Үстіміздегі жылғы сәуірдің 14-і күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Құрманғали Уәли Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, кейбір әкімдіктер өңірлердің белгісін туға айналдырып, жиналыс өтетін залдардың төріне Мемлекеттік тумен қатар орнатып қойғанын сынға алған болатын. Атап айтқанда, депутат өз сауалында былай деген еді:
Жақында бірауыздан қабылдап, ел болып қуанып, қасиетті көк Туымызды көтергенімізге 18 жыл (4 маусым 1992 жылы қабылданды) толады.
Заңдағы “нышандары” деп дұрыс аталмаған атауынан 2007 жылы әрең құтылып, “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” деген нағыз атымен аталғанына да көп мезгіл бола қойған жоқ. Бірақ бүгінгі таңда көңілге түйткіл салып, бізді алаңдататын бір “дәстүр” пайда болып, бірте-бірте өріс алып бара жатыр.
Еліміздің Мемлекеттік туы міндетті түрде, ұдайы көтерілетін тәртібі “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” Заңмен белгіленген, толық тізімдері көрсетілген. Сонымен қатар ғимараттарда тұрақты тігілген Мемлекеттік туға тәуліктің қараңғы мезгілінде де жарық түсіп тұруға тиіс екендігі міндеттелген.
Алайда, қоғамдық бірлестіктердің және басқа ұйымдардың жалауы көтерілуіне заңмен шектеу қойылмаған. Соған еліктеушілік пе, комитеттердің, агенттіктердің, облыстардың, қалалардың ел Туымен жарыстырып ту көтере бастағанын қалай түсінуге болады?! Маңдайымызға армандап жүріп жеткен көк байрағымыз тар болып бара ма? Бас-басымызға ту тігіп, Мемлекетіміздің туымен жарыстыру сияқты жаман нышанға шектеу қойылмаса, бір күні бір пысығымыз ру-рудың туын көтеріп шықпасына кім кепіл?! Мұнымен көк Туымыздың күшін әлсіретпесек, күшейте алмаймыз. Қазақстанның Мемлекеттік туының қасында тек халықаралық кездесулер мен жарыстар өткен кезде өзге елдің туы тұруы тиіс.
Ал, әр ауданның, облыстың, қаланың белгісі (эмблема) басқа мәселе. Ол белгі ғана. Бүгінгі таңда кейбір өңірлердегі әкімдіктердің сол белгіні туға айналдырып, жиналыс өтетін залдардың төріне Мемлекеттік тумен қатар орнатып қойғанына куә болып жүрміз. Газеттерге де суреттері шығып жатыр. Біз дәл бұлай ететіндей федеративтік емес, унитарлы мемлекетпіз ғой.
Бұл көрген көзге де, көңілге де қонбайтын жаман нышан, ал нышан деген сөзден әрең құтылып, өзгеріс енгізгенімізге үш жыл толмай жатып, тағы да жаман нышанның төбесі көріне бастаған осы сияқты ретсіз әдетке шектеу қою керек деп ойлаймыз.
Жуырда Үкімет басшысынан осы депутаттық сауалға жауап келді. Онда былай делінеді:
“Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды дұрыс қолдануды бақылау барлық орталық және жергілікті атқару органдары қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады.
Мәдениет министрлігі Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның жұмысшы органы әрі осы бағыттағы өзге де мәселелерге жауапты орталық атқарушы орган ретінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру және бұл саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында іс-шаралар кешенін жүзеге асырып, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы қызметін үйлестіруде.
Атап айтқанда, Комиссияның жанынан Мәдениет, Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің жауапты қызметкерлерінен құрылған арнайы инспекциялық топ қызмет етеді. Олардың негізгі міндеті республика көлеміндегі мемлекеттік рәміздердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес қолданылуы мен пайдаланылуын бақылау болып табылады.
Инспекциялық топ Комиссия төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бекіткен 2009 жылғы 28 желтоқсандағы жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап оның кұрамы Ішкі істер министрлігінің мамандарын енгізу арқылы күшейтілді. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Бас прокуратураны да қатыстыру көзделуде. Осы жылдың басынан бері топ мүшелері Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында болып, бақылау жұмыстарын өткізді. Ал ағымдағы жылдың аяғына дейін Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына арнайы іссапарлар ұйымдастырылатын болады.
Соңғы екі жыл көлемінде жүргізілген тексерулер барысында инспекция мүшелерінің тарапынан мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолдануда бірқатар кемшіліктер анықталған. Мемлекеттік рәміздердің сапасыз дайындалуы, олардың түнгі уақытта жарықтандырылмауы, техникалық параметрлерінің белгіленген стандарттарға сәйкес келмеуі, мемлекеттік рәміздер бейнеленген өнімдердің арнайы лицензиясыз шығарылуы және т.б.
Кейбір мемлекеттік органдарда Мемлекеттік тудың қасына өз эмблемасы бар туларды орнатып, жұмыс бөлмелерінде немесе мәжіліс залдарында пайдаланған фактілер де орын алып келген. Мұндай кемшіліктер анықталған мемлекеттік органдардың басшылары атына тиісті ескертулер жасалып, осы мәселеге байланысты қорытынды ақпарат Комиссия төрағасына жолданып отырады.
Сондай-ақ, осы мәселелерге қатысты мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын Комиссияның кезекті отырыстарына шақырып, есебін тыңдау тәжірибесі енгізілген. Отырыста анықталған кемшіліктерді жою мәселесімен қатар, кемшілік жіберген мемлекеттік органда, сонымен қатар, оның жергілікті құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану мен қолдану саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстары мен жоспарлары қаралады.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен қатар, шет мемлекеттердің, коғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдар туларының бір мезгілде көтерілуіне тыйым салынбағанын атап өту жөн.
Сол себептен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының қасында тек халықаралық кездесулер мен жарыстар өткен кезде өзге елдердің тулары тұру жөнінде императивті норманы қабылдау көрсетілген Конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізу талап етіледі. Аталған мәселені Комиссияның қарауына енгізу жөнінде Мәдениет министрлігіне тапсырма берілді”.