Аймақтар • 16 Қаңтар, 2023

Құндылықты дәріптеген кездесу

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада көрнекті мәдениеттанушы, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай «Өткірдің жүзі» атты кездесу өтті.

Құндылықты дәріптеген кездесу

Тұлғаның мерейтойына арналған шараны құттықтау сөзбен ашқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Асылдың сынығы, тұтас Алаш жұртына ортақ ардақты тұлға Мұрат Әуезовтің 80 жас­қа толуына орай қара шаңы­рақта жиналған зиялы қауым, мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, қадірлі қалам­герлермен кездесу ұлттық құн­дылықтарымызды сақтау мен дәріптеу, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытуға қа­тысты мәселелер айтылатын тағылымды кездесуге айналды. Мұрат Әуезовше айтқанда, «Әр адам ұлттың тағдырына қарасты мәселеге жан-жүрегімен берілуі керек». Алматы төрінде өткен алқалы жиынның негізі мерейтой болғанымен, мазмұны ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталды» деп атап өтті.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, Ұлт­тық кітапхана директоры Бақытжамал Ос­панова мерейтой иесінің хал­қы­мыздың рухани дамуы, тари­хи-мәдени мұрамыздың сақ­талуы мен жаңғыруы жо­лын­дағы зор еңбегіне тоқталды.

Алқалы басқосуды «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының жетекшісі Ба­қыт Жағыпарұлы жүргізіп, ұлт мүддесі жолындағы кү­рес­кер тұлға Мұрат Мұх­тар­ұлына жылы лебіз білдіру­ге келген қауымға сөз кезегін ұсынды.

Қазақстанның және хал­қымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия ха­лық­тарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз еңбегі бүгінде жоғары баға­сын алып, көптеген жоба­ларға негіз болды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру­дағы, «Сорос-Қазақстан» қо­рының басшысы ретіндегі қайраткерлік бастамалары мен игі істері күні бүгін де жалғасын тауып келеді.

«Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысының ұйым­дас­тырушысы, «Жібек жо­лын­дағы сұхбаттар» халықаралық мәдени жобасының бастама­шысы ретіндегі және дип­ломатиядағы қызметі де Мұ­рат Мұхтарұлының бұл бағыттағы миссия­сын толығымен айшық­тап тұр. «Уа­қыт арқауы», «М.М.Әуе­зов». Телеэссе» те­ле­бағ­дар­ламаларының авторы және жүргізушісі ретіндегі және өз қаламынан туған «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождения к ко­лодцам времен», «Уй­ти чтобы вернуться», «Главпочтампт», «Ділім» еңбектері мен 200-ден астам мақаласы қазақ халқының дүниетанымын кеңейтуді мақсат еткен құнды еңбектер ретінде белгілі.

Алқалы жиын барысын­да «Мәдениеттерді жақын­дастыру халықаралық орта­лы­ғының» директоры Олжас Сүлейменов, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лау­реаты Смағұл Елубай, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Қана­пиянов, Халықаралық Д.Қо­наев қорының прези­ден­ті Эльдар Қонаев, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері Төрегелді Шарманов, Қазақ ПЕН клубының пре­зиденті Бигелді Ғабдуллин «Атамұра» корпорациясының президентi Рақымғали Құл-­Мұхаммед, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Қа­зақ­стан Жазушылар одағы төр­ағасының орынбасары Бақыт Беделхан, «Altyn Qyran Foundation» қоры Қам­қор­шылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері Мұрат Мұхтарұлының ұлт­тық мүдде жолындағы қыз­­­метіне ерекше тоқталып, ал­­дағы игі істеріне сәттілік тіледі.

Кездесу аясында Мұ­рат Әуезовтің қызметі мен шы­ғар­машылығына ар­налған «Өт­кірдің жүзі» кітап көрмесі ұйым­дас­тырылып, Қанат Әмір­­ханов «Жас-Тұлпар» ұйы­мы­ның әнұранын шырқады.

 

АЛМАТЫ