Оқиға • 13 Қаңтар, 2023

Тәжге талас cәуірде өтеді

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионы тәжі үшін өтетін матч сәуір айының 7-30 аралығында ұйымдастырылатын болды. Бұл туралы Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ресми сайты мәлімдеді. Десе де әзірге дәстүрлі жарыстың қай елде өтетіні белгісіз. Белгілісі, чемпиондық тәжді 32 жастағы ресейлік гроссмейстер Ян Непомнящий мен 30 жастағы қытайлық шахматшы Дин Лижэнь екеуі сарапқа салады.

Тәжге талас cәуірде өтеді

Әуелде чемпиондық тәж үшін 2022 жылғы жеңімпаз нор­вегиялық даңқты гроссмейстер Магнус Карлсен мен былтырғы үміткерлер турнирінің үздігі ре­сейлік Ян Непомнящий сынға түсуге тиіс еді. Алайда нор­ве­гия­лық шахматшы биыл чем­пиондық атағын қорғаудан бас тартты. Сөйтіп Халықаралық шах­мат федерациясының ере­жесіне сәйкес, спортшы әлем чемпионы атағын қорғаудан бас тартқан жағдайда, оның орнына үміткерлер бәсекесінде екінші орынға ие болған шахматшы шы­ғады. Ал былтырғы бәсекеде қы­тайлық гроссмейстер Дин Лижэнь Непомнящийден кейінгі орынға жайғасқан болатын.

Магнус Карлсен 2021 жылдың желтоқсанында чемпиондық тәжді өзінде сақтап қалуға мотивациясы болмағандықтан, 2023 жылы чемпиондық атағынан бас тартуы мүмкін екенін айтқан еді. Дегенмен, ол тек 2021 жылдың қорытындысы бойынша 18 жасында әлемдік рейтингте екінші орынға жайғасқан франциялық шахматшы Алиреза Фирузджа қарсылас атанған жағдайда ғана чемпиондық тәж үшін күресетінін мәлімдеген болатын. Карлсеннің өкінішіне қарай, Алиреза Фи­рузджа былтырғы үміткерлер тур­ниріне қатысқанымен, үздіктер қатарынан көріне алмады. Содан кейін, яғни 2022 жылдың шіл­десінде норвегиялық гроссмейс­тер Ян Непомнящиймен шахмат тақтасында ойнаудан бас тартатынын ресми түрде жариялады.

Былтыр Алатау баурайында ұйымдастырылған шахматтан әлем чемпионатының рапид және блиц түрі бойынша қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған 32 жастағы Магнус Карлсен алғаш рет 2013 жылы шахматтан әлем тәжін иеленген болатын. Сол жылы үміткерлер бәсекесінде үз­дік шығып, чемпиондық тәж­ді 2007-2013 жылдар аралы­ғында әлемнің 15 дүркін чемпионы атанған үндістандық Виш­ванатан Анандтан «тартып» алды. 2014 жылы Мангус Вишванатан Анандты тағы да жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалған. 2016 жылы ол ресей­лік Сергей Карякинді, 2018 жылы америкалық Фабиано Каруа­на­ны және 2021 жылы ресейлік Ян Непомнящийді жеңіп, чем­пион­дық атағын тағы да үш мәрте сәтті қорғады.