Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Түркістан легионы» «Шығыс легионының» құрамында болды. Оған: Армян, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Грузин, Эстон, Латыш, Түркістан легиондары кірген. Бұл ұлттардың барлығына Германия басшылығы өздерін жаулаушы емес, кеңес өкіметінің озбырлығынан азат етуші ретінде ниеттерін айта келіп, болашақта жеңіске жеткеннен кейін әр ұлтқа өз автономиясын құруға рұқсат беріп, билікті де өз қолдарына беруге үміттендірген. Осындай фактор көптеген кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсуі және соғыс аяқталған соң отанына қайтпай қалуына себепші болды. Кейбір деректерде кеңес одағы жағынан 3,9 млн адам соғыс тұтқыны болды деген дерек бар. Соның ішінде архив құжаттары 6700-і қазақ тұтқын болған дейді.
* * *
Соғыс аяқталған соң тұтқындардың дені «Отанына сатқындық жасады» деген желеумен жазаға тартылды. Көбі атылды, біразы 25 жылға сотталды. Жоғарыдағы легионда болған қазақтар арасында туған жеріне оралмай шетелдерге бас сауғалап кеткендер де болды. Солардың ішінде – соғыстан кейін Түркияның оңтүстігіндегі теңіз жағалауы аймағына орналасқан Адана қаласына бас сауғалап барған бес қазақ азаматы бар.
Олар: 1. Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов) Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Жетіүй ауылынан. 2. Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) Павлодар облысы, Железин ауданы Жаңаталап ауылынан. 3. Халық Орал (Төлеп Халелов) Ақтөбе облысынан. 4. Қашим Балқаш Қарағанды облысынан. 5. Зейнел Әбиден (Зейнелқабиден Шауышов) Қызылорда облысынан екенін білдік.
Осылардың арасында – Ислам Керейге (Шайқысіләм Ләтіпов) тоқталар болсақ, 1942 жылы соғысқа аттанып, немістердің тұтқынына түседі. Содан «Түркістан легионы» сапынан бір-ақ шығады. Туған-туыстары бұған дейін «хабарсыз кетті» деген мәліметке сеніп келген. Тіпті аудандық майдангерлер тізімінде де осылай деп тұр. 1969 жылы ойда-жоқта жоғалған жауынгерден хат келеді. Ол хатта, Шайқысіләм өзінің тірі екенін және Түркияның Адана қаласында тұрып жатқанын баяндапты. Ал мына жақтағы туыстары да хат жазғанымен, түркиялық бауыры «сендерге зияным тиеді» деп, хат-хабар алмасуды саналы түрде доғарған. Арада біршама уақыт өткенде 1974 жылы Түркиядан «әкеміз қайтыс болды» деген хабар келген. Хабар алған елдегілер жылқы сойып ас беріп, жаназасын шығарған.
Осылай бес қазақтың бірінің дерегін тапқан соң, қалғаны туралы мәліметті іздестіре бастадық. «Бармысың, бауырым» мен ресейлік «Жди меня» бағдарламасына сұрау салдық. Нәтиже шықпады. Іздестіру барысында екі жыл бұрын сол кездегі Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлына хабарласып, қазақ диаспорасы арасына сұрау салдық. Елші Адана қаласында қазақ диаспорасы жоқ екендігін айтып, бірақ Түркиядағы қазақ диаспорасының басшысы Ерол Иелджиға хабарласуымызды айтты.
Дереу Ерол Иелджиге хабарласып біраз ақпарат білдік. Оның айтуы бойынша, Түркиядағы қазақтар арасында соғыс тұтқындары жайында естіген. Сөйтіп Түркия қазақтарының чаттарына шықтық. Табандап іздестірудің арқасында бізге түркиялық Айғұн Қазбек деген адам хабарласты. Бұл кісі Ислам Керейдің өмірлік досы Жақия Қазбектің баласы екен. Айғұнның айтуынша, Адана қаласына жеті жігіт келген. Бесеуі қазақ, қалған екеуі: Әли Чефик деген тәжік пен Мұхаммед Шариоғлы есімді өзбек.
– Сіз іздеген адам ол менің әкемнің жан досы, қайтқанына тоғыз жыл болды. Ол кісі өлерінде маған «елдегі туыстарымды тауып осындағы бала-шағаммен табыстыр» деп аманат айтқан еді, – деді Айғұн Қазбек. Сөйтіп Ислам Керейдің балалары елдегі туыстарымен байланысып, адасқан ұрпақ бір-бірімен табысты. Жарықтық атамыз ұрпағы ұмытпасын деп өз руын фамилия қылып алған екен.
