Оқиға • 10 Қаңтар, 2023

Боранда босандырды

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл басы еліміздің біраз аймағында ақтүтек боранмен бас­талды. Ал ат құлағы көрінбес боранды күні Зайсан ауданында ерекше жағдай орын алды. Бұл қайсарлық пен ерлікті елемей кету мүмкін емес.

Боранда босандырды

Күні кеше ғана ғасыр тойын тойлаған Зайсан аудан­дық ауруха­насында дәрігерлер күнде­лікті өз жұмыстарын атқа­рып, науқастарға ем-домдарын көрсетіп жатты. Кенет Зайсан ауданынан 60 шақырымдай тау­лы аймақтағы Шілікті ауылына қарасты «Дойка» қыстағына барған 1984 жылғы әйел адамның толғағы қысып, жолға шыққаны хабарланды.

4 қаңтар. Зайсанда ақтүтек боран тұрып, ауыл арасын қойып, қала ішінде қатынау мұң болған еді. Толғағы қысқан ананы ести сала бар жауапкершілікті мойнына артып, аудандық аурухана­ның жедел жәрдем көлігімен гинеколог жас дәрігер Іңкәр Мұхаметқалиқызы және бала­лар мейірбикесі Үмітгүлді Оразахимова сағат 10.00 шамасында жолға шықты. Аудан орталығынан шыға беріс жол ашық болғанымен, алда қауіпті жол аймағы бар. Шілікті тау жолында боран үдей түсіп, кейбір жол бөліктерін қар алып қалып жатты. Жедел жәрдем жүргізушісі Сымбат Бықаевтың шеберлігі мен батылдығының арқасында қасат қарларды бұ­зып отырып жол жүрді. Ақтүтек боранда ақ желеңімен алып ұшқан дәрігер мен медбике Шілікті ауылына тақай бергенде, қарсы бағытта шыққан көлік­пен кездеседі. Бұл ауыл әкімінің қызметтік көлігі еді.

Сонымен сағат 12.25-те жатқызып әкелетін жағдай болмаған «Нива» көлігінен жүкті әйелді қалай жедел жәрдем көлігіне жатқызды, солай босануға ыңғай танытады.

– Алдымен дереу тексердім. Баланың мойнына кіндігінің үш рет оралып қалғанын және әні-міне дүниеге келейін деп тұрғанын байқадым. Мұндай жағдайда жүкті әйелге ауруханада кесарь тілігі жасалынады. Бірақ оған уақыт жоқ. Кесарь тілігін күтсек, баланың да, ананың да өміріне қауіпті. Тәуекелге бел байлауға тура келді. Көп ойлануға да, қорқуға да уақыт жоқ. Бірден мейірбикемен босандырып алуымыз керек деген шешім қабылдадық, – дейді жас дәрігер Іңкәр Мұхаметқалиқызы. 

Қабылданған шешімнен кейін дәрігер мен мейірбике бірден бетімен келіп тұрған баланың жатысын ауыстырады. Содан кейін мойнына оралған кіндікті шешеді. Сол  сәтте, сағат 12.35-те кішкентай ғана тіршілік иесі шыр ете түсті. Дүниеге салмағы 2 кило 300 грамм, бойы 54 сантиметр балпанақтай қыз бала келді.

Міне, шыр еткен үнді естіп, ана мен баланы аман алып қал­ған соң, барлық медициналық қажеттіліктерді жасап, кері жол жүруге асығады. Боран екпіні басылар емес. Жолда қалып қоямыз ба деген үрей аядай ғана жедел жәрдем көлігінің ішінде отырған естияр жандардың бойларын билеп алды. Дәрігердің мұндай сәтте тағы бір міндеті – ананың көңілін аулап, психологиялық қолдау көрсету қажеттілігін де ұмытпаған. Сөйтіп, тәжірибе­лі жүргізуші ауруханаға да жет­кізген.

Зайсан аудандық ауруханасында жалғыз интернатура, резидентураны толығымен бітірген таптырмас маман, 2 дәрежелі дәрігер акушер-гинеколог, хирург-гинеколог, сонологы Іңкәр Мұхаметқалиқызының жүкті әйелді жолда босандырып алуы бірінші жағдай емес. Ол бұрын студенттік шағында осындай жағдайға тап болған. 2017 жылы студент Іңкәр Астанадан Семей бағытында пойызда келе жатады. Шамамен Семей қаласына 20-30 км қалғанда вагонда әйелдің толғағы қысып, жатқанын естиді. Әп-сәтте вагонның ішінде у-шу болып, жолаушылар дәрігер іздеп, вагондар ішін аралап қоя береді. Пойызда дәрігер маманы болмағандықтан, Іңкәрдің толғатып жатқан әйелдің қасына баруына тура келді. Қолында ешқандай медициналық құралы жоқ. Ана мен баланың өміріне араша болуы керек екенін түсінген болашақ дәрігер бірден босандырып алуым керек деп шешті. Әйтеуір жол үстіндегі бұл босандыру да сәтті аяқталып, аман-есен ана мен сәбиді күтіп тұрған жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырады.

– Сол сәттегі қуанышым – менің нағыз дәрігер болатыныма сенімім мен мақтаныш сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Іңкәр Мұхаметқалиева. 

Осындай жағдайға байла­нысты ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрғанда тәуекелге барып, аман алып қалған дәрігер мен мейірбикеге, жедел жәр­дем көлігінің жүргізушісіне қан­дай құрмет көрсетілсе де артық етпес. Алдағы уақытта Денсау­лық сақтау министрлігі немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасы шалғайдағы шекаралы Зайсан ауданындағы әріптестерінің іскерлігі мен шеберлігін, батылдығы мен батыр­лығын бағалап, лайықты құр­мет танытар деген сенімдеміз!

 

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы