Ауа райы • 13 Қаңтар, 2023

Қалың қарда қалай жан сақтайды?

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыс қатты биыл. Әсіресе желтоқсан айының соңында Шығыс Қазақстан өңірі қар құрсауында қалды. Апталап тұрған боранды күндері халық елді мекендерден аттап баса алмады. Тәуекелге бел буып, жолаушылай шыққандары жолда қалды. Оқыс оқиғалар да аз болмаған. Ең қиыны, «малым – жаным садағасы...» деп отырған ауылдағы ағайынның жағдайы. Ала жаздай тыраштанып жинаған аз-маз шөппен төрт түлікті қыстан алып шыға аламыз ба деп алаңдайды.

Қалың қарда қалай жан сақтайды?

Марқакөл өңірінде түскен қар жылқының жонынан асады. Тебіндеуі былай тұрсын, қасат қарды бауырлап жарып өтуі мұң болып тұр. Малшылардың ай­туынша, мұндай қалың қар соңғы рет 2010 жылы түскен екен. Содан бері Марқакөлдің тау­лы аймақ тұрғындары қалың қар көрмеген. Қалың деп отыр­ғанымыз, екі метрге жуық. Мал­шылар боран-шашын басыла сала қарға қамалған Қамбар ата төлін күнгей жақтағы қырға бағыттады. Қардың қалыңдығы сондай, жал­ғыз соқпақпен керуендей тізіл­ген жылқының құлақтары ғана қараяды.

– Биылғы қыс ерекше қатты болып тұр. Малмен күн көріп отырған тұрғындар үшін қиын. Әнеу­гүні қар жауды, артынша жаңбыр жауды. Енді аяз қысып барады. Тебіндегі жылқы малын етекке түсіріп жатыр ел. Бірақ ауыл маңында жайы­лым көп емес. Оның үстіне, жаң­бырдан соң қабыршық мұз қатып, тебіндей алмай қала ма деп алаң­даймыз, – дейді Марқакөл өңірінің тұрғыны Асхат Уанбаев.

Тебіндеу мүмкін болмаса, шөпке қоюға тура келеді. Алайда көктемге дейін шөп жете ме? Төрт түлігі қыстан қысылмай шықса, ауылдықтар үшін сол бақыт. Ал Күршім ауданы басшылығының айтуынша, дабыл қағатындай дәнеңе жоқ. Жем-шөп қыс маусымына жеткілікті.

Ауылдықтар айтқандай, қора­дағы малды амалын тауып қыстан алып шығады. Тек мұз қатып, тұяқ батпай қалмаса болғаны. Ал түз тұяқтылары қыстан қалай шығар екен?

– 2010 жылы қар қалың түсіп, бұғы-марал қатып қалған. Биылғы қыс та аңдарды сұрыптайын деп тұр. Біз қорадағы малды қыстан алып шығатын шығармыз. Дала жануарларына қиын болып тұр, – деп алаңдайды ауылдық Асхат Уанбаев.

Иә, айтып отырған мәселесі орынды. Қорадағы малын ғана емес, даланың аңын ойлап отыратын ауыл азаматтары да бар. Шынында да, дала аңдарын аман алып қалу үшін орманшы­лар, қо­рық қызметкерлері қандай көмек көр­сетер екен деп, Мар­қакөл мемлекеттік табиғи қорығының бас­шысы Тимур Айкеновке хабар­ласқанбыз. Оның айтуынша, Марқакөлдің таулы аймағына қар жылда қалың түседі. Бірақ қалың қар тұяқты аңдар үшін аса қауіп төндіре қоймайды.

– Дала аңы аш қалмайды. Көл маңына, таулы аймаққа қар қалың түскенімен Шанағаты жаққа 20-30 сантиметр ғана жауады. Бұғы, марал, елік күздің күні сол жаққа қарай ауып кетеді. Шанағатыда «Старая Матвеевка», «Қыраулы», «Келеңка» секілді учаскелер бар. Аң сол жақта жүреді. Кейін көк­тем­де қайта түседі, – дей­ді Мар­қа­көл мемлекеттік табиғи қо­ры­ғының директоры Т.Айкенов.

«Балапанды күзде санайды» де­мекші, мал-жан қытымыр қаңтар мен ақпаннан аман-есен шықса, нау­рызда табиғат тосын мінез көрсете қоймас деп үміттенейік.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы