Осы орайда кейінгі уақытта еліміздің әр өңірінде аутистік белгілері бар балаларға арналған орталықтар ашылғаны мәлім. Ерекше балалардың өзі құралпас балалармен араласып, әлеуметке үйренуі үшін арнайы жобалар да қолға алынды. Соның бірі – Қарағанды облысындағы қанатқақты жоба. Жоба аясында аутистік белгілері бар балаларды жүзуге жаттықтыру жолға қойылды.
Мұндай жоба өзге өңірлерде жоқ. Аталған мақсатқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 49 млн теңге бөлінді. 10 жаттықтырушы Мәскеу қаласына барып, арнайы оқып келді. Қазір олар Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында 90 баланы жаттықтырады. Әлі де 60 баланы жүзуге тарту жоспарда тұр. Соған сәйкес 5 жаттықтырушыны оқыту да міндет етіп қойылды. Облыс басшылығы жекелеген жүзу бассейндерімен келісе отырып, жобаның жалғасты болуын көздейтінін айтқан еді.
Соңғы жылдары ғылым мен медицина аутист балаларға судың әсерінің мол екендігін айтып жүр. Тіпті серфинг арқылы ерекше балаларды «өз» әлемінен суырып алуға жасалған әрекеттердің тиімділігі ашық ресурстарда жарияланған.
Интернет кеңістігінде сырын түсіндіруге тырысқан зерттеулер де баршылық. Олардың айтуынша, су баланың визуалды қабылдауын күшейте түседі. Сол арқылы балада оған қажетті нақтылықты арттырады. Шетелдік ғалымдардың мәлімдемелерінде, су балаларға қауіпсіз және оларды қолдайтын орта ретінде елестейді. Су қысымы балаларды құшақтап алғандай әсер ететін болса керек. Яғни түсінікті тілмен айтқанда құшағына алып, жан баласына жапа шектірмейтіндей күй сыйлайтын секілді.
Иллинойс университеті жанындағы Бекман институтының ғалымы Уильям Гриноудың пікіріне қарағанда, жүзу, серфинг, падлбординг секілді негізгі қозғалыс дағдыларын меңгеру адамның жүйке жүйесіне түрлі ықпал етеді. Мысалы, мидағы маңызды нейрондар орналасқан бөліктерге қанның келуін арттырады. Бұл болса, мидың алдыңғы бөлігіндегі аномальдық құрылымдардың қайта құрылуына ықпал етеді.
Бұған қоса, басқа да зерттеулер судың аутист балаларды эмоционалдық тұрғыдан дамытатынын айтады. Соның ішінде, мұхит жағалауындағылардың сүйікті спорты серфингтің аутист балалардың мінез-құлқына жағымды өзгеріс әкеліп, оларды бір-бірімен, маңайындағы қоршаған ортамен байланыстыра алатыны зерттелген. Шетелдік ғалымдардың айтуынша, тақтайдың үстінде тепе-теңдік ұстауға тырысқан бала барынша зейінін арттырады. Оның бар назарын қазіргі, осы уақытқа аудартады. Нейробиолог Питер Вандерклиштің пікіріне ден қойсақ, серфинг сұлулығы аутист балаларды ішкі әлемінен сыртқа алып шығатындай. Оларды өзінің бұйығы әлемінен сүйреп әкеліп, осы уақытта және осында өмір сүру керектігіне көздерін жеткізе түседі. Сөйтіп, олардың алаң-уайымдары кері ығысады екен.
Тағы бір дерек. Аутизммен ауыратын жапондық бала Наоки Хигасида он үш жасында естелік жазыпты. Ол естелік ағылшын тіліне де аударылды. Естеліктің атауы «Мен неге секіремін?». Бұл кітапта Наоки судың өзіне және өзге де аутист балаларға әсері туралы жазыпты.
«Суда сондай тыныш. Су ішінде еркінмін, қуанамын. Суда ешкім мазаңды алмайды. Суда жүргенде бүкіл уақыт сенің еншіңде секілді сезіледі. Бір орында қала аласың, иә олай-былай жүзесің. Суда жүргенде уақытпен бірге бір ритмде жүргендейсің. Сусыз жерде біздің көз, құлағымыз көп тітіркенеді. Сол кезде бір секундтың немесе бір сағаттың қанша ұзаққа созыларын білмейсің. Біз уақыттың қалыпты емес ағымында өмір сүреміз. Біз өзімізді көрсетуді білмейміз. Тәніміз мына өмірде бізді дедектетіп жетектеп бара жатқандай. Егер суда бағзы-баяғы өткен шаққа қайта алсақ, көпшілігіміз секілді еркін және жақсы өмір сүрер едік», депті Наоки. Ерекше әрі жұмбақ балалардың жанайқайы.
Демек Қарағандыдағы қанатқақты жобаның өріс алар жөні бар. Ерекше балалар үшін су терапиясының орасан зор пайдасын әлем ғалымдары ұдайы айтып келеді.
ҚАРАҒАНДЫ