Түркияға барған бес қазақтың ішінде, ескіше – жаңаша хат танитыны Жақия Қазбек екен. Бұл кісі өзінің ата-тек шежіресін және бастан кешкен оқиғаларды жазып кетіпті. Осы жазбада, соғыс аяқталған тұста бірінің аяғы, бірінің қолы жоқ жеті жігіт Түркияның Адана қаласына тап болғаны, тағдырдың қалауымен осында тұрақтап үйлі-баранды болып өмірлерін жалғастырғаны туралы айтылыпты.
* * *
Ислам Керейдің туыстарын ұрпағымен табыстыруға атсалысқан азамат Айғұн Қазбек өз әкесі Яхия Қазыбектің туыстарын тауып беруін өтінді. Бұған да «мақұл» дедік. Әуелі, бұл кісінің руы уақ екенін біліп алдық. Яхия Қазбек атамыз (Жақия Қошқынбаев) Павлодар облысы, Железин ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Айғұнның айтуынша, әкесі майданға Алматыдан шақырылған екен. Бір қызығы, әкесі жинақтап қалдырған қағаз құжаттардың ішінде «Павлодар облысы, Үрлітүбі ауданы» деген жазу бар боп шықты. Павлодарлық уақ руының өкілдерімен хабарласқанымызда, жазбадағы Үрлітүбі ауданы бүгінігі Железин ауданы екенін білдік. Яғни соғысқа дейін Железин атауы Үрлітүбі ауданы деп аталған.
Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) соғысқа кетер алдында қыс айында үйленген екен. Соғысқа жаз айында аттанған. Жалпы, Жақия Қошқынбаев өте сауатты, білімді адам болған. Ұлына қалдырған жазбаларына қарап отырып оның өлең шығарған ақын екендігін, шежіреші екендігін байқауға болады. Өмірін естелік қып жазып кеткен. Онымен қоймай баласына «Қазақстанда туыстарың бар, тауып ал» деп үнемі айтып отырған.
Біз іздестіру нәтижесінде, Яхия Қазбектің қызын таптық. Ол кісі Павлодарда тұрады екен. Бұл іске қалалық Батыр Баян атындағы қордың адамдары көмектесті. Яхия атамыздың әйелі жарын өлдіге санап одан қалған жалғыз тұяқ қызын мәпелеп өсірген. Өйткені ауылға «ол кісі өлді» деген хат келген.
Жақсы хабар құлағына тигенде Айғұн Қазбек мырза қатты қуанды. Дереу Қазақстанға ұшып келді. Сөйтіп өмірі көрмеген апалы-інілі бауырлар көрісіп, сағыныштан мауқын басып бір жасап қалды. Бірақ бауырымен табысқан апа сол түні о дүниеге аттанып кете барды. Бұл әрі аянышты, әрі тағылымды тағдыр еді.
* * *
Үшінші тағдыр иесі – Халық Орал. Ол кісіні «Орал» атымен іздестірдік. Қазақстанда ондай тау, қала, өзен атаулары бар болып шықты. Балаларынан осының қайсысы аталарыңыз дегенімізде, олар «Орал тауы» деп айтты. Қазақстанда Орал тауы Ақтөбе және Ресейдің Орынбор облысының жерінде орналасқан. Іздеуді Ақтөбеден бастадық. Екі аймақтың архивтеріне сұрау салғанымызда, бір жұма ішінде Ақтөбе облыстық архиві барлық құжаттарды тауып берді. Ақтөбе облыстық архивінің басшысы Марат Төлебайұлы біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, қызметкерлеріне тапсырма беріп, зерттеуіміздің жылдам жүруіне жағдай жасады.
Халық Орал ағамыздың қызы жетпістен асқан кейуана Германияда тұрады. Осы кісіден әкесінің тегін сұрағанымызда әкесінің әкесі Халел, шешесі Зейнеп деп айтқан. Ақыры бұл кісі Халелов Төлеп болып шықты. Руы – тама. Мұндағы құжаттарда, ол кісіні сыртынан 25 жылға бас бостандығынан айырған. Туыстарын іздестіріп жатырмыз.
«Түркістан легионы» тарихының айналасында айтылмаған дүние көп. Оны зерттеп, бағасын беру – біздің міндетіміз. Қалған төрт адамның тағдыры туралы айтатын болсақ, қырғыз өз еліндегі туыстарын тауып ертеден араласқан екен. Тіпті Ош қаласына мешіт салдырған. Бір байқағанымыз қазақтан басқаларына кеңес өкіметі жеңілдік танытты ма екен деген сауал туындайды. Қалған қазақтың тағдыры әлі зерттеліп жатыр.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ тарих докторанты