Саясат • 11 Қаңтар, 2023

Жемқорлық тәуекелінің картасы

504 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әрбір мемлекеттік органның басты міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Профилактикалық немесе жедел-іздестіру құралдарының бір ғана әсері болуға тиіс, ол – азаматтарды толғандыратын мәселелердің сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігін жою.

Жемқорлық тәуекелінің картасы

Бұл ретте еліміздің әр аймағының өзіндік ерекшеліктері мен өзіне тән өзекті мәселелері бар. Өткен жылдың маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қалалар бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі.

к

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы білім, медицина, жол және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй, кәсіпкерлікті қолдау салаларын, халықты толғандыратын басқа да мәселелерді қамтиды. Картаға енгізілген әлеуметтік мәселелер мониторинг пен сыртқы талдау арқылы шешіледі, бұл – біздің негізгі алдын алу құралымыз.

Өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 226 мониторинг жүргізіліп, 66 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымының қызметі сыртқы талдаудан өтті. Жалпы, мемлекеттік органдарға бизнес процестерді жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және заңнаманы жетілдіру бойынша 2 мыңнан астам (2165) сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерінің себептері мен шарттарын жоюға бағытталған ұсыныс енгізілсе, оның 78%-дан астамы орындалды (1569 немесе 78,1%).

Мысалы, Қарағанды облысында электр энергиясы қызметтеріне баға белгілеу мониторингінің нәтижелері бойынша болжанған бағаның өсуі төмен­детілді. Электр энергиясын жеткі­зуші ұйымдарда өндірушілер баға­сының жоғарылағанын растайтын шот-фактуралар болмаған. Осылайша, облыс тұрғындарының 1 жыл ішінде (2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қазан айына дейін) жалпы сомасы 2,5 млрд теңгені құрайтын электр энергиясы үшін тарифтен артық төлем жасауына жол берілмеді.

Балқаш қаласының тұрғындары үшін 133 млн теңгені құрайтын жылу­мен жабдықтау және 92 млн теңгені құрайтын сумен жабдықтау қызмет­теріне жеңілдетілген өтемдік тариф енгізілді. Бұл – халыққа тарифті негізсіз асыра көрсету фактілерін анықтау нәтижесі. Ал Батыс Қазақстан облысында департаменттің ұсынымы бойынша биылдан бастап 17 мың ауыл тұрғыны үшін су тарифі 3 есе арзандайды (айына 1 м3 үшін 260 теңгеден 90 теңгеге дейін).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының өзара іс-қимылының нәти­жесінде Шығыс Қазақстан облысында 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға, сондай-ақ қарт адам­дарға арнайы қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын бақы­лауды автоматтандыру мақсатында «Интер­активті платформа» әзірленді. Тал­дау нәтижесінде тұрмыстық, курьер­лік, медициналық және басқа да қызмет­тердің іс жүзінде көрсетілмегені немесе дұрыс жүргізілмегені анықталды. Бұл мобильді қосымша әлеуметтік жұмыс­кердің орналасқан жерін автоматты түрде анықтайды, ол қорғаншылықтағы адамның мекенжайына сәйкес келуі керек. Сондай-ақ көрсетілетін қызметті алу­шыға көрсетілетін әлеуметтік қызмет­тердің сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Платформаның жұмыс істеу кезеңінде мүгедектерден 8 мыңнан астам оң пікір алынды.

Шалғай ауылдарда интернетке қа­тыс­ты мәселелер бар екенін ескере отырып, әзірлеушілер мобильді қосым­шаның интернет жоқ жерде жұмыс істеу мүмкіндігін көздейді.

Сондай-ақ Шымкент қаласында асфальт­тің үстіңгі қабатын ауыстыру ке­зінде талап етілмейтін құм-қиыршық тас қоспасынан жолдарды орташа жөндеу кезінде негізсіз шығындар анықталды. Жөндеу жұмыстарының құнын асыра бағалауға дер кезінде тосқауыл қою нәти­жесінде 235 млн теңгеге жуық қаржы үнемделген.

