Аймақтар • 15 Қаңтар, 2023

Дария деңгейі: Дүрлігуге негіз жоқ

401 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда ғана әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Қарғалы ауылын орталықпен жалғап тұрған понтон көпірді жинап жатқан сәт жарияланды. Дария арнасында мұз ұстасатын қыс пен өзен суы молаятын көктемде мұндай көпірлердің арнадан алынып тасталатынынан бейхабар жұрт понтонды суға кеттіге жорып, бір шулап барып басылды. Құрыққа сырық жалғағандар суалған самауырды су алған Самарқанға айналдырғандай болды. Анығы – көпір аман. Қарғалыдан бөлек осы аудандағы Жуантөбе, Ботабай, Қызылқайың ауылдары мен көршілес Жаңақорғанның біраз тұрғынының қажетіне жарап отырған көпір көктемде қайта қойылады.

Дария деңгейі: Дүрлігуге негіз жоқ

Мамандар биыл дария арнасында судың мол екендігін айтып отыр. Соңғы 2-3 жылда солып аққан өзен суы осы қыста күрт көбейді. Қырғызстандағы Тоқтағұл су қойма­сындағы көлем былтырғыдан 1,3 млрд текше метрге артық. Одан бергі Қай­раққұм, Әндіжан, Шарбақ аясындағы су өткен жылғыға қарағанда әлдеқайда көп. Өзіміз­дің Шардара да шіреп тұр. Былтыр онда 2 млрд 387 млн текше метр су болса, бүгінгі аясы 4,7 млрд-қа жетті. Қаңтар айы­ның алғашқы 2 күнінде Шардараға секундына 1 400-1 500 текше метр су түсіп, біраз алаңдатқан. Қазір едәуір азайды. Осының өзі былтырғыдан екі еседен астам көп.

Биыл тоғызыншы қаңтар күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың төрағалығымен Сырдария өзені бассейніндегі су шаруа­шылығы жағдайын талқылаған кеңес өтті. Кеңесте Шардараға түсіп жатқан су мем­лекетаралық су шаруашылығын үйлес­тіру комиссиясының болжамды кестесінен едәуір артық болып тұрғаны айтылды. Су қой­масының қауіпсіздігі үшін 2022 жылғы 13 желтоқсаннан бастап төменге – 700, одан кейін – 800, биылғы 4 қаңтардан бастап 1 мың текше метр су тасталып жа­тыр. Бұл былтырғы көлемнен 10 есеге көп. Алтыншы қаңтардан бастап осы мол судың 400 текше метрін Көксарай су реттегіші қа­былдай бастады. Су реттегіште қазір 710 млн текше метр су тұр. Былтыр осы уа­қытта ондағы көлем бұдан 29 есе аз болатын.

– Су қоймасынан дария арнасына былтыр 100, биыл 1 мың текше метрден су тас­талып жатыр. Көктем мен жазда бұл Сыр­дарияға бұйым болмас еді, күн райына байланысты қыста бірде қатып, бірде еріп тұ­ратындықтан мұз бір иінде кептеліп, лық­сып келген мол су арнадан асып кетуі мүм­кін. Жақында Жаңақорғанда осындай жағдай болды. Осы күні арнаның Шиелідегі Қызылқайың, Жаңақорғандағы Көктөбе, Төменарық ауылдарының тұсында жентектелген мұз жүріп жатыр. Өзен жағдайын бақылап отыратын біздің «күр жүрді» деп қарбаласқа түсетініміз осы кез, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы ди­рек­торының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Былтыр желтоқсанның соңғы күндерін­дегі аязда дарияда мұз толық ұстасты да, кейін­нен ери бастады. Мұндай кезде көп су қабылдау қауіпті. Егер өзен бетін қалың­дығы 30-35 сантиметр мұз жапса, мол суды соның астымен жіберіп, арнаны қайырдан тазартып алуға болар еді. Қайыр демекші, өзен суымен жылына жоғарыдан 180-190 мың тонна лай ағып келеді. Соңғы жылдары ағыс баяулап, осы қоқыс өзен табанын қалыңдатып жатыр.

Мол су соңғы 12 жыл ішінде көлемі 7 млрд текше метрге азайып, жағалауынан алыс­тап кеткен Кіші Арал айдынын толтырып алуға мүмкіндік беріп отыр. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мамандары қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Теңіз деңгейі 42 метрлік межеге жеткенде кемеріне келіп, ондағы су көлемі 27 млрд текше метр болады. Қазіргі есеп бойынша онда 18,5 млрд текше метр көлемінде су жинақталып тұр.

– Қазір Қырғызстан су қоймаларын энергетикалық мақсатта ғана пайдаланып отыр. Өзбекстан да былтыр, биыл Арнасайды ашқан жоқ. Бұл Шардараға түсетін судың молаюына әсер етті. Осы күні облыс шекарасына жоғарыдан секундына 620 текше метр су жетіп тұр. Оның 20 пайыздан астамы Қызылорда су торабына дейінгі көлдер жүйесі мен каналдарға жіберіліп жатыр. Кіші Аралға былтыр 24 текше метр ғана жіберуге мүмкіндік алсақ, қазір 116 текше метр су теңіз айдынына құйылып тұр, – дейді филиал директорының орынбасары.

Қазір мамандар алдында «осы теле­гей суды қалай пайдаланамыз?» деген мәселе тұр. Басты үміт – Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмасына сәйкес са­лынуға тиіс Қараөзек су қоймасы. Бірақ тех­никалық экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасындағы сәйкессіздіктен бастаманың іске асуы әзірше кідіріп тұр.

Былтырғы жыл соңында өңірге жасаған сапарында Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов аталған мәселені заң аясында жедел шешіп, су қоймасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Егер бастама жүзеге асып жатса алғашқы кезекте Байгелді, Картонкомбинат және Қожатай учаскелерінде құрылғы салынады. Осы арқылы жинақталатын 775 млн текше метр су Сырдария, Жалағаш және Қар­мақ­шы аудандарындағы көлдер жүйесін молықтырып, балық шаруашылығын дамы­туға, шабындық-жайылымдық алқаптарды, Қазалы ауданының егістік алқаптарын суландыруға жұмсалады.

Осы қыста көршілес Түркістан облысы аумағына қар мол түсті. Бұл көктемде де арна деңгейі төмендемейтінін білдіреді. Осыған байланысты мамандар тарапынан дария бойына кезекшіліктер ұйымдас­тыры­лып, су тасқыны бола қалған жағ­дайда қауіптің алдын алу үшін аудан орта­лықтарында орналасқан өндірістік учаскелерде инертті материалдар қатары толықтырылып жатыр.

Бар тіршілігі дарияның деңгейіне байланысты болғандықтан диқандарды биылғы өзгеріс қуантып тұр. Бірақ мол суды малданып, күріш көлемін негізсіз ұлғайтуға жол берілмейді. Өйткені 2030 жылға қарай еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тап­­шылығы арта түсетіні болжанып отыр. Сондықтан да суды мейлінше аз қажет ететін дақылдар егіп, егін шаруашылығын әрта­раптандыру бастамасы жалғаса береді.

 

Қызылорда облысы