Әлихан Смайылов.