11 Маусым, 2014

Алакөлдің Анталиядан несі кем?

392 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл құрылған «Алакөл тазалық» мекемесі жағалауды абаттандырып келеді

Пляж-2 Барқытбел мен Барлық жоталарының арасын алып жатқан Үржар ауданының мақтанышы – әйгілі Алакөл. Теңіз құрамымен бірдей шипалы суы бар көлдің туристік тартымдылығы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Туристік кластерді дамыту жөніндегі маңызды жобалардың біріне саналатын Алакөл демалыс аймағын дамыту соңғы жылдары өңір басшылығының жіті қадағалауымен қарқынды жүргізіле бастады. Алакөлдің мың құбылған маржан суынан алқа таққан ауданға жолыңыз түссе, көлге соқпай кету күнә сияқты әсер қалдыратыны бар. Ауданды айтпағанда, Шығыс өңіріне атбасын бұрған адам алдымен Алтай мен Алакөлге сәлем береді, ұлы заңғар мен теңізге тәу етеді. Осы сапарымызда байқадық, Алакөл жағалауы әсемденіп, абаттанып келеді екен. Алдымыздан жарқ етіп көрінген айдынның жағасында бізді күнге тотыққан жігіт ағасы күтіп алды. Ныспысы – Ерлан Әділғазин. Көл көл болып жаратылғалы жағалауында алғаш рет құрылған «Алакөл тазалық» ЖШС-нің жетекшісі осы азамат екен. Үржарда аудан әкімі Серік Зайнулдин Алакөлдің жағасы адамдардың демалуына бұрындары қолайсыздау болып келгені, биылдан бастап өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен үлкен өзгерістер жүріп жатқаны жөнінде әңгіме өрбіткен. Ағымдағы жылы «Алакөл тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанын жеткізген. Аудан басшысының айтуынша, еліміздегі ірі туристік аймаққа енетін Алакөл жағалауында құрылған жаңа серіктестікке МТЗ-82 тракторы және бес шағын трактор, қоқыс жинаушы екі көлік алыныпты. Жұмыстың нәтижесін Қабанбай ауы­лын қақ жарып, көл жағалауына бет алатын жолдан-ақ аңғардық. Бұрын қалың жиде ұйысып тұратын жолдың шеті жарықтандырылып, қосалқы асфальт жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр екен. «Алакөл» ЖШС директоры Ерлан Әділғазин көл жағасында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. – Біздің мекемеміз биыл қаңтар айында Алакөлдің жағалауын қалпына келтіру, санитарлық тазалықты сақтау, туризмді дамыту мақсатында құрылды. Серіктестік құрылған сәттен бастап жұмысқа кірісіп кеттік. Мекемеге облыстық бюджеттен 50 миллион, аудандық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 32 адам жұмыспен қамтылып отыр. Барлығы – жергілікті тұрғындар. Олар айына орта есеппен 40 мың теңге көлемінде еңбекақы алады, – дейді мекеме басшысы. Ілкіде көл жағасында тынығу­шы­лардан қалатын қауын-қарбыздың шапақтары, сусындардан босаған шөлмектер, консерві қалбырлары, тіпті, гигиеналық заттарға дейін шашы­лып жататынын талай көзіміз көрді. Биыл «Алакөл тазалық» ЖШС қызметкерлері қар ерігеннің соңын ала іске кірісіп, 31 наурыз бен 1 мамыр аралығында жағалауды толық тазалап шығыпты. Мекеме жұмысшыларының айтуынша, бөлінген техникалардың көмегі үлкен болып тұр. Ұзақ жылдар бойы жиналып қалған қоқыстан арылу оңай емес. Осы уақытта күніне 30 тіркемеден қоқыс шығарылған. – Бір тіркемеге 1 тоннаға жуық қоқыс тиелсе, көлдің тынысы қаншалықты ашылғанын есептей беріңіз. Мұқым жағалауда жылдар бойы үйіліп