Жаз кезі болатын. Аяғын апыл-тапыл басқан кішкентайымды ертіп, аулада серуендеп жүргенбіз. Алаңқай толған балалар. Әр жерде шүпірлеп ойнап жатыр. Менің назарымды: «Маған кредит бересіз бе?» деген кішкентай қыздың саңқылдаған дауысы аударды. Балалардан бөлініп, күркешеде ойын қыздырған қос бүлдіршінге еріксіз көз алмай, қарап тұрмын. Есептегішіне үңілген 8-9 жас шамасындағы ұл бала «Зарплат қанша аласыз?,» – деп сұрақ қойды. 6-7 жас шамасындағы қыз да тайсалар емес: «80 мың аламын» – деп жауап берді. Бала қолындағы қағаз-қаламымен қанша кредит беретінін, әр айға қанша шығатынына дейін «есептеп», қызға «карточка» беріп, «осыдан аласыз» деп жатыр. Мен ойынға әбден берілген балғындардың қасына жақындап, «Қандай ойын ойнап жатырсыңдар балақайлар?», деп сұрадым. «Біз «банк» болып, ойнап жатырмыз», деді қара қыз. Ұл бала менің ойынды бөлгенімді жаратпай, қабағын түйе қарады. Қарындасын ертіп, бұрылып кетті.
Ертеңіне әлгі балаларды үйдің кіреберісінен кездестірдім. Ағасы өзінен сәл-ақ кіші қарындасын арқалап, түсіп келеді екен. Олар кешегі жерге барып, тағы да ойнай бастады. Ағайынды ұл мен қыздың татулығы, бір-біріне деген қамқорлығы мені қызықтыра түсті. Оларға жақын отырып, ойындарын тамашалауға кірістім. Қыз алаңқайдың сыртына шығып кетті. Қолындағы ұялы телефонын алып, ағасына «хабарласып» жатыр.
«Ағай квартирге қаншаға жібересіз?».
«45 мың ба? Су, газ бәрін өзіміз төлейміз бе?».
«Бүгін барып үйді қарауға бола ма?».
Тақылдап сұрақ қойып болған соң қолындағы кішкентай сөмкесін алып, ағасының қасына келді. Бала өздері ойнайтын күркешеге ертіп кіріп, «үймен» таныстырып жатыр. Пысық қара қыз маған жымия қарап, «Біз бүгін «квартирант» болып ойнап жатырмыз», деді. Ағасы тағы да бізге жаратпай, алара қарады.
Кешкілік серуенге шыққан сайын қос бүлдіршінді іздейтін әдет таптым. Біраз уақыт көрінбей кеткен олар, бір күні өздерінің үйреншікті орнына жайғасты. Екеуінің бұл күнгі ойындары тіпті бөлек. Жолға қарай шығып тұрған қарындасын ағасы нұқып құлатты да, сосын орнынан тұрғызып, айқайлап «Жедел жәрдем» шақырып, ұялы телефондарынан «пепілдеген» дыбыс шығарып әуре болды да қалды. Алғашында түк түсінбеген мен бірдеңе болып қалды ма деп қастарына жүгіріп барып едім, мені көрген қыз ағасының қолынан түсіп, «Біз бүгін «авария» болып ойнап жатырмыз», – деді көзін сығырайтып.
– Ол жаман ойын ғой.
– Жоқ апай, мен өлмеймін! Тек өтірік аяғым сынып қалады.
– Сонда да олай жамандық шақыруға болмайды. Көңілді ойын ойнағандарың дұрыс.
Ойланып қалған қыз:
– Менің мамам да алдында «авария» болды. Аяғы сынып ауруханаға жатты. Оны қағып кеткен ағай бізге көп ақша төледі, – деді еркелей сөйлеп. Енді мен ойланып қалдым. Қазіргі балалар ақшаны жақсы көреді дегеннің бір дәлелі алдымнан шықты.
Біз ойнаған ойындар
Есіме бала кезде біз ойнаған ойындар түсті. Алақандай ауылда көргеніміз мұғалім болғандықтан біз «мұғалім» болып ойнайтынбыз. Әр мұғалімнің өз ерекшелігі бар. Біріміз қызыл моншақ пен қызыл көзді сырға тағатын Тоқташ апай болғымыз келсе, енді біріміз белін қылдырықтай қылып әдемі көйлек киіп, жанымызды шығарып сабақ сұрайтын Құрмансұлу апай болғымыз келетін. Тағы біріміз беріліп сабақ түсіндіретін Гүлзира апай болсақ деп армандаймыз. Сол апайлардан көргенімізді, солардың қимыл-әрекетін ойын үстінде қайталайтынбыз. Қазіргі тілмен айтқанда, олар біз үшін «жұлдыз» еді.
Біздің бала кезімізде, әсіресе, жаз кездерінде той жиі болатын. Тіпті екі күннің бірінде той болып жататындықтан – біз де той жасап ойнайтынбыз. «Қыз ұзату» тойлары біртүрлі көңілсіз көрінгендіктен «Келін түсіру» ойыны қызықтыратын. Біздің бала ұғымымызда ақ көйлек киген келін періште еді. Ауылдың әңгімесі сол келін болғандықтан шығар, қыздар жағы періште келін болуға кәдімгідей таласатынбыз.
Одан қалды көктем шығып, жер кепкен соң «Орта доп», «Тығылыспақ», «Ақ терек, көк терек», «Соқыр теке», тіпті, арасында асық та ойнайтынбыз.
Техника әлдилеген сәбилер
Қазіргі балалар рөлді ойындарға құмар емес. Компьютер мен ұялы телефон балаларымыздың 4-5 жастан бастап сенімді серігіне айналды. Түрлі ойындар мен құлақ құрышын қандырар музыканың бірнеше түрі жинақталған (айфон, планшет) әмбебап дүниелерді олар жастанып ұйықтайтын болды. Тіпті, шарананы да ұялы телефондағы әуезді әндермен әлдилеп, жастығының астына қоятын күнге жеттік. Нәрестеміз бір-екі жастан бастап-ақ ұялы телефон мен теледидар пультін өзі басып, меңгеріп алатын болды. Оларға қарап жақсы өсіп келеді, техникаға жетік деп мәз боламыз.
Ал ғалымдар болса, ұялы телефонның адам ағзасына зияны көп деп дабыл қағуда. Оқымыстылардың айтуынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаятын көрінеді. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелері жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер етеді екен. Эпилепсия, ақ қан сияқты дерт асқынуының да негізгі себепкері осы сымсыз телефон көрінеді.
Балалар ұялы телефон мен компьютердегі онлайн ойындарын әп-сәтте меңгеріп алады. Мұндай ойындардың жақсы жағы баламызға логикалық және стратегиялық ойлауды, адамдармен ортақ тіл табысуды үйретуі мүмкін. Ал кемшілігі, біріншіден, бала шынайы өмірді ұмытып, виртуалды өмірге бойы үйреніп, соған тәуелді болып қалады. Екіншіден, бұл ойында белгілі бір жетістікке жетуің керек. Ол қолдан келмей жатса ашушаңдық пайда болып, балаңыз жүйке жүйесі дертіне шалдығуы ықтимал.
***
Сюжетті рөлді қозғалыс ойындарын қазіргі балалар ойнамайды десек те, жоғарыдағы ағайындылардың мазмұнды ойыны көпке ой саларлықтай. Қалай болғанда да, қазіргі балалардың ойыны мұңдылау көрінді, маған. Сіз не дейсіз оқырман? Сіздің балаңыз «кім» болып ойнап жүр?
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы.