Спорт • 16 Қаңтар, 2023

Болат Манкенов: Тұғырымыз биік болуға тиіс еді

316 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Егде тартқан жанкүйерлер өткен ғасырдың 80-жылдары шаршы алаңды шайқаған ағайынды Манкеновтерді ұмыта қоймаған болар. Бұл отбасынан төрт бірдей мықты боксшы шықты. Солардың арасынан Болат пен Азаттың шоқтығы биік болды. Болат – КСРО кубогінің қола жүлдегері, бірқатар бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы. Азат – Қазақстанның бес дүркін чемпионы, жастар арасындағы КСРО біріншілігінің жүлдегері. Өмірбек пен Қайрат та қара жаяу емес еді. Білетіндердің айтуынша, олардың тұғыры бұдан да биік болуға тиіс еді. Бірақ сол кездегі содыр саясаттың салдарынан Манкеновтердің бағы байланды. Солақайымен шіреп тұрып ұрып, талай сақа спортшының сағын сындырған Болат пен болашақ әлем чемпионы Игорь Ружниковтің екі аяғын бір етікке тығатын Азаттың үлкен деңгейге жетуіне не кедергі болды? Бұл жайында бүгінгі таңда Қазақстанның кәсіпқой боксын қалай дамытсам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Болат Тоқтарұлының өзі былай деп әңгімелейді:

Болат Манкенов: Тұғырымыз биік болуға тиіс еді

Барлығымыз боксты таңдадық

Біз бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында туып-өстік. Әкеміздің қызмет бабына байланысты кейіннен облыс орталығына қоныс аудардық. Сол жерде жүріп бокс әліппесін үйрендік. Біздің отбасымыз түгелдей боксшы десек, әсте мақтанғаным емес. Әуелі туған ағам – Өмір­бек екеуміз спорт үйірмесінің та­бал­ды­рығынан аттадық. Артымыздан ілесіп, Қайрат пен Азат былғары қолғап киді. Бәріміз иық тіресе жаттығып, азды-кемді табыстарға қол жеткіздік. Өмірбек Литвада өткен ауыл шаруашылығы саласындағы бүкілодақтық біріншілікте топ жарды. Қайрат республикалық «Еңбек» қоғамының жарысында жеңімпаз атанды. Азат – Қазақстанның бес дүркін чемпионы, жастар арасында КСРО біріншілігінің жүлдегері, әскерилер арасында КСРО чемпионы. Мен де ел чемпионатында бес мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Бүкілодақтық жастар ойындарының жеңімпазы атанып, КСРО кубогі жолындағы жарыста қола медаль иелендім. Міне, шаршы алаңда біздердің қол жеткізген табыстарымыз осындай.

 

Қонақбаевты ерекше құрметтейтін

1982 жылы Минскіде бүкілодақтық жастар ойындары өтті. Сол жарыста бағым жанып, бас жүлдені жеңіп алдым. Өнерім бапкерлерге ұнаса керек, содан кейін КСРО құрамасының сапына еніп, оқу-жаттығу жиындарына шақырыла бастадым. Бұл жиындардың маған бергені көп. Мен секілді құрамаға күні кеше іліккен жас өрен үшін 15 республикадан келген ең таңдаулы 44 боксшымен иық тіресе жаттығу үлкен тәжірибе мектебі болды. Ең бастысы, шеберлігім шыңдалып, өзіме деген сенімім нығайды. Бір ғажабы, одақ құрамасының сапына енген 44 боксшының 19-ы, яғни 40 пайызы өз жерлестеріміз еді. Осы жағ­дайдың өзі Қазақстан боксының сол жыл­дардағы деңгейінің қаншалықты биік екенін көрсетсе керек.

КСРО құрамасының сапында болған жылдары әртүрлі адамдармен кездесудің сәті түсті. Талай білікті маманның ақыл-кеңесін естіп, даңқы алысқа жайылған боксшылардың көбімен араластым. Бұл бір естен кетпейтін уақыт еді. Алғаш рет мен осы ортаға қосылғанымда, командалық әріптестері Серік Қонақбаевты қалай құр­мет­тейтінін көріп, қайран қалдым. Ол кез­де құрама сапында Горстков, Заев, Ли­­масов, Рыбаков, Ягубкин, Акопкохян, Ши­шов, Мирошниченко сынды саңлақтар бар-тұғын. Солардың әрқайсысы жеке-жеке тұлға бола тұра, Серікті бірауыздан мойындайтын. Тіпті құрама бапкерлері маңызды шешімдер қабылдайтын кезде команда капитаны әрі құраманың парторгы ретінде Секеңнің пікіріне құлақ асатын. Қазақтың бір азаматы осындай зор беделге ие болғанына мен іштей қатты риза едім.

