Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру қағидалары өзгерді

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастырудың басталу күнін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру қағидалары өзгерді

Қазақстан Үкіметінің «Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сондай-ақ көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы» қаулысы шықты.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, Үкімет 11 қаңтарда шетелдік автомобильдерді алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану ережелерін, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

«Ережелер бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында, дүйсенбіде күшіне енеді. Сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз», деді Игорь Лепеха брифинг барысында.

Қаулы негізінде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды утиль алым төлеуден босатудың тәртібі, шарттары мен мерзімдері айқындалды.

Егер көлік құралдары:

1) Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген;

2) іздеуде жоқ;

3) басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған;

4) кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе, қаулыға сай көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылады.

Шетелдік автомобильдерді бастапқы тіркеудің көрсетілген тәртібі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болады және М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының азаматтарында жүзеге асырылатын басқару тетігі оң жақта орналасқан көлік құралдарына қолданылады. Бұл ретте көлік құралдарын санаттар бойынша жіктеу Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіндегі (КО ТР 018/2011) 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.