Медицина • 15 Қаңтар, 2023

Оңтайланған онкология қызметі

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды платформасын іске асыру шеңберінде 2023 жылы басталатын онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту ісі ілгері жүре бастады. Бұл жөнінде «Жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарын іске асыруда елеулі өз­­герістер белгіленуде», деп хабарлады Денсаулық сақ­­тау министрлігінің Алқа оты­рысының барысында медицина ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, «ҚазОРҒЗИ» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қай­дарова.

Оңтайланған онкология қызметі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бас онкологтің мәліметінше, елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам обырға шалдығады, 14 мыңнан астам адам көз жұ­ма­ды екен. Бүгінде есепте 200 мың Қазақстан азаматы тұр. Өлім-жітім бойынша елі­міз онко­ло­гиялық аурулардан үшінші орында тұр. Өлім құрылымында бірінші орында – өкпе обыры (16,5%, 1 945 жағдай), екінші – асқазан обыры (11,8%, 1 411 жағдай), үшінші – колоректалдық обыр (10,7%, 1 242 жағдай) және төртінші орында сүт безі обыры (8,2%, 959 жағдай) тұр.

«Кешенді жоспардың іс-ша­раларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді орта есеппен 5%-ға төмендетудің оң үрдісі бар. Елі­мізде онкологиялық науқастар кон­тингенті 2022 жылы 205 042 науқасты құрады, 2022 жылдың 11 айында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 65,7-11 806 жағдайды құрады, бұл өлім-жітім көрсеткішінің 8,3%-ға төмендегенін көрсетеді», деп атап өтті Д.Қайдарова.

Биыл басталатын онколо­гиялық қызметті кешенді жаң­ғыртуда техникалық қайта жа­­рақ­­тандыру көзделеді. Ал бұл қолда бар диагностикалық жаб­дықты жаңғырту, жаңа желілік үдеткіштерді орнату және ескір­ген аппараттарды ауыстыру есебінен сәу­ле­лік емдеуді кеңейту және же­тіл­ді­ру, сондай-ақ ядро­лық медицина орталықтарын ұйым­дас­тыру; аз инвазивті хи­рур­гия­ны және емдеудің интер­венциялық әдістерін дамыту, дербестендірілген терапияны таңдау мақсатында толық ге­номдық бейіндеуді енгізу, ісікке қарсы жаңа дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру, заманауи онкологиялық орталықтар құру, жаңа буын кадрларын даярлауға мол мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Онкология институтының басшысы ескірген және жеткіліксіз жабдықталған жабдықта скрининг жүргізудің тиімділігі мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, ескірген бейнеколоноскоптардың үлесі – 74,4%. Бұл ретте Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарында және Астана қаласында 80,0%-дан астам жабдық барынша тозған. Онкологиялық науқастарды сәулелік терапиямен қамту проблемасы да өзекті. Бұл сәу­лелік аппараттар паркінің жабдықталмауына байланысты және бірінші кезекте гамма-тера­пиялық қондырғылар тү­рін­дегі ескірген жабдықтың 50%-ын алмастыра отырып, қазіргі заманғы желілік үдет­кіштерді іске қосу қажеттігі айтылуда. Онкологиялық қыз­метті жаңғырту жоспары моле­кулярлық-генетикалық тесті­леуді кеңейту, жеке терапияны таңдау мақсатында толық геномдық бейіндеуді, гендік инженерияны енгізу сияқты обырды емдеудің жаңа технологияларын қолдануды қамтиды. Сонымен қатар онкологиялық көмекті толық цифрландыруды, білім беруді тану үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуді, барлық МАЖ және АЖ интеграциялауды, скринингтік тіркелімді құруды жүзеге асыру жоспарлануда.

Қазақстанда онкологиялық көмектің тиімділігін артты­ру ісікке қарсы жаңа дәрілік зат­­тардың, таргеттік және им­му­но­онкологиялық препа­рат­тар­дың, оның ішінде балаларға ар­нал­ған препараттардың қол­же­тім­ділігінің артуы есебінен қам­тамасыз етілетін болады.