Арада бір жыл өткеннен кейін Ново­россий­скіде өткен КСРО кубогі жо­лын­дағы бәсекеде «Динамо» клубының сапында өнер көрсету құрметіне ие болдым. Командалық есепте үшінші нәтиже көрсетіп, баршамыздың кеудемізде қола медаль жарқырады. Ал жеке өз басым барлық жекпе-жекте жеңіске жеттім. Жартылай финалда Еуропа чемпионы Анатолий Микулинді ұтып, финалда РСФСР-дің бірнеше дүркін чемпионы Эдуард Хусаиновтан айламды асырдым. Ол кездері 57 келі салмақ дәрежесінде Серік Нұрқазов пен Самсон Хачатрянның даңқы дүркіреп тұрған. Ресми халықаралық жарыстарға сол екеуі алма-кезек барып жүрді. Мен өз салмағымдағы үшінші нөмірлі боксшы ретінде Сирия, Германия, Румыния, Болгарияда өткен турнирлерге қатыстым.

 

Қазақтардың көптігі кейбіреулерге ұнамайтын

Қазақтардың құрамада көп болуы кейбір дөкейлер мен бапкерлерге ұна­майтын. Өйткені әркімнің бүйрегі өз қан­дасына бұратыны белгілі ғой. Ол кезде бапкерлер осындай әрекеттерге ашық бармаса да, астыртын жоспар ар­­қылы спортшылардың сағын сындыратын. Мәселен, аса зор талант иесі Асылбек Қилымовтың бағын байлаған сол арамза ниетті бапкерлер еді. Қилымов халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жеңілмеген. Оның соққысы аса қуатты болатын. Ол қорқу, қаймығу дегенді білмейтін. Сол әріптесіміздің салмағы 75 келі тартса да, бапкерлер оны үнемі әлдеқайда еңселі боксшылармен спаррингке шығаратын. Ағзаға түскен ауырт­палық ақыры 23 жастағы Асылбекті бокстан қол үзуге мәжбүр етті. Бұл – бір ғана мысал. Осындай жағдайды бастарынан өткерген қандастарымыз аз емес. Оның үстіне, оқу-жаттығу жиындарында біз тату-тәтті болдық. Барлығымыз үнемі бірге жүретінбіз. Футбол ойнағанда алдымызға жан салмаймыз. Әр құраманы жеке-жеке ұтқан соң олар барлығы бірігіп, Қазақстанның боксшыларына қар­сы шығады. Сонда да ұтылып қалады. Жалпы, біздің буын барлық жағынан мықты болатын. Бұл жағдай, әрине, көпшіліктің қызғанышын туғызды.

 

Біздің салмақта бәсекелестік күшті болды

Мен өнер көрсеткен 57 келі салмақта кілең ығай мен сығайлар жиналған еді. Самсон Хачатрянмен КСРО халықтары спартакиадасының ширек финалында жұдырықтастым. Екі раунд бойы ұтып тұрып, үшінші кезеңде тізгінді беріп қойдым. Төрешілер 3:2 есебімен армян боксшысының жеңгенін жария етті. Соның алдында ғана Самсон маған келіп, «Осы жолы қайсымыз жеңсек, сол алтын алады» деп айтқан болатын. Қарсыласым қателеспеген екен, спартакиаданың бас жүлдесі Хачатрянға бұйырды. Серік Нұрқазовпен ресми жарыстарда бірде-бір рет жолымыз қиысқан жоқ. Ал түрлі жиын барысында бірнеше рет спарринг өткізгеніміз бар. Мақтанбай-ақ қояйын, әйгілі Нұрқазовпен терезесі тең өнер көр­сеттім. Жалпы, менің салмағымда есім­дері аталған жігіттерден бөлек, Қайрат Тілеу­ленов, Жұматай Түсіпов, Елеусіз Дүй­секов, Александр Черепанов секілді сайдың тасындай жігіттер болған.

Тағы бір айтайын дегенім, тек менің ғана емес, туған бауырым Азаттың да тұ­ғыры биік болуға тиіс еді. Оған менің де күмәнім жоқ. Азат болашақ әлем және Еуропа чемпионы Игорь Ружни­ков пен КСРО чемпионы, КСРО ха­лық­тары спартакиадасының күміс жүл­дегері Евгений Зайцевті бір мәрте емес, әрқайсысын үш реттен ұтқан. Оның бо­йын­да боксшыға қажетті қасиеттің бар­лығы болды. Бірақ амал нешік...

