Спорт • 15 Қаңтар, 2023

Әлем чемпионатына баруға қауқарымыз жете ме?

155 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан спортшылары жекелеген спорт түрлерімен қатар, командалық сайыстардан да әлем чемпионаттарына қатысады. Олардың кейбірі келесі жылы Франция астанасы – Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарына жолдама үлестіретіні жанкүйерлерге мәлім. Мәселен, баскетбол спортынан Олимпиадаға алғашқы жолдама 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Азияның үш мемлекеті – Филиппин, Жапония және Индонезияда өтетін әлем чемпионатында сарапқа салынады. Ал бұл сынға Қазақстанның ерлер құрамасы қатыса ала ма?

Әлем чемпионатына баруға қауқарымыз жете ме?

Жауапты екі матч күтіп тұр

Әзірге бұл сұраққа нақты жауап беру­ге ерте. Өйткені жерлестеріміз Азия аймағындағы Әлем кубогінің соңғы іріктеу жарысына қатысып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасымен бір топта ойнап жатқан Аустралия, Қытай және Жапония баскетболшылары іріктеу матчтарының аяқталуына әлі екі тур бар болса да, мерзімінен бұрын әлем чемпионатының жолдамасын жеңіп алды. Сондай-ақ Филиппин, Жаңа Зеландия, Ливан құрамалары да биылғы жылдың басты додасына қатысатыны белгілі болды. Ал қалған екі жолдаманы Қазақстан, Иран, Иордания және Сауд Арабиясы құрамалары сарапқа салады.

Жалпы Дүниежүзілік баскетбол федерациясының ережесі бойынша әлем чемпионатына Еуропаның – 12, Азия және Мұхит аймағының – 8 (жарысты ұйымдастырушы мемлекеттерді қоса есептегенде), Солтүстік және Оңтүс­тік Американың – 7 және Африка құр­лығының 5 құрамасы қатысады. Бүгінге дейін әлем біріншілігінде бақ сынайтын 32 құраманың 17-сі белгілі болып қойды.

Атап айтқанда, Кәрі құрлық өкілде­ріне берілген 12 жолдаманың тоғызын Финляндия, Франция, Германия, Грекия, Италия, Латвия, Литва, Словения және Испания баскетболшылары иеленіп қой­са, Солтүстік және Оңтүстік Америка, сон­дай-ақ Африка құрлығында бір ғана құрамалардың еншісінде жолдама бар. Америкалықтардан әзірге жалғыз жолдаманы Канада құрамасы қоржынға салса, Африкадан Кот д’Ивуар баскетболшылары олжалаған.

Жолдамадан үмітті құрамалар

Биылғы әлем чемпионатына қатыса­тын барлық құраманың есімі 2023 жылғы 23-27 ақпан аралығында анықталады. Осы уақыт аралығында барлық құрлықтағы іріктеу турнирлерінің соңғы матчтары өтеді.

Еуропада соңғы үш лицензияны «I», «K» және «L» тобындағы құрамалар сарапқа салады. Қазіргі таңда үш топ­тың өкілдері бір ғана жолдама үшін ойнайтын болады. «I» тобындағы жалғыз жолдаманың иегері Грекия мен Сербия құрамалары арасындағы шешуші матч­та анықталады. Жеңгені әлем чемпио­натына барады. «K» тобындағы соң­ғы жолдамаға бірден үш құрама үміт­кер. Олар: Черногория, Босния және Герцеговина, сондай-ақ Мажарстан. Бұл топта Босния мен Мажарстанға қарағанда черногориялықтардың мүмкіндігі жо­ғары. Өйткені олар соңғы екі турдың біреуінде жеңіске жетсе жетіп жатыр. «L» тобында Грузия, Исландия және Украи­на құрамаларының әлем чемпионатына қатысу мүмкіндіктері сақталып тұр. Дегенмен алғашқы екі команда жеңіс саны бойынша Украинадан алда келеді. Бірақ соңғы турда Грузия мен Исландия бір-бірімен кездесетінін ескерсек, Украина баскетболшылары қалған екі ойында ұпай жоғалтпауға тырысады.

Америкалықтарға берілетін жеті жолдаманың біреуін Қанада құрамасы иеленіп қойғанын жоғарыда айттық. Ал баскетболды ұлттық ойыны деп білетін АҚШ құрамасы әлі жолдама үшін кү­ресіп жатыр. Десе де өз тобында көш бас­­тап тұрған даңқты Майкл Джор­дан­ның ізбасарларын қалған екі матчта ешқандай құрама тоқтата алмайтыны анық. Сондықтан биылғы әлем чемпио­наты да бес дүркін әлем біріншілігінің жеңімпаздарының қатысуымен өтеді. Ал қалған бес жолдамаға алты құрама үміткер. Олар: Венесуэла, Доминикан Республикасы, Аргентина, Бразилия, Пуэрто-Рико және Мексика. Бұл ал­тылықтың ішінен алдағы екі турда бағы жанбаған бір құрама әлем чемпионатынан тыс қалады.

