Қазақ тілін сонау жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түскеннен кейін үйрене бастадым. Әлі есімде, бірінші курс студенттерін Қостанай облысына картоп жинауға жіберді. Күн сайын таңғы алтыда жоғары курстың студенті Ұлболсын «Қыздар, тұрыңдар!» деген сөзбен оятушы еді. Бұл – мен үйренген алғашқы қазақша сөз.
Ауыл шаруашылығы жұмысында біздің жетекшіміз – университет оқытушысы Асылбек Тасымов болды. Кейін ол бізге қазақ тілінен сабақ берді. Жақсы түсіндіретін еді. Бір рет ол маған: «Ертең түскі асқа дейін қазақша 100-ге дейін санап үйрен», деп қатаң талап қойды. Құдай оңдағанда, курстастарымның бәрі көмектесті. Солардың кеңесімен шелекке әр картопты қазақша санап салдым. Келесі күні асханаға бара жатып, ішімнен «бір, екі, үш....жүз» деп санап бардым. Сол сәтте жаттағанымды ұмытып қаламын ба деп абыржыдым. Жаңылысып кетсем, қасымдағы қыздар түзетіп отырды. Әйтеуір Асылбек Тасымұлының алдында бірінші емтиханды «өте жақсы» деген бағаға тапсырдым.
Маған қазақ тілін үйренуіме факультетіміздің қазақ бөлімінде оқыған Софья Әлиева көмектесті. Соның арқасында қазақ тілінде тұрмыстық деңгейде сөйлеуді үйрендім.
Бірде өзім үйреніскен ортадан бөтен жерде қазақша сөйлеймін деп, күлкіге қалғаным да бар. Автобуста «Оқасы жоқ» деудің орнына, «Орын жоқ» деппін... Осыдан кейін танымайтын адамдармен қазақша сөйлесуге дәтім бармайтын болды. Бойымда бір үрей пайда болды. Қазір мен қазақша тұрмыстық деңгейде сөйлеймін, сауатты жазамын, бірақ сол үрейді әлі күнге жеңе алар емеспін.
Сол қорқынышты жеңу үшін 2019 жылы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжге – өзім алғаш білім алған оқу орнына қайтып оралдым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түскенге дейін Петропавл педагогикалық колледжінде білім алған едім. Осы колледжді тәмамдап, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі дипломын алдым. Көңілімнің түкпірінде жүрген бір арманымның орындалғанына қуаныштымын. Алайда көп адам менің бұл қадамымды: «Саған оның қажеті қанша?» деп түсінбей дал.
Екі бірдей жоғары білімнен кейін 51 жасымда қайта оқуға түсуімнің себебі көп. Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеудегі қорқынышымды жеңіп, осы тілдің грамматикасын меңгеріп, сөйлем байланысы қалай құрылатынын, жаңа сөздер қалай туатынын түсініп, фразеологизмдерді дұрыс пайдалануды үйренгім келді.
Менің қазақ тілінде білім алып жүрген балаларға орыс тілі пәнінен сабақ берген кездерім болды. Сонда балаларға сабақ ұғынықты болуы үшін қазақ тілінің ерекшеліктерін білу маңызды екенін түсіндім.
Ал менің көршілерім – қандастар. Көрші болған соң, ләм-мим деместен, үн-түнсіз сыйласып өмір сүре алмаймыз ғой. «Көрші көршіден тәлім алады» деген сөз бар. Сондықтан сәлеміміз түзу, сыйластығымыз суымас үшін осы қадамға бел будым.
Мен – орыс тілі мен әдебиетінің ғана емес, тарих пәнінің де мұғалімімін. Сабақтарымның барысында Отанымызға, мемлекеттік тілге деген құрмет жайлы айтқанымда менің сөзім жалаң болмауға тиіс. Мен әр сөзімді ісіммен дәлелдеуім керек.
Қазақстан – менің Отаным. Мен қиын кездерде де шекара аспадым, алдағы уақытта да туған елімнен кету ойымда жоқ. Сондықтан да мен үшін қазақша сөйлеу – парыз ғана емес, қажеттілік. Қазақ тілін үйренуге деген құлшынысымның тағы бір себебі бар. Ол менің курстасым Нарат Толыбаевтың әкесі – белгілі қазақ жазушысы Құрманбай Толыбаевтың шығармалары. Сонымен қатар қазақ классиктерінің шығармаларын тұпнұсқада оқығанға не жетсін?! Әдебиетші үшін бұдан асқан мерей жоқ шығар.
Галина БАЛАЖЕНТИС,
Асқар Игібаев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы