Спорт • 11 Қаңтар, 2023

«Астананың» қарсыластары анықталды

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Іргетасы 2007 жылы қаланған еліміздің «Astana Qazaqstan Team» велокомандасын жаңа 2023 жылда да әдеттегідей бірқатар ірі жарыс күтіп тұр. Әрине, оның ішінде ең негізгісі велошабандоздардың бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс – 2023» веложарысы екені белгілі. Жуырда бір ғасырдан астам тарихы бар жарыстың ұйымдастырушылары биылғы додада бас жүлдеге таласатын командалардың тізімін жариялады.

«Астананың» қарсыластары анықталды

Биылғы «Тур де Франс» вело­бәйгесіне ұзын-саны 22 ве­ло­команданың өкілдері қаты­сатын болды. Олардың ішінде 18-і жыл сайын әлемдік ірі турларда өнер көрсетіп жүрген вело­клубтар болса, екеуі кәсіби құрлықтық деңгейдегі командалар. Олар – Израильдің «Israel-Premier Tech» велокомандасы мен норвегиялық «Uno-X Pro Cycling Team» ұжы­мы. «Тур де Франстың» былтырғы маусымында «Israel-Premier Tech» велокомандасының өкілдері екі кезеңде жеңіске жетті. Атап айтқанда, аустралиялық велошабандоз Саймон Кларк 157 шақырымға созылған бесінші кезеңде мәре сызығын бірінші болып кессе, 2018-2021 жылдар аралығында «Астана» сапында бақ сынаған 32 жастағы ка­надалық спортшы Уго Уль 16-кезеңде үздік шыққан бо­латын. Сондай-ақ 2022 жылғы мау­сымның қорытындысы бо­йын­ша ең көп ұпай жинаған бель­гиялық «Lotto Dstny» және франциялық «TotalEnergie» командалары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту алды.

Сөйтіп, шілденің 1-23 аралы­ғында өтетін «Тур де Франс – 2023» жарысына «Astana Qazaq­­stan Team» велокомандасынан бөлек, осы доданың тұрақ­ты қатысушылары фран­циялық «AG2R Citroën Team», «Team Arkea-Samsic», «Team Co­fidis» және «Groupama-FDJ», бельгиялық «Alpecin De­­ceuninck», «Soudal Quick-Step» және «Intermarché-Circus-Wan­ty», сонымен қатар гер­ма­ниялық «Bora-Hansgrohe», аме­рикалық «EF Education-Easy­post» пен «Trek-Segafredo», ұлы­британиялық «Ineos Grenadiers», нидерландтық «Team DSM» және «Jumbo-Visma», кейінгі 10 жылда алты рет «Тур де Франс­тың» үздік велокомандасы атанған испаниялық «Mo­vistar Team», 2021 жылғы үздік ұжым бахрейндік «Team Bahrain Victorious», аустриялық «Team Jay­co AlUla» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «UAE Team Emi­rates» командалары жарыс көрі­гін қыздырмақ.

Жалпы алғанда, биыл Фран­ция тас жолдарында 110 мәр­те өткелі тұрған «Тур де Франс» жарысы 1 шілде күні Испанияның солтүстігінде орналасқан Биль­бао қаласынан басталып, 23 шіл­деде әдеттегідей Париждің Ели­сей алаңында өз мәресіне жетеді. Бір айта кетерлігі, 1992 жылдан кейін тарихта екін­ші рет әйгілі веложарыс Баск елінен басталғалы тұр. Жал­пы «Тур де Франстың» ұйым­дастырушылары жыл сайын жа­рыстың аясын кеңейту үшін алғашқы кезеңдерді Еуро­паның әртүрлі елдерінен бастай­ды. Мәселен, былтырғы жарыс­тың тұсауы Данияның бас шаһа­ры – Копенгагенде кесілсе, келе­сі жылғы бәсекенің алауы Ита­лияда тұтанады деп жоспар­ланған.

21 кезеңнен тұратын 3404 шақырым тас жолды велоспортшылар үш аптаның ішінде жүріп өтуге тиіс. Соның ішінде алты кезең жазық, алты кезең жартылай таулы, сегіз кезең тау­лы аймақтағы тас жолдарда өте­ді. Биыл спринтерлер тек бір ғана жекелей кезеңде сын­ға түседі. Ол екінші демалыс күні­нен кейінгі 16-кезеңге жос­парланған.

Былтырғы додада «Астана» велокомандасының өкілдері жан­күйерлерін жарқын жеңіс­те­рімен қуанта алмады. 2020 жылғы дүбірлі доданың алтын­шы кезеңінде топ жарған Алек­сей Луценко былтыр бірде-бір кезеңде үздік шыға алма­ды. Тек үш кезеңде ғана ТОП-10 вело­шабандоздың қата­рынан көрініп, жалпы есепте тоғызыншы орынға табан тіреді. Командалық сайыста «Ас­тана» 22 велоклубтың ішінде 10-сатыға жайғасты. Ал бас жүлдені Нидерландтың «Jumbo-Visma» командасының намысын қорғайтын 25 жастағы даниялық велошабандоз Йонас Вингегор олжалады.

Сондай-ақ «VeloLIVE» ба­сы­­лымы 5-12 наурыз аралы­ғында Франция тас жолдарында ұйымдастырылатын дәстүрлі Париж – Ницца көпкүндігіне қатысатын командалардың тізі­мін жариялады. Сегіз кезең­нен тұратын бұл жарысқа да әлем­­нің 22 велоклубы қаты­сады. Атап айтқанда, «Astana Qazaqstan Team», «AG2R Citroën Team», «Groupama-FDJ», «Team Arkea-Samsic», «Team Co­fidis» (Франция), «Alpecin Deceuninck», «Intermarché-Cir­cus-Wanty», «So­u­­­­­­dal Quick-Step» (Бельгия), «EF Education-Easypost», «Trek-Se­­gafredo» (АҚШ), «Jumbo-Visma», «Team DSM» (Ни­дерланд), «Bora-Hansgrohe» (Германия), «Ineos Gre­nadiers» (Ұлыбритания), «Movistar Team» (Испания), «Team Bahrain Victorious» (Бахрейн), «Team Jayco AlUla» (Аус­тралия), «UAE Team Emi­rates» (БАӘ) және ар­­найы шақырту алған «Lotto Dstny» (Бельгия), «TotalEnergie» (Фран­­ция), «Israel-Premier Tech» (Израиль), «Uno-X Pro Cycling Team» (Норвегия) командалары бар.

Айта кетейік, велоспорттың 2023 жылғы маусымы 17-22 қаң­­тар аралығында Аустра­лия­­дағы «Даун Андер» вело­көп­­күндігімен басталып, 17 қа­занда Қытайдағы «Гуанси ту­­рымен» өз мәресіне жетеді. Ал жылдың ең ірі Гранд-туры саналатын «Джи­ро д’Италия» жарысы мамырда, «Испания Вуэль­тасы» қыркүйекте өтеді деп белгіленген.