Биылдан бастап боксшыларды бұған дейін ұлттық құрамада он жылға жуық жаттықтырған Мырзағали Айтжанов дайындайтын болды. 52 жастағы маманның алдындағы басты мақсат – мамыр айында Ташкентте алауы тұтанатын әлем чемпионатында, күз мезгіліндегі ең маңызды доданың бірі – Азия ойындарында сәтті өнер көрсету. Сондай-ақ 2024 жылғы Париж Олимпиадасында да алдыңғы додалардағы жетістікті қайталау, мүмкіндік болса, Сиднейдегі нәтижені жақсарту тапсырмасы қойылған.
Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының тарихына көз жүгіртер болсақ, бүгінге дейін ұлттық құрама тізгінін жеті бапкер ұстаған екен. Бір қызығы, солардың ішінде тек Қайрат Сәтжанов құраманы Олимпия ойындарына бастап бара алмады. Мәселен, Қазақстан бокс құрамасының тұңғыш бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмаханов 1993-1997 жылдар аралығында бір Олимпиада, екі әлем чемпионатына жігіттерді бастап барды. Кейіннен құрама тізгінін ұстаған Тұрсынғали Еділов те өзіне берілген бес жылдың ішінде Сидней Олимпиадасы мен үш әлем біріншілігіне боксшыларды баптады. Афиныда Ермахан Ыбырайымов бас бапкер болса, Бейжің Олимпиадасы тұсында Дамир Буданбеков құраманы жаттықтырды. Ал Лондон мен Риода Мырзағали Айтжанов, Токиодағы сәтсіздіктің тұсында Ғалымбек Кенжебаев қызмет етті.
Жалпы осы бапкерлер арасында нәтиже көрсету жағынан Мырзағали Айтжановтың шоқтығы биік. Оның шәкірттері Олимпия ойындары мен төрт әлем біріншілігінде 27 жүлде олжалады. Әрине, бұл жерде өзге бапкерлерге қарағанда М.Айтжанов ұлттық құрамада ұзақ (9 жыл) уақыт еңбек еткенін ескеру керек.
Қазір қоғам арасында Мырзағали Айтжановтың басшылық қызметіне келуі қызу талқыланып жатыр. Бірінші тарап қазақ боксына бергенінен берері мол жаттықтырушыны тағайындау керек еді десе, екіншілері алдымызда Олимпиада дейтін маңызды жарыс келе жатқанда тәжірибелі маманның тізгінді ұстағаны дұрыс деп есептейді.
Осы тұста М.Айтжановтың 2009-2018 жылдар аралығында қол жеткізген нәтижелеріне бір тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Мырзағали Құланұлының бас бапкер ретіндегі алғашқы ірі жарысы 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында ұйымдастырылған жазғы Азия ойындары болды. Ұлттық құраманың тәжірибелі боксшылар шоғыры қалыптасқан тұста жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Атап айтар болсақ, сол жолы Серік Сәпиев (69 кило) пен Данияр Елеусінов (64 кило) алтыннан алқа тақса, Біржан Жақыпов (49 кило), Иван Дычко (+91 кило), Данабек Сужанов (75 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.
Араға екі жыл салып Ұлыбритания астанасы – Лондондағы Олимпия ойындарында жерлестеріміз бір алтын, бір күміс және бір қола медальға ие болды. Азия және әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанған Серік Сәпиев Тұманды Альбионда да тұғырдың ең биік сатысынан көрінсе, Әділбек Ниязымбетов күміс жүлдені мойнына ілді. Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко қолаға қол жеткізді.
Ал 2013 жыл Айтжанов үшін де, қазақ боксшылары үшін де табысты жыл болды. Алдымен Амманда өткен Азия чемпионатында жеті өреніміз құрлық чемпионы атанса, Алатау баурайындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт боксшымыз алтын тұғырдан көрінді. Сөйтіп жылдың ең ірі екі бәсекесінде Қазақстан құрамасы жүлде жеңіп алу жағынан рекорд орнатты.
Қазақ боксшылары 2014 жылғы Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындарынан да, 2016 жылғы Олимпиададан да елге алтынсыз оралған жоқ. Кореяда Ілияс Сүлейменов (52 кило) пен Данияр Елеусінов (69 кило) чемпион болса, Рио Олимпиадасында Д.Елеусінов қазақ елінің Әнұранын шырқатты. Өкінішке қарай, кейінгі додаларда қазақстандық боксшылардан бақ тая бастады. Тек 2017 жылғы Германияда ұйымдастырылған аламанда Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті Қайрат Ерәлиев (57 кило) қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдені олжалады. Бұл – Айтжановтың әлем чемпионы атанған екінші шәкірті еді. Оған дейін 2014 жылы жеңіл салмақтағы Біржан Жақыповтың Алматыда атой салғаны баршаға белгілі. Сондай-ақ 2021 жылы Сербияда ұйымдастырылған әлемдік додада Сәкен Бибосынов дара шығып, Айтжановтың үшінші шәкірті әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ Мырзағали Айтжанов 2013 жылғы әлем және Азия біріншілігінде айтулы табысынан кейін АИБА шешімімен әлемнің ең үздік бапкері атанса, келесі жылы да дәл сондай зор құрметке ие болды. Бұл да қазақ бапкерлерінің арасында қатарынан екі рет әлемнің үздік бапкері атанған жалғыз жаттықтырушы. Міне, Айтжановтың тоғыз жылда жеткен жетістігі осындай. Төрт жылдан кейін бұрынғы қызметіне оралған Мырзағали Айтжанов сол жетістіктерін қайталай ала ма, жоқ па оның алдағы уақытта біле жатармыз.