Африка аймағындағы соңғы тур ойындары өз алаңындағы және сырт алаңдағы матч деп бөлінбей, Каир (Мысыр) және Луандада (Ангола) қалаларында өтеді. Екі топқа бөлінген 12 құраманың әлі ойнал­маған үш тур матчтары бар. Әзірге Ангола (Е тобы), Оңтүстік Судан мен Мысыр (F тобы) құрамаларының әлем чемпионатына бару мүмкіндігі жоғары. Сонымен қатар Нигерия, Кабо-Верде, Сенегал және Тунис баскетболшылары да қалған лицензиялар үшін күресті жалғастырып жатыр.

Азия мен Мұхит аймағына тоқталар болсақ, әзірге екі топтан бір-бір құра­маның лицензия иелену мүмкіндігі бар. Мәселен, Мұхит аймағының «L» то­бындағы соңғы лицензиясы үшін Иор­дания мен Сауд Арабиясы құрамасы сынға түседі. Ал Азия аймағының «F» тобындағы соңғы жолдамасы үшін күрес Иран мен Қазақстан құрамалары арасында жүріп жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстанға қарағанда Иран құрамасының әлем чемпионатына бару мүмкіндігі жоғары болып тұр. Өйткені Парсы шығанағы өкілдерінің біздің құрамаға қарағанда бір жеңісі көп. Соңғы турда екі команда қалған ойындарын сырт алаңда өткізеді. Мәселен, Олег Киселёв жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 23 ақпанда Қытай баскетбол­шыларымен кездессе, 26 ақпанда Аус­тралия құрамасымен сынға түседі. Ал Иран баскетболшылары Жапония мен Қытайға сапар шегеді.

Жерлестеріміз іріктеуде қалай ойнап жатыр?

Азия аймағында әлем чемпионатына жолдама беретін ойындар екі кезеңнен тұрады. 2021-2022 жылы өткен Әлем кубогінің бірінші іріктеу кезеңінде Қазақ­стан құрамасы D тобында Сирия, Иран және Бахрейн құрамаларымен ойнап, алты матчтың бесеуінде жеңіске жетті. Өкінішке қарай, жерлестеріміз соңғы турда елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен аса тартысты матчта Бахрейн құрамасына жол берді – 82:51 (29:24, 28:5, 12:10, 13:12). Дегенмен қалған барлық ойында қарсыластарын тізе бүктірген Қазақстан баскетболшылары D тобында 1-орын алып, іріктеудің 2-айналымына жолдама алды.

Бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Астанада өткізген Қазақстан құрамасы 2021 жылдың 6 қарашасында Сирияны 84:74 есебімен тізе бүктірсе, араға үш күн салып Сириядағы жауап­ты матчта 81:71 нәтижесімен екінші рет жеңіске жетті. Ал 2022 жылдың 24 ақпанында сырт алаңда Иран баскетболшыларынан 73:69 есебімен басым түссе, 27 ақпанда Бахрейнді өз елінде 95:48 есебімен тас-талқан етті. 2022 жылдың шіл­десіндегі екі матчтың алғашқысында Иран­ды 8 ұпай айырмашылығымен (68:60) ұтса, соңғы турда Бахрейнге жол берді.

Ал 2022 жылдың тамыз айында бас­талған Әлем кубогінің екінші іріктеу кезеңінде жерлестеріміз Бахрейн, Иран, Аустралия, Қытай және Жапония құра­маларымен бір топта ойнап жатыр. Бір айта кетерлігі, Қазақстан баскетболшылары бірінші айналымда Бахрейн және Иранмен бір топта ойнағандықтан, бұл жолғы іріктеуде бұл құрамамен жолдары түйіспейді.

Бірінші іріктеуде сәтті өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының баскетболшылары екінші іріктеу сайыстарында өте сүреңсіз ойнап жатыр. Бүгінге дейін төрт турға қатысқан жерлестеріміз барлық ойында қарсыластарына жол берді. Мәселен, 2022 жылдың тамыз айында өткен екі матчтың алғашқысында Қытай құра­масынан 68:58 ұпайымен жеңілсе, кейіннен Жапонияға қарсылық көрсете алмады – 73:48. Ал қарашадағы матчтарда Аустралиядан – 97:50, Жапониядан 81:61 нәтижесімен жеңіліп қалды.

Баскет­болдан 2023 жылғы Әлем кубогі 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралы­ғында бірден 3 мемлекетте – Индоне­зия, Жапония және Филиппинде өтеді. Қа­зақстан құрамасы 2019 жылы Әлем кубогінің екінші іріктеу кезеңіне өткені­мен, финалдық сайысқа жолдама ала алмаған еді.