Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткенін назарға алған болатын. «Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек», деген еді Президент.
Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған брифингте вандализм, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату мәселесі сөз болды. Министрліктің Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаевтың айтуынша, соңғы жылдары елімізде бөтеннің мүлкіне, оның ішінде азаматтардың ортақ пайдаланылатын заттарына қасақана зақым келтіру фактілері жиілеп кеткен.
– Күнделікті өмірде кіреберістердегі зақымдалған лифттерді, түрлі жазулар таңбаланған қоғамдық мүліктерді жиі кездестіреміз. Мұндай әрекеттерді адамдар көбіне қасақана жасайды. Яғни басқа біреудің мүлкін саналы түрде бүлдіреді. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік (Қылмыстық кодекстің 202-бабы) елеулі залал келтірілген жағдайда ғана туындайды. Яғни келтірілген залал сомасы 200 АЕК-тен немесе 690 мың теңгеден асуға тиіс.
Сонымен қатар залал мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтардың өздері дәлелдемелер жинау, бұзушылардың сауалдамалық деректерін анықтау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелерімен айналысады, өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі. Бұл, әрине, полициядан көмек күтетін зардап шеккен адамдар мен қоғам тарапынан теріс реакцияны тудырады. Әдетте, азаматтардың едәуір бөлігі сотқа жүгінбейді, соның салдарынан құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Өздеріңіз білетіндей, жазасыз қалу одан әрі еркінсуге жол ашады, – дейді Азамат Құрымбаев.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударды. Вандализм, қоғамдық және жекеменшік мүліктерді бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігінің құқық қолдану практикасын ескере отырып, келісім бойынша жұртшылықпен, мүдделі мемлекеттік органдармен вандализм, қоғамдық, сондай-ақ жекеменшік мүліктерді бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді.
Жыл басында Президент «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
ІІМ өкілінің айтуынша, маңызды құжаттарға сәйкес, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес келтірілді. Сондай-ақ осы құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді. Енді заң бұзушыға ең төменгі сома –172 мың теңге немесе 50 АЕК қарастырылған.
Сонымен қатар бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.
Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда, сондай-ақ оның құқық бұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды. Іс жүзінде мұндай әрекеттер негізінен ұсақ бұзақылықтың құрамын құрайды.
Қала берді, Қылмыстық кодекстің 294-бабының (вандализм) жаңа редакциясын ескере отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 448-бабына сәйкес келтірілген, бұл – кәмелетке толмағандардың вандализмі.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде бұл мәселеге қатысты жүйелі жұмыс қолға алынып жатыр. Мәселен, Ақтөбе қаласында әкімдік жанынан қоғамдық қор құрылып, вандализмге қатысты деректерді жеткізген тұрғындарға сыйақы беру қарастырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдіріп отыр. Ендігі жерде тұрғындар қоғамдық мүлікті ұрлау, залал келтіру мәселесі бойынша 102 нөміріне хабарласып, хабарлама қалдыра алады.
Металл дайындаушылар ассоциациясының төрағасы Төлеген Темірбаев Ақтөбеде соңғы екі жылда металл ұрлығы көбейгенін, оның ішінде қолды болған тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер мен құдық қақпақтарының шығыны миллиондаған көлемдегі қаржы екенін жеткізді. «Вандализммен ел болып күресетін уақыт келді. Себебі соңғы кезде мемлекет қаржысына салынған нысандар мен қоғамдық орындарда тәртіпсіздік іс-әрекеттерге жиі тіркелетін болды. Егер біз қаламыздың таза болғанын, ортақ мүліктердің ұқыпты сақталуын қалайтын болсақ, тұрғындарды тәртіпке шақыруымыз керек. Заңды түрде талапты күшейтіп, вандализм әрекеттерін хабарлаған адамға сыйақы тағайындау алгоритмін айқындауымыз керек», деді Т.Темірбаев.