Әділетсіздіктің зардабын молынан тарттық

1983 жылы спорттағы жетістіктерім ескеріліп, Мәскеуден «Нива» көлігін кезексіз сатып алуға рұқсат келді. Менде ондай ақша қайдан болсын. Дереу әкеме хабарластым. Ол кезде әкей Семейдегі ОБХСС бастығының орынбасары қыз­метін атқаратын. Ата-ана, аға-іні, туған-туыс болып, біраз ақша жинадық. Жетпей қалаған қаражатты әкеммен жақсы араласатын емші досы қарызға берді. Бірақ жиған-тергеніміз бәрібір «Ниваға» жетпей, «Москвич» мәшинесін алуға тура келді. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. «Шаш ал десе, бас алатын» қызылжағалылар тексеру жүргізіп, әкемді соттатып жіберді. Осылайша, бүкіл отбасымызбен ақ-қараны айырмайтын содыр саясаттың құрбаны болдық. Ал біздің төлқұжатымызға «шетелге шығуға болмайды» деген мөр басылғаннан кейін біздер үшін бокстың еш қызығы қалмады. Жарайды, Қазақстанды ұтармыз, одақ көлемінде жүлдеге ілігерміз. Бірақ біз боксқа осы белесті қанағат тұту үшін келген жоқ едік. Арманымыз асқақ болатын. Ал халықаралық ареналарға шығып, елдің елдігін көрсетуге жарамаған соң Манкеновтер үшін бұл өнердің мәні де, маңызы да жоғалды.

Көп кешікпей әскер қатарына ша­қырылдым. Алғашында Алматыдағы спорт ротаға түстім. Бір айға жуық уақыттан соң рапорт жазып, өз еркіммен Өскемендегі танк полкіне сұрандым. Бауырларым да спорттан қол үзді. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін бапкерлік кәсіппен айналыстым. Алатын еңбекақым мардымсыз болғандықтан, бауырларыммен бірігіп, жаз айларында құрылыс жұмыстарына жегілдік. Сөйтіп жан бақтық. Араға жеті жыл салып, әкеміз ақталып шықты. Ол кісі төрт жыл түрмеде отырды, екі жыл «химияда» болды. Ақыры әділдіктің туы желбіреп, құқық қорғау саласына қайта қызметке келді. Семей облысы криминалдық полициясының бастығы болды. Бірте-бірте біздің де тұрмыс жағдаймыз түзеліп, ел қатарлы өмір сүре бастадық.

Қара жұмыстан қашпадық

Әкем мен үшін – идеал. Ол кісі азапты молынан тартса да, өмірлік қағидатын еш өзгерткен жоқ. Бізге үнемі «Балаларым, қиындық көрсеңдер де, әділетсіздікке тап болсаңдар да, ең бастысы, адамгершілік қасиеттеріңді жоғалтпаңдар. Жарық дүниеге адам болып келген соң, адам секілді өмір сүріңдер», деп ақылын айтатын. Кей кезде «Сендердің бақтарыңды байладым-ау», деп күрсінетіні де бар еді. Ондайда біз «Әке, өкінетін жөніңіз жоқ. Керісінше, сіздің арқаңызда біз ерте есейдік. Достың кім, дұшпанның кім екенін ажырата білдік. Қиындыққа шыдауды, тағдырдың жазғанына мойынұсынбауды үйрендік», деп әкемізге тоқтау айтамыз. Бұл – жұбату сөзі емес, расында да солай. Қара жұмыс бізді ерте есейтті, ширатты. Қиыншылық көп нәрсеге көзімізді ашты. Сатқындықты көрдік, шынайы достықтың қадірін білдік.

Жалпы Семей өңірінде Тоқтардың төрт ұлы істемеген жұмыс жоқ-ау, сірә. Кейіннен осының барлығы өз пайдасын тигізді. Тіпті нарық заманы алқымнан алғанда, отбасымыз аса қинала қойған жоқ. Қандай іске болсын «Тәуекел!» дедік те білек сыбана кірістік. 1985 жылы ескі қазандық бөлмесін жөндетіп, бокс залына айналдырдық. Коммерциялық спорт ұйымы мен кәсіпқой бокс клубын құрдық. Семейде дүркіреген жарыстар өткіздік. Осылайша, біраз шаруа тындырдық. Кейіннен Алматыға келдім. 1992 жылы Серік Қонақбаевтың бас­тамасымен республикалық Кәсіпқой бокс федерациясының тұсауы кесілді. Сол ұйымда мен біраз жыл вице-президент болдым. «Найзағай» деп аталатын акционерлік қоғам құрдық. Бірер жыл Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы болдым, кәсіпқой және әуесқой бокста лауазымды қызметтер атқардым. Дүниежүзілік бокс сериясында сынға түскен «Астана арландары» клубын басқардым. Қазіргі кезде отандық кәсіпқой бокстың дамуына өзіндік үлес қосып жатқан жайым бар.

 

Жазып алған

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan