11 Маусым, 2014

Тұмақтан келген адам

285 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Тамук-3 КСРО саяси террор құрбандарының тізімінде ол туралы жартылай болса да, мынадай деректер келтірілген. Қалиев Ноғай. 1910 ж.т., Қарағанды обл., Шет ауд.,Ақсу-Аюлы к.; қазақ; білімі бастауыш; редактор, Шет газеті. Ол 1931 жылы ұсталады. Ұлы кәмпескеде қайын жұртын жақтаған-мыс. Қайын жұрты шынында да малды болған. Осы жолы Семейге айдалып бара жатқанда машинаға қазақтың аймаңдай ұлы Мұхтар Әуезовтің те тиелгенін растайтын айғақтар бар. Жолда қазақ жігіттері қашып кетпекші болғанда, «мұның соңы жаман болады» дегенді айтып тоқтатқан Мұхаң екен. Жеке бастың аталмыш парағында оның 1938 жылы 27 мамырда екінші рет Шет ауданында сотталғаны көрсетілген. Демек, Ноғай Қалиұлының сотталғанға дейінгі қызметі Шет аудандық газетінің редакторы болған. Басқа бір мұрағат деректерінде ол кісінің Қарқаралы аудандық, Балқаш қалалық газеттерінде істегені жөнінде мағлұматтар бар екен. 70 жылдығын атап өткен Шет аудандық басылымы өз редакторларының тізбесін жариялағанда, ол кісінің есімі жай қызметкерлер тізімінде де болмай шықты. Осы басылымның редакторы болып істеген басшылары да ешқандай дәйектеме бере алмады. Осыған қарамастан, Ноғай Қалиұлының Шет аудандық газетінде редактор қызметін атқарғанын анық деп білеміз. Өйткені, қамауға алынып, сотталғандардың барлығының парақшасына соңғы жұмыс орны жазылады. Қиыр Солтүстік НКВД Бас құрылыс басқармасының кейіпкерімізге ашқан еңбек кітапшасының мамандық деген тұсында журналист деп көрсеткен. Сотталды: Қарағанды облыстық сотының 1939 жылғы 19 мамырдағы үкімімен, РСФСР ҚК 58-7,58-11 баптарымен айыпталады. Бұл бап ауыр қылмысқа жатады. Біздің сұрау салуымызбен бұл деректі ҚР ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті беріп отыр. РСФСР ҚК бойынша 58-бап мемлекеттік қылмыс және контрреволюциялық іс-қимыл әрекеті болып табылады. Жалпы, тергеу күндіз-түні жүргізіліп, бір жылға созылады. «Қара елестер» Ноқаңның соңына 1937 жылы түседі. Қанша бой жасырғанымен келер жылдың 27 мамырында қолға түседі. 1939 жылы 19 мамырда сот 15 жыл ИТЛ-ға (еңбекпен түзеу колониясына) жіберу туралы үкім шығарады. Сол заманда КСРО жерінде советтік еңбекпен түзеу лагерьлері сегіз аймаққа бөлінетін. Соның бір аймағы Қазақстандағы лагерьлердің өзі ұлан-ғайыр жерді алып жатты: ҚарЛАГ, БалқашЛАГ, АқтөбеЛАГ, СтепЛАГ, ЕкібастұзЛАГ, ШымкентЛАГ, т.б. Ерекше бағыттағы лагерьлер – Алжир, Петропавл, Семей. Қазақстан рет саны бойынша бесінші аймақ болатын. Бұл лагерьлерде бес жылдан жоғары мерзімге кесілгендер отырды. Советтік жаншу аппараты бірден іске кіріседі. Алдымен ҚарЛАГ-қа 6 айға отырғызады. Сонан кейін ғана тұтқындар этаппен арнаулы конвоймен Верхоянскіге жөнелтіледі. Тауар вагондарына тиелген оларға жылы киім берілмейтіні, судың өзі тәулігіне бір рет беріліп, көбінесе кепкен нанмен шектеп отыратын. ГУЛАГ Ноғай Қалиұлын контрреволюционер ретінде қарсы алады. Лагерьлердің бәрі бір типті еді. Тікенек сымды қоршаудың бірінші қатарының биіктігі бір метр, негізгі болып саналатын екінші қатардың биіктігі 3-4 метр болатын. Төрт жағында боса-болмаса қарауыл мұнарасы. Ортасында медсанчасть, штрафизо, оның сыртын ала барақтар жайғасқан. Изолятор нағыз бекіністерден тұрды, олар жеке және жалпы камералар болып бөлінді. Ноғай екеуінде де отырып шыққан. Изоляторлардың төбесі кісі бойы бөренелермен жабылған, асты бетондалған. Одан қашып шығу мүмкін емес еді. Верхоянскіні суықтық полюсы дейді. Ноқаң отырған сол жылдары Сібірде ауа райы өте суық болды. Ауаның температурасы кей күндері 60 градустан да төмендеп кетеді екен. Адамның итжандылығын сонда көрген. Кәдімгі қара, қызыл бұрыштарды араластырып үгіп, денелерін ысқылап жан сақтаған күндері аз болмапты. Ал тұтқындардың көбісі сол жатқан төсектерінен тұрмай қалатын. Оларды сыртқа сүйреп шығарып, кәдімгідей ағаш қалағандай қалап қойып, сонсоң жағармай құйып, от қоятын. Сонда әлгі «мәйіттер» тірілер еді. Екі қолдарын ербеңдетіп, бағыт-бағдарсыз ащы айқайлармен ес-түссіз «маңырар» еді. Мұны жайбарақат көру мүмкін емес... Мұнда да көп тұрақтамайды. Келесі этаппен Оймяконның өзінен шығады. Ондағы суықтық 70 градусқа дейін барған. 1939 жылы 70,4 мың, ал келесі жылы 47,3 мың тұтқын келеді Оймяконға. Ноғай әкеміз осы кейінгісімен келгендердің бірі. Тамыз айының басында Владивостоктан шыққан «Дальстрой» кемесі Нагаев бұғазына зәкір тастайды. Түкірік жерге түспей қататын мидай даланың дәмін солай татады. Чай-Урьяға жетіп забойщик болады. Бұл СеввостЛАГ Қиыр Солтүстік НКВД-сына қарайтын. Ондағы тұтқындар негізінен алтын, қола, біраз мөлшерде вольфрам, басқа да түсті металдар өндірген. Ноқаң былай еске алады: «Бұл бір құмырысқаның илеуіне ұқсайтын. Мыңдаған тәшкелі тұтқынның қозғалысы бір ырғаққа түскен. Күннің жарығымен 12, одан қалса 16 сағат үзбей жұмыс істейміз. Мамыр айының басынан қыркүйек айының ортасына дейін бұл тірлік әсте тынбайды. Тұтқындар мұнда бір маусым ғана істейді. Одан әріге жарамайды. Көбісі үш айдан аспайды. Буындарын ұстай алмайды. Сол тірі, жылы күйінде жер астында қалып жатты... Ал олардың орындарын жаңадан келіп жатқандар толтырып отырды... Шахтада тіктеп жүре алмаймыз. Айтмағанбет екеуміз бір қайла мен сүңгіге жегілдік. Жері тоң, алдырмайды. Дәрімен атып алады. Байқамай тол (дәрі) салынған шұңқырды ломмен ұрайық. Келер сәт қатты жарылыс болды. Көз алдымыз қараңғы болды да қалды. Есімізді жиғанда төбеге барып қадалған ломды көрдік. Біресе жыладық, біресе күлдік. Аман қалғанымызға қуанған түріміз ғой». Айтмағанбет Ибраев Ақтоғай ауданының Жәмші ауылының тумасы. Тағдырдың жазмышын қараңыз, бұлар қазақ топырағында емес, сонау Сібірде табысады. Бәрі шыбындай қырылғанда екеуі аман қалады. Елге де бір керзі етікті кезек киіп, аман жетеді. Алтын қазу маусымына төтеп бергендер қатарында бұлар да болып, 1941 жылдың 1 қаңтарында бұлар да босайды. Ноқаң былай еске алады: «Тірі қалатыныма сенбегем. Бүгін жаныңызда жатқан адам ертеңіңде тұрмай қалады. Діңгене дегені тағы бар. Буыннан алады. Оларды сауықтырамыз деп ешкім де әуре болмайды. Олардың емі шірет деп автоматпен қырып салады. Сонан тал қармайын. Есіме Мұхаң түсіп жағдайымды айтып хат жазайын... Бірақ хаттың Мұхаң қолына барып жететініне сенбедім..». Жеткенде қандай. Жетпек тұрсын Мұхаң Мәскеудегі таныстарын іске қосып, Ноқаңның ақталып шығуына себеп болады. 1940 жылғы 19 ақпанда Қарағанды облыстық соты қылмыстық құрамы болмағандықтан ақтайды. Алайда... «Мен мұның бірін де білмедім. Қашуды да ойластырасың. Бірақ қашқанның барлығы қарауылға жем болып жатты. Әрқайсымыздың сол жақ омырауымызда литерлер болды. Онда кімнің қандай аурумен ауырғаны, қашып-пысқандары, босатылғандары бадырайтып көрініп тұрады. Солардың көбісінің үшінші нөмірге жеткендері некен-саяқ болды. Мен тірі келем деп ойламадым... Витамин жетіспегендіктен пеллагара деген ауру жайлады. Он адамның тоғызы содан кетті. 1940 жылы лагерьде 10 мыңның үстінде, ал келесі жылы 15 мыңның үстінде адам қырылды. Олардың барлығы да жағармай құйылып өртелді...». Чай-Урьяда Ноқаң 4,5 ай жұмыс істейді. Мұндағы жұмысқа жегілгендер небәрі бір айдың әрі-берісінде шахтаның астында мәңгілікке қалып жатты... Ноқаң содан аман. Ол алдында жарты ай жұмыс істейді. Қалған уақытында даярлық жұмыстарында болады. Мұндағы алтын қазу маусымы 4 аймен шектеледі. Ноқаң сосын Бас басқарманың қарауына жіберіледі. Жүк тасушы болып еңбек етеді. Ол да ел сияқты бір тәшкеге ие болады. Оймякондағы жол құрылысына қатысады. Мұндағы суықтық 70 градусқа дейін барады... «Бұл құрылыс мыңдаған шақырымды алып жатты. Әрбір он бес шақырым сайын лагерь бекеттері орналасқан. Мұндағы бастысы – қозғалыс. Елдің бәрі қозғалыста болады. Жұмыс 24 сағат бойы жүреді. Қозғалмасаң қатып қаласың...» – деп еске алады Ноқаң. Ноғай әкеміз мұнан да аман қалады. 1941 жылғы 6 маусымда материкке шығарылады... Соғыстың басталуына 16 күн қалған. «Кеңес Одағы соғысқа қамсыз кірісті деген бос сөз. Сол лагерьде жатып соғыстың басталатынын білдік. 1941 жылы бізге бар-жоғы 5 мың тұтқын келді. Соның ішінде жартысына жуық нағыз баскесерлерді алып кетті. Әрине, майданға... Біздер де сұрандық. Алайда жібермеді. Материкке шығарылғанымыз да бос сөз еді. Өйткені, лагерьде адам жетіспей жатты. Сондықтан тұтқындарды шығармауға тырысатын. Мәскеулік сот деген болды. Ешқандай сотсыз-ақ жаза кесе беретін. Сондай себеппен мен де қайта алмадым...». Ноқаң қалайда оқыған адам. Оның үстіне парт­школды бітірген. Ол кісіге еркін қоныстану мәртебесі беріледі. Көрейін деген жарығының болғаны да. Тіркеуші болып жұмысқа ілігеді. 1943 жылы жаудың беті қайтқанда еркін қоныстанушыларға кеңшілік жасайды. Ол алғашқылардың бірі болып баяғы «Дальстрой» кемесімен үлкен материкке бет түзейді. Айтмағанбет жолдасымен Іркітте жолығысады... Ноқаң қуанған адамда да ес болмайтынын, біраз адамның қайтар жолда жынданып кеткенін айтады. Ал, бұл кісілер аман оралады. Ноғай Қалиұлы сот үкімімен ақталғаннан кейін де 4 жыл кеңестік концентрациялық лагерьде отырды. P.S: ҚАЛИҰЛЫ Ноғай (1910-1976), Қар­қаралы уезі Ақшатау болысының оныншы ауылында дүниеге келген. Күйші, сазгер, ақын. Жиырмасыншы жылдардың басында Қарқаралыда оқиды. Кейіндеу рабфак, совпарт мектептерін бітіреді. Журналист мамандығын алады. Қарқаралы, Шет ауд., Балқаш қалалық газеттерінде қарымды қаламгердің бірі болады. Қу ауд. комсомол қызметінде жүргенінде (1928-1930) қызыл кәмпескені қуаттамағаны үшін қамауға алынып, Алматы түрмесінде М. Әуезовпен бірге отырады. 1938 ж. теріс көз­қарасты «Іске сәт!» мақалалар жазғаны үшін халық жауы болып ұсталады. Жазасын Сібірде (Колыма, Оймякан, Верхоянск, Сахалин) өтейді. «Сибдаль» шахталарында забойшы болады. Қазақтың біртуар ұланы М. Әуезовке өзінің ақтығын айтып хат жазады. Сол кісінің араласуымен 1940 ж.босап шығады. Кейін қа­жыр­лылығының арқасында партиялығын қайтып орнықтырады. Қоңырат, Шет ауд. шаруа­шылықтарында колхоз басқармасы, ауылдық кеңес төрағасы болып істейді. Ноғайдың қайырмасы аталатын әні ел ішінде кеңінен таралған... («Шет ауданы» энциклопедиясынан). P.S 2: «Дальстрой» арқылы 1 миллион адам өтті... (Вера Диденконың «Дело Московской бригады» кітабынан.) Төрехан Майбас, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Қарағанды.