Янни негізінен аспаптық туындыларды тыңдарманына ұсынып, джаз, классикалық, софт рок және әлемдік музыканы бір-бірімен тығыз байланыстырып, жымдастыра алды. Оның өз саласында шоқтығы биік туындылар жазуына да осы ерекшелігі себеп болды деуге болады.
Сонымен бірге Янни тарихи концерттер беру және қоғамдық ортада көп көрсетілетін бейнероликтер шығару арқылы әлемдік аренаға шықты.
Оның жұртты баураған концерті «Live at the Acropolis» деп аталады. Яннидің концерттері көбінесе тарихи орындарда өтеді. Әсіресе, Үндістанның Тәж-Махалын, Біріккен Араб Әмірліктерінің Бурдж-Халифасы, Ресейдің Кремлі, Пуэрто-Рикодағы Эль-Морро сарайы, Ливанның ежелгі Библос қаласында тыңдарманына жол тартады.
Яннидің осыған дейін он алты альбомы жарық көріп, әлемнің әр түкпірінде лезде таралып жатты. Сол үшін де оның көптеген шығармасы «Үздік жаңа дәуір альбомы» санатында болды. Айталық, «Dare to Dream» және «In My Time» Грэмми сыйлығы бойынша таңдаулы аталымдарға ие болды.
Өзгеше өнері оны дүниенің төрт бұрышындағы тыңдармандармен дос етті. Ол бес құрлықтың 30-дан астам елінде өнер көрсетті. 2015 жылдың аяғына дейін 5 миллионнан астам адамның алдында жанды дауыста ән салды. Тыңдаған құлақтың құрышын қандырар Янни лирикалары асау бұлақтардың ағысын, иен далада шауып бара жатқан тұлпарлар дүбірін еске түсіреді, көз алдыңа әкеледі.
Дүние жүзіндегі мәдениеттермен тоғысқан оның шығармашылық әлемі үздіксіз толығып отырды. Янни «нағыз жаһандық сазгер» деп аталды, оның музыкасы «бір әлем, бір халық» философиясын анық көрсетеді. «The Truth of Touch» альбомы 2011 жылдың ақпанында жарыққа шықты, бұл оның сегіз жыл бұрынғы жаңа музыкалардан тұратын алғашқы студиялық альбомы. Оның туындыларының әртүрлі мазмұны заманауи аспаптық, электронды және кинематографиялық әсерлерді өз ішіне алды. Сол үшін де оның әлемі танымал өнер үшін, өнерге ғашық жандар үшін жаңа дәуір және әлемдік музыкамен бірдей болды.
2014 жылдың наурыз айында Янни өзінің он жетінші студиялық альбомы Inspirato-ны шығарды. Бұл туындыны да тыңдармандар бұрынғыдай бір деммен қабыл алды. Яннидің «Армандар орындалғанда» пьесасы 60 күндік Солтүстік Америка турында кезең-кезеңімен орындалып, әлемдік деңгейдегі шығармаға жол ашылды. Бір сөзбен айтқанда, гректен жүрекке жол салған Янни музыкалары мәңгі өлмейді.