Спорт • 15 Қаңтар, 2023

Алты жылдан кейінгі алтын

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында XXX қысқы Дүниежүзілік универсиада бәсекесі өтіп жатқаны белгілі. Мұхиттың арғы бетінде алауы тұтанған ойындарда Халықаралық студенттік спорт федерациясына (FISU) мүше 43 елдің спортшылары спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Алты жылдан кейінгі алтын

Биылғы қысқы Универсиада «ә» дегеннен Қазақстан спортшылары үшін сәтті басталды. Жарыстың үшінші күнінде биат­лон сайысында сынға түскен жерлесеміз Вадим Куралес 15 шақырымға жекелей жарыста мәре сызығын бірінші кешіп, қысқы Универсиаданың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол төрт оқ ату аймағында бір мәрте қателікке бой алдырып, аталған қашықтықты 44 минут, 37 секундта бағындырды. Екінші орынға оқ ату кезеңінде төрт мәрте қателескен норвегиялық Орьян Мосенг ие болды. Ол жер­лесімізден 42,6 секундқа қалып қойды. Ал үздік үштік­ті франциялық Алекс Гарнь түйіндеді. Оның уақыт көр­сет­­кіші – 43 минут, 53 секунд. Сон­­дай-ақ тағы бір Қазақстан спорт­шысы Александр Мухин мәреге алтыншы болып жетті. Александр оқ ату кезеңінде бес мәрте қателесті.

Осылайша, Қазақстан құ­ра­масы араға алты жыл салып қысқы Универсиаданың алғашқы алтынын жеңіп алды. Жерлестеріміз ең кейінгі рет 2017 жылы Алатау баурайында ұйымдастырылған студенттер додасында жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал 2019 жылы Ресейдің Красноярск қа­ла­сында өткен Универсиадада 4 күміс, 4 қола медальді қанағат тұтқан-ды.

АҚШ-тағы Универсиаданың төртінші жарыс күнінен кейін жалпыкомандалық есепте Жа­пония спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен көш бастап келеді. 2 алтын, 1 күміс, 3 қоласы бар Франция екінші орынға жайғасса, үшінші сатыда Чехия спортшылары орналасқан. Олардың еншісінде – 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль бар. Ал бір-бір алтынды қоржынға салған Қазақстан мен Канада 6-орынды өзара бөлісіп тұр.

Жалпы биылғы Универ­сиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғап жатыр. Оның ішінде шаңғымен жарысудан – 14, шорт-тректен – 12, биатлон­нан – 9, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден – 6, сноу­борд, тау шаңғысы спор­ты, тұғырдан секіру мен қос­сайыстан – 2, шайбалы хоккейден 23 қазақстандық студент бар.

Қазірге дейін қазақстандық спортшылар қысқы универсиадаларда 85 жүлдеге (28 алтын, 25 күміс пен 32 қола) қол жеткізген. Яғни жалпы медаль есебінде 15-орында тұр.