Руханият • 13 Қаңтар, 2023

Ағыл-тегіл ақтарма

444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күйді естіген өз алдына, қуатты толқыны мен терең тебіренісіне еніп тыңдауға да дайындық керек-ау. Бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған Есір Айшуақұлының күйі «Ақжарманың» асау арыны шарпып, қуат-күшінің астына бұққан тебіреніске шым-шымдап батқан сайын осылай сөйлеуге тура келеді. Күй дегеннің бір сипаты жан кешірген халге келіңкірейді ғой. Күйшінің өзегінде тулаған рух пен сезім ағыл-тегіл ақтарылып тұрған жоқ па? Есірдің «Ақжармасынан» осындай бір ғаламат сарын еседі. Ұстазы Абылдан жұқты ма, Тәңірден келді ме, ол жағы бір Аллаға аян. Сондықтан біз «Ақжарманы» тыңдап қана қоймай, танымына көз жүгіртуге құлаш ұрдық. Көптеген дерек шықты алдымыздан. Түпнұсқа бір болғанымен, әртүрлі баяндалады әрқайсысы. Солардың арасынан Таласбек Әсемқұлов Асқар Сүлейменовтің айтуымен жазып қалдырған нұсқаға тоқталғанды жөн көрдік.

Ағыл-тегіл ақтарма

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оқиға Ресей мен Хиуа соғысқан кезде болған екен. Орыстың әскері Түбек пен Үстіртке жетеді. Даланың керіш жолы аяқталып, енді құм басталады. Содан орыстың сардары адайларға түйе сұрап, жол көрсететін кісі сұрап елші жіберіпті. Ауылдың ағалары бүкіл адайдың билері мен батырларын жинап кеңес қылады. Жұрт мәмілеге келе алмайды. Біреу орысқа көмектесейік дейді, біреу көмектеспейік дейді. Сол жерде Тіленшінің ұлы Жоламан батыр мен Сүйінқара батыр бар екен. Екеуі айтыпты, елшілерді ештеңе бермей шығарып салу керек деп. Сонымен ақырында Бөкен биге «Сен төрелігін айт» дейді. Бөкен би ұзақ ойланып айтты дейді, дін қарындас болған түрікменнен не көрдік, елімізді талай рет шауып, бала демей, шаға демей қанша адамымызды құлдыққа сатып жіберді. «Жауды аяған – жаралы» деген, кәпірдің қолымен болса да қирату керек, бізге істегенін алдына келтіру керек. Сондықтан түйені де, адамды да беру керек деп. Сонымен осыған тоқтасады. Бөкен би орыстың офицерлерін шақырып алып айтыпты «Міне, біз сендерге 500 түйе және 9 адам түйеші, құмның жолын жақсы білетін ізкесер береміз. Есіңде болсын, бұл адамдарды көзіңнің қарашығындай сақта, ұрыс-соғысқа салма, қажама. Егер де бұларды түрікмендер өлтіріп кетсе, не даланың жолын білмейсің, не құдық пен суатты білмейсің, айдалада бір оқ ата алмай шөлден қырыласың» депті. Ертеңіне тоғыз адам орыстың әскеріне қосылып шеру тартады. Сол тоғыздың біреуі он жетіге жаңа толған күйші Есір екен. Сонымен бұлар аз жүреді, көп жүреді, ақырында түрікменнің астанасы Көктөбе деген қалаға жетеді. Қаланың дуа­лы биік, қақпасы берік, орыстың әскері қанша рет шабуылдап ала алмапты. Содан ақылдасып, жердің астын ін қылып қазып, дуалды түбінен қопарып дәрімен жаратын болады.

Шабуыл тоқтайды, түрікменнің ханы өзінің сарайында жайбарақат отыра бе­реді. Ханның анасы ақылды адам екен, бір күні дуалға шығып, жау жаққа қарап тұрып түсі бұзылып кетті дейді. Баласын шақыртады. Хан келіп, қабырғаға шы­ғады. Анасы айтты дейді «Балам, кәпір не­ғып үнсіз қалды, не істемек ойың бар?» деп. Хан айтыпты: «Неден абыржыдың, ана, кәпір бізге не істейді? Қамал берік. Су да жетеді, азық та жетеді. Кәпір тамағы таусылғаннан кейін азып-тозып еліне қайтады. Сол кезде шағылдың ішінде қуып жетіп кескілеп тастаймыз», деп. Анасы айтты дейді «Алданба өйтіп, балам. Кәпірдің қулығына құрық бойламайды. Анау тігулі тұрған үйді көрдің бе, сонда кірген адам жоқ болып кетеді. Сол үйден бері қарай шөп саржолақ болып сарғайып келе жатыр. Олар жердің астын қазып келе жатыр. Астана жұртымызды алады, бәрімізді қырады» деп. Бірақ баласы бұл сөзге құлақ аспайды. Ақырында қабырғаны дәрілеп жарып, орыстың қалың әскері Көктөбеге бұзып кіріпті. Сол ханның анасының айтқаны болыпты. Кейін Есір айтты дейді, «жұрт қан кешіп соғысып жатқанда, түрікменнің бір жас жігіті жаны шықпай қиналып жатыр екен. Соның басын сүйеп, иман айтып отырдым. Сонда маған риза болып қалай көз жұмғанын ұмыта алмаймын», деп.

Кейін елге аман-есен оралғаннан кейін Есір осы екі күйді шығарыпты. Күйдің жайын сұраған адамдарға, түрікменнің аңдыған-баққаны орыстың әскеріне жол көрсеткен біз болдық. Мергендері талай рет атты. Түнде талай рет шапты. Бірақ орыс­тар келіскендей, бізді жауға бер­меді. Осы тоғыз түйешінің басынан өткен қы­зықты айтып едім домбырамен. Ал қы­лыш­тары күнге шағылысып, кіл жүй­рік ақалтеке мінген жаумыттың әскері ақта­рылып шыға келгенде, орыстың тым-ты­рақай қашқанын талай көрдік. «Ақта­рылма» сол түрікменнің ерлігі туралы күй. Бізбен жау болды демесең, ерлігінде мін жоқ еді түрікменнің депті. Кейіннен бұл күй «Ақтарма» болып, ақырында осы қазіргі «Ақжарма» атын иеленіпті.

Асқар Сүлейменовтің бұл жерде осы екі күйді шығарыпты деп отырғандағы біреуі «Ақжарма» болса, екіншісі – «Тоғыз түйеші». Асекең аталған әңгіме­ні ертеде Түрікменстаннан көшіп келген қариядан естіген. Адайдың ескі сөзінде «ақтарылма» сөзі шабуыл деген ма­ғынаны білдірсе керек. Сол заманда түркімендерге астана болған Көктөбенің орны Ашғабадтан 60-70 шақырым жерде қалған деседі. Қазір орны бар ма, жоқ па, білмейміз. Сол жорық пен шабуылдың елесі Есірдің «Ақтарылма» («Ақжарма») күйі ғана.