Аймақтар • 12 Қаңтар, 2023

Үлгілі ауыл

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы Нұра ауданында ішімдік сатпайтын әрі оны татып алмайтын ауыл бар. Бұл ауыл Тікенекті аталады. Тағы бір қызығы, ауылда екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ішімдік атаулы ауылдан аласталған екі жылда біреудің біреу ала жібін аттап көрмепті. Ауылда 226 адам тұрады. Тікенекті еліміз бойынша «Үлгілі ауыл» атанды.

Үлгілі ауыл

Ауыл тұрғындары қылмыстың айылын жиюын ішімдіктен бас тартумен байланыстырады. Мұндай тыйымға бастама болған ауыл әкімі Ерлан Оспанов пен учаскелік полиция инспекторы Әлібек Оспанов екен.

– Ауыл әкімі екеуміз осындай бастама көтеріп едік, Қоғамдық кеңестің төрағасы қолдау көрсетті. Өзіміз анықтап, белгілеп алған осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Жастардың қылмыстан аулақ болуын, саламатты өмір салтын ұстануын тілейміз, – деді учаскелік инспектор.

Тікенекті өзге ауылдарға үлгі көрсетеріне инспектор сенімді.

Жақында Тікенекті ауылының әкімі Ерлан Оспанов Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қолынан «Тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін алды. Ал ауылда инфрақұрылымдарға жөндеу жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті көтеріліп келеді. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. Интернет және ұялы байланыс бар. Көшелері жарықтандырылған.

Биыл ауылдағы үш көшенің жолдары орташа жөндеуден өтпек. Тағы 14 жарық бағанын орнату жоспарда. Мамырда заманауи балалар ойын кешені бой көтермек, – деді Нұра ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаев.

 

Қарағанды облысы