Жетісу облысында да жолдарды орташа жөндеуге арналған сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде 2 пайыз көлемінде жалған шығындарды қосу арқылы жұмыс құнының негізсіз өсуі анық­талып отыр. Қабылданған шаралар­дың нәтижесінде 34,1 млн теңге қай­тарылды (2022 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша).

Ақтөбе облысында «Ақтөбе қаласы оң­түстік айналма жолы» тас жолының 50 мың шаршы метрден астам аумағында геоторларының жоқ екендігі анықталды. Бұл жағдай жолдардың сапасына әсер етіп, 74,2 млн теңге залал келтіруі мүм­кін еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­меттің Батыс Қазақстан облысы бойын­ша департаментінің ұсынысымен Бар­бастау – Ақжайық – Индер автожол учаскесін күтіп ұстауда 42,7 млн теңгенің кемшіліктері жойылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеген қылмыстық істер бойынша келтірілген залал сомасы мектеп құрылысына бағытталып отыр. Мәселен, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысы 3 жылдан астам уақыт бойы тоқтап тұрды. Ұзақ мерзімді құрылыс облыстағы «проблемалық» құрылыс жобасы деп танылып, Сыбай­лас жемқорлық тәуекелдері картасын­да көрініс тапты. Осыған қатысты қыл­мыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Ақтөбе» ӘКК» АҚ, өзге де кінәлілер 197 млн теңге шығынды өтеген. Қайтарылған қаржы­ның негізгі бөлігі (150 млн теңге) ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұм­салды. Осы­лайша, өңірдегі бір әлеу­меттік мәселе ше­шілді. Қалған қаражат Ақтөбе облы­сындағы балалар бұқаралық спортының дамуына серпін беретін, еліміздегі ең үлкен воркаут алаңының құрылысына бөлінеді.

Агенттік талдаушыларының күнде­лікті мониторинг жасаудың тағы бір бағыты – мемлекеттік сатып алу жүйесі. Негізгі міндет – жоспарлау сатысында тұрған тауарларға бағаны қолдан кө­те­руге жол бермеу. Бұл бағыттағы алдын алу жұмыстары бюджет қаражатын үнемді және тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

Біздің талдаушылар «Атамекен» ҰКП «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлық ықтималдығы жоғары тұтынушыларды «қол» режімінде анықтайды. Нәтижелер «тәуекел тобынан» барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жіберіледі. Негізгі себеп – сатып алу жоспарының тармақтарын дәл баға бағытында қайта қарау.

«Атамекен» палатасымен өзара іс-қи­мылдың жаңа форматы бізге «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталын­дағы Қазақстанның 5 сауда алаңын пайдалануға («ЭҚО» АҚ, «Mitwork» квазимемлекеттік сатып алу, «Nadloc» жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу, табиғи монополиялар субъек­тілері және тауар биржалары) мүмкіндік берді. Былтыр біздің ұсынысымыз бо­йынша мемлекеттік органдар сатып алуын нақтылап, бюджетті 29 млрд теңгеге үнемдеді.

Мәселен, Жамбыл облысы бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі LED-экран сатып алуға 61,2 млн теңге бөлді. Ал LED-экранның орташа құны, шамамен 40 млн теңгені құрайды. Ұсыныс жасалғаннан кейін 21,5 млн теңге қаржы үнемделген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Шығыс Қазақстан тәжірибелік ауыл шаруашылығы стансасы» ЖШС 143,3 млн теңгеге трактор сатып алуды жос­парлаған. Ұсынымнан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларындағы сома 22,3 млн теңгеге дейін қысқартылды, үнем­деу тиісінше 121 млн теңгені құрады. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімі ап­паратының «Шығыс Қазақстан облы­сының авиациялық бөлімшесі» КМК 114 млн теңгеге 350 тонна авиакеросин сатып алуды жоспарлаған. Ұсынымнан кейін сатып алу сомасы 44,3 млн теңгеге үнемделді.

Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына баса назар аударып, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымның әрдайым өзекті екендігін атап өтті. Бұл ретте, агенттік сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, бюджет қаражатын жымқыруды болдырмау жә­не өңірлеріміздің дамуына кедергі келті­ретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алғанын атап өткен жөн.

 

Дмитрий МАЛАХОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет генерал-майоры