қалған қоқыстың барлығы Қабанбай ауылдық округінің арнайы қоқыс полигонына тасымалданды. Екі гектар аумақты алып жатқан полигонға мекеменің бір бульдозері бөлінген. Бульдозер қоқысты дер уақытында итеріп, өртеп, көміп отыруға міндеттелді. Себебі, осы аумақта соғатын әйгілі Ебі желі қоқысты шашып тастайды. Мен көлдің жағасындағы Қабанбай ауылының тумасымын. Осыған дейін жағадағы былығып жататын қоқысты көріп жүрдік. Мыңмен алысар дәрмен жоқ. Демалыс аймағындағы берекесіздіктен жүрегіміз ауыратын. Енді осы мекеменің күшімен күнделікті бір құмыра жатса да жиып-теріп, тазалап отырамыз. Жаз бойы жағалаудағы тазалықты сақтау – міндетіміз, – дейді Е.Әділғазин. Алакөл Сонымен бірге көл жағалауы абаттандырылып жатқанын бай­қадық. Демалушыларға арналған орын­дықтар мен сәкілер, қоқыс кон­тейнерлері мен жәшіктер орнатылған екен. Көліктерді жағалауға жібермеу үшін арнайы тасжиектер қойылуда. Киім ауыстыратын орындар жа­сал­ғанын көзіміз шалды. Көл жағасында барлық санитарлық талаптарға сай жабық дәретхана салынған. Спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Жағалауы жарлауыт болып ке­ле­тін­діктен демалушылардың түсіп, шығуына қолайлы болуы үшін бас­палдақтар жасалған. Екі шақы­рымнан астам аумаққа созылып жат­қан демалыс аумағы енді бір аптадан соң қалың нөпір халыққа толады. – 10 маусымнан бастап алғашқы ту­ристер келе бастайды. Осы уа­қыт­қа дейін барлық жұмыстарды шегіне жеткіземіз, – деді «Алакөл тазалық» ЖШС жетекшісі. Қазіргі кезде демалыс айма­ғы­на кіре-берісте «Алакөлге қош келдіңіздер!» және «Сәт сапар!» деген жазу бедерленген арка, Алакөлдің паспорты және Мем­­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Не­сіпбек Айтұлы мен жергілікті ақын Жабайыл Бейсеновтің Алакөл туралы жырлары жазылған билбордтар орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, туристік базалар мен демалыс үйлерінен қалдықтарды шығару жөніндегі келісімшарттарды бекіту қолға алынды. Бүгінге дейін мекеме 12 демалыс үйімен келісім­шартқа отырған екен. Бұл орайда туристерге қызмет көрсету орта­лық­тарынан сұйық және қатты қалдық­тарды тасымалдауға арналған арнайы техникалармен жарақтандыру жоспарланған. – Біздің мақсатымыз – халықты демалыс мәдениетіне үйрету. Осы орайда қоқысты жағалауға лақ­тырып тастамай, арнайы жәшікке тас­тауға үндейтін жарнамалық тақтай­шалар орнаттық. Онда «Таби­ғатты аялайық» деген жазулар жа­зылды. Қоқыс тастаушыларға айып­пұл салу біздің құзырымызда емес. Сондықтан арнайы мекемелер­мен бірге жұмыс істеудеміз. Жа­ға­лаудағы тәртіпті бақылау органдары қадағалайды, – деді Е.Әділғазин. Құрылғанына жарты жылға жуық қана уақыт болған «Алакөл тазалық» мекемесінің атқарған жұмыстарының бір парасы осындай. Көл жағасында алдағы уақытта өркениетті елдердегі демалыс үлгісімен демалушыларды күннен көлегейлейтін шатырлар мен жағалауда жатып тынығуға арналған орындар орнату жоспарланғанын да естідік. Әлбетте, барымызды бағалай білсек, Алакөлдің суы Антальядан артық болмаса кем емес. Жылына 200 мыңға жуық турист келетін Алакөлдің әлеуеті артар күн алда сияқты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. Суреттерді түсірген Самат Құсайынов.